Атырау, 18 желтоқсан 17:48
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -3
$ 524.66
€ 550.21
₽ 5.09

Атырау маңындағы газхимия кешені: кеше және бүгін

5 247 просмотра


ҚР президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ пен Borealis компаниясы басқармасының төрағасы Альфред ШТЕРННІҢ Атырау облысындағы газхимия кешені құрылысын талқылаған кездесуінен кейін осы тақырыпқа қызығушылық едәуір артты. Тұрғындар оның қандай кешен екенін және оның қайда салынып жатқанын, не  өндіретінін және өңір экологиясына қалай әсер ететінін сұрастыруда. «АЖ» бұл мәселенің түп төркінін анықтаған еді.

КІМДЕР ҚАТЫСАДЫ

Бастапқыда «Интеграцияланған газхимия кешені» жобасы ҚР Үкіметінің 2004 жылғы 29 қаңтардағы қаулысымен бекітілген «ҚР мұнайхимия өнеркәсібін дамытудың 2008-2013 жылдарға арналған бағдарламасы» шеңберінде әзірленген.

Қашаған және Теңіз мұнайгаз кен орындарынан алынған газды мұнайхимия өнімдерін шығаратын бастапқы шикізат ретінде пайдалану және осы өнімдерді кейіннен ішкі және экспорттық нарыққа сату жоспарланған.

2008 жылы жоба операторы - «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.» ЖШС («KPI Inc.» - Қазақстан Петрокемикал Индастриз Инк.)» құрылды. Бастапқыда «Біріккен химиялық компания» ЖШС (51%) мен «Алмэкс Плюс фирмасы» ЖШС (49%) қатысушылар болды.

«Біріккен химиялық компания» ЖШС-нің жалғыз қатысушысы - «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры», оның акционері - ҚР Үкіметі. ЖШС химия өнеркәсібіндегі инвестициялық жобаларды жүзеге асырумен айналысады, олардың бірі – осы АГХК жобасы.

Ал «Алмэкс Плюс фирмасы» ЖШС Қазақстандағы ең ірі холдингтік топ - Құлыбаевтар отбасына тиесілі «АЛМЭКС» Холдинг тобы» АҚ құрамына кіреді. 2018 жылдың сәуірінде бұқаралық ақпарат құралдарында «Алмэкс Плюс фирмасы» ЖШС «Біріккен химиялық компания» ЖШС пайдасына газхимия кешенінің құрылысы бойынша өз үлесін сатады деп жариялады. Нәтижесінде, қазір бұл компанияның жобадағы үлесі 99% (2018 жылдың 28 маусымында 99% қатысу үлесімен «Біріккен химиялық компания» ЖШС мен «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ арасында сенімгерлікпен басқару туралы келісімге қол қойылды).

Елена БУТЫРИНА, журналист, мұнай сарапшысы:
«Әлемдік үрдістерді ескерсек, болашақта мұнайгаз және химия саласы мұнай мен газдың негізгі тұтынушысы болады. Сондықтан, өндірілетін көмірсутегі шикізатын терең өңдеудің және жоғары құн қосылған өнімдер өндіруді жолға қоюдың Қазақстан үшін келешегі зор. Бүгінде бұл үшін жағдай жасалған: Атырау облысында салық және кедендік артықшылықтары бар арнайы аймақ құрылды; жобалау және құрылыс саласында халықаралық стандарттарды тікелей қолдану туралы мәселесі шешілді; зауыт инфрақұрылымының құрылысын қаржыландыру қамтамасыз етілді; кепілдендірілген шикізатты жеткізу туралы келісімдерге қол жеткізілді және т.б.
Егер мультипликативті әсер туралы айтатын болсақ, мұнайхимия өнімдерін өндіруге жұмсалған әрбір доллар ел экономикасына 2-3 доллар өсім береді, ал әрбір жаңа жұмыс орны сабақтас салаларда 7 жаңа жұмыс орнына дейін құруға мүмкіндік береді. Бұған жалақы көлемін, бюджетке жеке табыс салығы түрінде төленетін жылдық жарналарды, әлеуметтік салықты, әлеуметтік және зейнетақы жарналарын қосыңыз - нәтижесі әсерлі болуы тиіс».


ҚАНША ТҰРАДЫ

«Ұлттық индустриалды мұнайхимия технопаркі» арнайы экономикалық аймағында орналасатын кешен құрылысының жалпы құны - 915,6 млрд теңге, - деп хабарлады «Біріккен химиялық компания» ЖШС басқарма төрағасы Жеңіс ӨСЕРБАЙ 2017 жылдың желтоқсанында.

«Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.» ЖШС сайтында көрсетілгендей, кешен алаңы Атырау қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 33 км, Қарабатан станциясынан 8-9 км солтүстікке қарай орналасады. Учаске қолданыстағы теміржолға (9,2 км), автокөлік жолына (6,3 км), су құбырына, электр және құбыр желілеріне жақын жерде орналасқан.

Жоба екі сатыдан тұрады: полипропилен өндіретін зауыт пен полиэтилен өндіретін зауыт құрылысы.

Бірінші «Полипропилен» кезеңі - 2017 жылғы желтоқсанда Н.Назарбаевтың қатысуымен «Елдің жаңа индустриализациясы: қазақстандық барыстың қадамы» атты жалпыұлттық телекөпір барысында жарияланды. Осы кезеңде жылына 500 мың тонна полипропилен шығаруға арналған кәсіпорын салу жоспарланып отыр. Оның құны 2,6 млрд доллар, құрылыстың аяқталу мерзімі – 2021 жыл, ал зауыт 2023 жылы жобалық қуатына жетеді.

2018 жылдың наурыз айында ҚР Энергетика министрі Қанат БОЗЫМБАЕВ «China National Chemical Enginnering Co (ҚХР) компаниясы ЕРС-мердігер болып белгіленді, қарыздық қаржы тартылды (Қытайдың Даму Банкінен 20 жыл мерзімге жылдық 5,8%-бен 2 млрд доллар), жобаны шикізатпен қамтамасыз ету мәселесі шешілді. Биыл құрылыс жұмыстары, атап айтқанда, негізгі қондырғылар мен жалпы зауыт нысандарының іргетасын қалау жұмыстары басталады, сондай-ақ, ұзақ дайындалатын жабдыққа тапсырыс беріледі. Құрылыс кезеңінде 3000-ға дейін жұмыс орны ашылады», деп хабарлады.

Өндірілетін полипропиленнің шамамен 10-бөлігі ішкі нарыққа шығады. Қалған 90 пайызы Қытайға, Түркияға, Батыс және Орталық Еуропа елдеріне, ТМД елдеріне экспортталады. Бұл жобаны толық іске асыру мұнайхимия өнімдерін сату көлемін жылына 230 млрд теңгеге дейін жеткізуге мүмкіндік береді деп болжанып отыр. Ең маңыздысы - өндіріс іске қосылады (шағын және орта бизнес үшін өнімнің 50-ден астам түрі).

Полипропилен үлдірлер (әсіресе қаптамалар), ыдыстар, құбырлар, техникалық жабдықтардың бөліктері, үй тұрмысындағы заттар, тоқылмаған материалдар және т.б. өндіруге арналған материал, құрылыста «қалқыма еден» жүйелеріндегі қабатаралық жабындарда дірілді және шуды оқшаулауға арналған электрлік оқшаулағыш материал ретінде қолданылады.
Полиэтилен түрлі химиялық және қауіпті заттарды тасымалдауға және сақтауға қолданылатын пакеттер, үрленіп жасалған бөтелкелер, бөшкелер мен канистрлерді өндіруге, сондай-ақ құбырларды, қақпақтарды, легендерді, сусабын құтыларын, косметикалар, тазалағыш құралдарды, ламинатталған және көпқабатты үлдірлерді, әртүрлі орау материалдарын, мұздатылған тағамға, ыстық тағамдарға арналған сөмкелер дайындауға арналған.


БҮГІНДЕ ҚАЛАЙ

«АЖ» редакциясының сауалына «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.» ЖШС басқармасы төрағасының міндетін атқарушы Қайрат ОРАЗБАЕВТЫҢ қолы қойылған жауапта бүгінде жобаның белсенді жүзеге асырылып жатқаны хабарланған: «Жабдықтар мен материалдарға тапсырыстар орналастыру жұмыстары жүргізілуде. 45 нысанда қағылған қадаларды жайластыру жұмыстары аяқталды. Құрылыс алаңында ерітінді-бетон торабы іске қосылды. Іргетас құю жұмыстары басталды. Құрылыс алаңына жақын орналасқан 3000 орындық уақытша ауыл мен басқарушы кеңсе құрылысы аяқталды. Бұл жұмыстарды орындау үшін 1000-нан астам адам жұмылдырылды».

Оразбаевтың айтуынша, құрылыс кезеңінде 3000 жұмыс орны, ал кешен жұмыс істеп тұрған кезеңде 500-ден астам жұмыс орны ашылады деп болжанып отыр.

Құрылысты аяқтау және іске қосу-реттеу жұмыстарын бастау 2021 жылдың наурыз-мамыр айларына жоспарланған. Барлық сынақтардан кейін негізгі және қосалқы технологиялық объектілерді жоспарлы режимге кезең-кезеңмен шығару жүзеге асырылады. Кәсіпорын пайдалануға берілгеннен кейін, пропанды өңдеу нәтижесінде жылына 500 000 тонна полипропилен өндіріледі.

Borealis 1994 жылы құрылған - Еуропадағы көлемі жағынан сегізінші полиэтилен (PE) және полипропилен (PP) өндіруші. Оның пластмассалары тұтынушыларға тағам орауыш, медициналық құрылғылар, жөргектер, энергетикаға және байланысқа арналған кабельдер, су құбыры және кәріздік таратушы құбырлар мен автомобиль бөлшектері секілді өнімдерге айналады. Компанияның таза кірісі 2016 жылы 1,1 млрд еуро болды.
Borealis - Абу-Даби Mubadala халықаралық мұнай инвестициялық компаниясына (64%) және OMV (интеграцияланған халықаралық мұнайгаз компаниясы, Австрия - 36%) компанияларының бірлескен меншігіне тиесілі.
«Мубадала» - ашық акционерлік қоғам ретінде 2017 жылдың қаңтарында құрылған мемлекеттік холдингтік компания. Mubadala Development Company мен Халықаралық мұнай инвестициялық компаниясының бірігуі - Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Абу-Даби үкіметінің толық инвестициялық құралы.


Екінші кезең - жылына қуаты 1,24 млн тонна полиэтилен өндіретін нысан құрылысына келер болсақ, бұл мақсатқа 4,6 млрд доллар тартылады. Бұл цифрды Бозымбаев үкімет отырыстарының бірінде мәлімдеген еді.

Министрдің айтуынша, жобаны австриялық Borealis компаниясымен бірлесе отырып, әрқайсысы 50% үлеспен жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бұл компанияның басқарма төрағасымен қазіргі ҚР президенті кездескен болатын.

Наурыз айының соңында энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиев министрліктің инвестормен мемлекеттік қолдау мәселелері бойынша келіссөздер жүргізіп жатқанын айтты.

- «Инвестордың өте қомақты қаржыны салып, бұл жобаға 50 пайызбен кіруді қаламайтыны түсінікті. Олар мемлекеттік қолдау шараларын көргісі келеді», - деді Мырзағалиев.

Өткен жылдың сәуір айында Atameken Business Channel жазғандай, «Энергетика министрлігінде 25 сәуірде Абу-Дабиде Біріккен химиялық компания, арабтың Mubadala және австриялық Borealis компаниялары арасында бірлескен кәсіпорын құру туралы құжатқа қол қойылғаннан кейін араб серіктестерімен полиэтилен өндірісі кешенінің қуатын 1,25 миллион тоннаға дейін көбейтуді талқылайтынын мәлімдеді. Еуропадағы полимерлер өндірісінде көшбасшы ретінде танымал австриялық Borealis компаниясымен тығыз серіктес болуы арабтың Mubadala өкілдеріне деген сенім ұялатады. Дегенмен, өз бағасын білетін Borealis салық тұрақтылығын қамтамасыз ету, капиталды еркін экспорттау және шетелдік жұмыс күшін тарту бойынша ерекше шарттар туралы бірқатар талап қойды. Қазақстандық тарап бұл шарттарды қабылдады, ал энергетика министрлігі жан-жақты қолдау көрсетуге уәде берді. Екі жоба үшін де шикізатты жеткізу мәселесі шешілді. ТШО мұнай өндіру көлемін ұлғайту жөніндегі өз жоспарына нұқсан келтірмей, газды жеткізуге кепілдік береді. Мәселе мынада - Borealis ұсынатын технологиялар ілеспе газдан алынатын фракция ағындарын оңай басқаруға мүмкіндік береді. Бұл технологиялар пропан мен этанды оңай тұтады. «Өңделген» газдың қалған көлемі қабатқа кері айдау үшін Теңіз кенішіне қайтарылады».

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

10 сәуір 2019, 10:23

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.