Атырау, 29 қараша 02:51
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 513.00
€ 541.16
₽ 4.69

Атырау-Алматы: жарылыстар хроникасы

3 785 просмотра

Бас-аяғы бір жылдың ішінде жарылыс, атыс, террористерді жою әрекеттері үйреншікті құбылысқа айналды. Алайда Атырауда 2011 жылдың 31 қазанында облыстық әкімдік пен облыстық прокуратура ғимаратының жанында орын алған алғашқы жарылыстар, террористің өзін-өзі жарып жіберуі сұмдық әсер қалдырған болатын. Өткен жылы газетімізде жарық көрген жарияланымдар мен 2012 жылы 2 сәуірде осы жарылыстарға қатысы бар бес тұлғаға үкім шығарған сот материалдары бойынша оқиға барысын еске түсіруге тырыстық.

31.10.2011 ЖЫЛ. ТАҢЕРТЕҢГІ УАҚЫТ

Әуелі облыстық әкімдіктің жанында жарылды.2011 жылдың 31 қазанында таңертеңгі уақытта Атырауда араға аз ғана уақыт салып бірінен кейін бірі екі жарылыс орын алды. Біріншісі – облыстық әкімдік ғимаратының жанында (адамдар опат болған жоқ), екіншісі – Сарыарқа ықшамауданындағы көп қабатты үйдің бұрышында (нәтижесінде лаңкестің өзі қаза болды) болған еді. Кейіннен оның 1987 жылы туылған Атырау қаласының тұрғыны СҰЛТАНҒАЛИЕВ Бауыржан екендігі анықталды.

Кейін айыптылар орындығына бес жас жігіт отырды. Олар - САГЕНОВ Әлімжан, 1983 ж.т., УСАБЕКОВ Мейрамбек, 1986 ж.т., ҚАЛҚАМАНОВ Мирхат, 1988 ж.т., ЖОЛДАСОВ Әлібек, 1987 ж.т. және ЕМБАЕВ Әсет, 1990 ж.т.

Бесеуі де жергілікті тұрғындар. Жолдасов пен Ембаев тұтқындау кезінде Алматыдағы жоғарғы оқу орындарының студенттері болған. Ембаев сонымен қатар Алматы қаласындағы онкология және радиология ҒЗИ-да инженер көмекшісі болып жұмыс істеген.

 

ҚАБІЛЕТТІ ШӘКІРТ

Сот материалдарына сүйенсек, Сұлтанғалиев, Сагенов және Усабеков терактіні тікелей дайындап, жүзеге асырған. Сагенов Сұлтанғалиевпен және Қалқамановпен 2007 жылы танысыпты. Жастар діни тұрғыда достасып кеткен. Үшеуі де радикалдық көзқараста, қарулы жиһадтың сенімді жақтаушылары болған. Үкімнен үзінді: «Ол (Сұлтанғалиев) радикалдық діни көзқарастағы адамдарды іздеумен және оларды топ құрамына тартумен, қарулы жиһадты жүзеге асыру қажет екендігін көрсететін және терроризмді насихаттайтын материалдарды жинап, таратумен, жарылғыш заттар мен жарылыс құрылғыларын қолдан дайындау машықтарын топ мүшелеріне үйретуді және жетілдіруді ұйымдастырумен, терроризммен күресті жүзеге асыратын құқық қорғау және арнайы органдардың қызметкерлеріне қатысты мағлұматтар жинақтаумен айналысқан».

Болашақ лаңкестердің көзқарастарының қалыптасуына интернет материалдарының зор ықпал еткендігіне тергеу ісі сенімді болып отыр. Атап айтқанда, «ислам дінін ұстанатын адамдарға американдық және ресейлік мемлекеттер тарапынан қысым көрсету туралы бұрмаланған фактілерді көрсететін» деректі фильмді көргеннен кейін Қалқамановтың көршісі 25 жастағы Усабеков топ құрамына кіреді.      

Фильмге шабыттанған Усабеков интернетте орналасқан осыған ұқсас материалдармен өзі танысып, қарулы жиһад жасау үшін қажетті жарылғыш заттар мен жарылыс құрылғыларын қолдан дайындау әдістерін үйренуді қолға ала бастаған.

 

«ШЕБЕР ҚОЛДАР»ҮЙІРМЕСІ

Алғаш рет жарылыс құрылғысын Қалқаманов пен Усабеков сол 2009 жылы қаланың қақ ортасында – Стройконтора мен Восток ықшамауданының аралығында орналасқан көлікжайлар арасында сынап көрген. Ал жарылғыш заттар мен жарылыс құрылғыларын Смағұлов көшесінің бойындағы 56-үйдің шатырында дайындаған. Бірнеше күннен кейін Курилкиндегі иесіз саяжай учаскелерінде екінші сынақ өткізген. Өз машықтарын көрсету үшін Қалқаманов өзінің танысы, сол кезде Атырауда болған басқа бір террористік топтың мүшесі А.ШҰҒАЕВТЫ шақырыпты. Жарылғыш заттар мен жарылыс құрылғыларын қолдан дайындау жөніндегі интернеттегі егжей-тегжей жазылған нұсқаунаманы басшылыққа алып, жарылыс құрылғысын Усабековтың өзі дайындаған.

Жаңа мүшенің қабілетін топтағылар бағалап, 2009 жылдың тамызында оны Стройконторада орналасқан көлікжайға шақырады. Бұл жерде Сагенов пен Сұлтанғалиев автокондиционерлерді жөндеумен айналысады екен. Көлікжайда Усабеков олармен бірнеше «шеберлік сыныптарын» өткізіп, толық нұсқаунама жазылған флэш-картаны береді. Келесі күні Сұлтанғалиев, Қалқаманов, Сагенов пен Усабеков тұрқы шыны бөтелкеден жасалған жарылыс құрылғысын дайындап, оны Сарықамыс ықшамауданындағы алаңқайға әкеліп, сынап көреді. Келесі сынақты 2009 жылы желтоқсанның аяғында сол Сарықамыс ықшамауданындағы елсіз жерде байқап көреді.

Бомбаны 2010 жылдың наурыз айының ортасында соңғы сынақтан өткізген. Олар «Daewoo Nexia» көлігімен шығып, Сарыөзек маңындағы елсіз жерге барады. Рөлде олардың танысы Шұғаев отырған. Сынақ Шұғаевтың және онымен бірге келген ортақ таныстары ӘМІРҒАЛИЕВТІҢ қатысуымен өтеді. Бұл екеуі басқа террористік топтың мүшелері боп табылады және олар 2011 жылдың тамызында терроризмге қатысы бар деп күдіктелген ондаған басқа тұлғалардың қатарында қамауға алынған.

 

САРБАЗДАР ҚАТАРЫНДА

Сұлтанғалиевтың тобы ұйымдастыру тұрғысында дербес болғанымен, оның мүшелері Атырау қаласындағы басқа топтардың құрамындағы көптеген «бауырларымен» таныс болған. Алайда 2011 жылдың тамызындағы жаппай ұстаудан кейін қамалудан қауіптенген Сұлтанғалиев, Сагенов және Усабеков Skype арқылы Пәкістан аумағындағы әскери қимылдарға қатысқан «Джунд-әл-Халифат» («Халифат сарбаздары») тобының басшыларының бірі Дамир ЗНАЛИЕВПЕН байланысқа шығады. Олар Атырауда қалыптасқан ахуалды талқылап, әскери қимылдарға қатысу үшін өздерінің Пәкістанға аттану ниеттерін білдіреді.

Алайда Зналиев ҚР аумағында қарулы жиһад жасау қажет деп оларды көндіріп, «Джунд-әл-Халифат» тобының құрамына кіріп, оның тапсырмасын орындауға ұсыныс жасайды. Сұлтанғалиев жолдастарымен бірге келісім береді.

 

АЛМАТЫҒА АТТАНУ

Зналиевтен алғашқы тапсырма 2011 жылдың қыркүйегінде келіп түседі. Сұлтанғалиевтың, Сагеновтың және Усабековтың ұсталып қалуынан қауіптенген оның өзі олармен Skype арқылы байланысқа шығып, атыраулық құқық қорғау органдарынан бой тасалау үшін оларға Алматыға келуді тапсырады. Алайда басты мақсат сол жерде теракт жасау болатын.

2011 жылдың 11 қыркүйегінде үштік Алматыға барады. Зналиевпен үнемі Skype арқылы байланысып отырады. Олар барғаннан кейін келесі күні жарылыс құрылғысын дайындауға тапсырма береді. Сатып алынған компоненттердің тізімі арасында қашықтықтан басқару тетігі бар «Hummer» ойыншық машинасы да болған. Балалар ойыншығы детонация құралы ретінде пайдаланылуы тиіс болған. Жарылғыш компоненттері мен құрылғылар 2011 жылдың 12 қыркүйегінен 2 қазанына дейінгі аралықта олар жалға алған түрлі пәтерлерде дайындалған.

 

ҚОҚАН-ЛОҚҚЫ

2011 жылдың 27 қыркүйегінде «Джунд-әл-Халифат» террористік тобы жетекшілерінің бірі Р.ХАБИДОЛЛА Атырау облысы әкімі аппаратының электронды мекен-жайына электронды хат жолдайды. Өз жолдауында ол Атырауда 2011 жылғы тамыздың аяғында ұсталған пікірлестерін босатуды талап етіп, «өздерінің талаптары орындалмаған жағдайда шаралар аламыз» деп қоқан-лоққы жасайды. Шамасы, «Сарбаздар» өздерінің қоқан-лоққысын дәлелдей алатындықтарына сенімді болған секілді. Өйткені олардың тапсырмасы бойынша достарымен бірге теракт жасауға дайын отырған Сұлтанғалиев сәтті кезіге кеткен еді.

1 қазанда атыраулық үш дос Зналиевтен теракт өткізетін жер көрсетілген сызбаны алады. Ол Алматыдағы Әйтеке би көшесінің бойында орналасқан ҚР Сыртқы істер министрлігінің консулдық қызметінің әкімшілік ғимаратына іргелес жатқан аумақ боп шықты. Алдын-ала тексеру жұмыстарынан кейін үштік жарылыс құрылғысын орнататын жерді белгілейді. Келесі күні Пушкин көшесінің бойынан жалға алған пәтерде болған олар теракт жасау үшін дайындалған, тұрқы пластмасса бидоннан жасалған жарылыс құрылғысының көрінісін бейнекамераға жазып алып, тапсырманы орындауға дайын екендігін растау үшін көріністі интернет арқылы Зналиевке жолдамақ болады.

 

ТАҒДЫР АУЛА ТАЗАЛАУШЫНЫ...

3 қазанда шамамен таңғы сағат 5.30-да Сұлтанғалиев пен Сагенов жарылыс құрылғысын жоспарланған жерге әкеліп, оны ҚР Ұлттық банкінің қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын бақылау мен қадағалау жөніндегі комитет ғимаратының бұрышында, яғни ҚР СІМ консулдық қызметі ғимаратына жақын маңда өсіп тұрған шыршаның түбіне қалдырып кетеді. Содан кейін жалға алған пәтерлеріне оралады.

Сол күні, шамамен таңғы 6.30-да Ұлттық банктің аула тазалаушысы аумақты тазалап жүріп, жарылыс құрылғысын кездейсоқ тауып алып, оны ҚР СІМ консулдық қызметі ғимаратының артқы жағында – табылған жерден 70 метрдей жерде орналасқан қоқыс контейнеріне лақтырып тастайды. Аула тазалаушының куәлік жауаптары бойынша, шырша түбінде сары түсті көбікті сұйықтық құйылған бес литрлік пластик ыдыс салынған жолдорба жатқан. Одан бірнеше сым шығып тұрған. Жолдорба, шамасы, қоқыс контейнеріне оны лақтырып тастаған аула тазалаушының еш күмәнін тудырмаған секілді.

Жоспар бойынша, жарылысты Усабеков жасауға тиіс болыпты. Бірақ ол жарылыс орнында бөгде адамдар болуы мүмкін деп есептеп, тапсырманы орындаудан бас тартады. Сол кезде топ басшысы бәрін өз қолына алады. Шамамен таңертеңгі сағат 9-да Сұлтанғалиев ҚР СІМ консулдық қызметі департаментінің ғимараты маңына жарылыс механизмін қашықтан іске қосу үшін қайта келеді. Алайда бомба өте алыста болғандықтан құрылғы іске қосылмай қалады.

Теракт аяқталғаннан кейін үштік Атырауға келуге тиіс еді. Сондықтан Сұлтанғалиев, келіскендей, «Алматы-2» теміржол стансасына келеді. Ол жерде оны Сагенов пен Усабеков күтіп тұрады. Вокзалда оларға басқару тетігінің түймесін басқанымен жарылыстың болмай қалғанын хабарлайды. Кешікпей үшеуі «Алматы-Атырау» пойызына отырып кетеді.

 

СОДАН СОҢ ПӘТЕР ҚОЖАЙЫНЫН КЕЗІКТІРДІ

Алайда кешкісін «Джунд-әл-Халифаттан» кезекті бұйрық алған олар Жамбыл облысының Шу стансасынан түсіп қалып, таксимен Алматыға қайта оралады.

2011 жылдың 5 немесе 6 қазанында Зналиев оларға ІІМ маңында жарылыс жасауға команда береді, бірақ олардан министрліктердің бәрі Астанада екенін білген соң, ішкі істер органдары жүйесіне тиесілі нысанды өздерің таңдаңдар дейді. Бастапқыда атыраулық үштік Жетісу аудандық ішкі істер басқармасының ғимаратын жаруды ұйғарады. Бірақ кейін Қарасай батыр көшесіндегі Алмалы басқармасына тоқтайды.

Алайда кенеттен олар жалға алған пәтерге қожайын әйелдің күйеуі төлемақы алу үшін келіп қалады. Аяқ астынан пәтер қожайынының келуі Сұлтанғалиевтың күдігін тудырады. Атыраулық меймандар жарылғыш заттардың дайындалған компоненттерін унитазға құйып жіберіп, бомбаның бөлшектерін Баум тоғайына апарып, көміп тастайды. Осыдан кейін бірден пойызбен Атырауға кетіп қалады.

 

ТАҒЫ БІР ҚОҚАН-ЛОҚҚЫ

Сол кезде, 21 қазанда «Джунд-әл-Халифат» тобының басшылары YouTube-ке «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» ҚР Заңын жоюды талап еткен танымал бейнежолдауды орналастырып, Қазақстан үкіметіне тағы да теракт жасауға қоқан-лоққы көрсетеді.  

Бір аптадан соң Зналиев қайтадан скайп арқылы қаскүнемдік әрекеттері сәтсіздікке ұшырап, Атырауға оралған Сагеновпен, Усабековпен және Сұлтанғалиевпен байланысқа шығып, жаңа тапсырма береді. Енді олар Атырау облысы әкімдігі мен облыстық прокуратура ғимараттары жанында жарылыс жасаулары тиіс болады.

 

ЖОСПАР

Бірнеше күн ішінде үштік Сұлтанғалиевтың жалдап жатқан пәтерінде (Авангардтағы 4-ықшамауданда орналасқан бес қабатты үйлердің бірі) 5 жарылыс құрылғысын дайындайды. Қуаттылығы жоғары екеуі – облыстық әкімдік пен прокуратура маңындағы жарылыстарға, қалған қуаттылығы төмен үшеуі – оларды ұстаған жағдайда терактіге қатысушылардың әрқайсысы өздерін жарып жіберуге арналған. Жарылыс құрылғысының барлығы Сұлтанғалиевта сақталған.

Облыстық әкімдік пен прокуратураға іргелес жатқан аумақты алдын-ала барлағаннан кейін лаңкесшілер теракт жасалатын жерді белгілеп, жоспар жасаған.

Екі жарылыс та 31 қазан күні таңертеңгі сағат 9-да орын алуы тиіс еді. Олардың рөлі былай бөлінген: Сагенов Усабековке облыстық әкімдік ғимаратының алдына орнату үшін қуаттылығы жоғары бір жарылғыш құрылғысын әкелуі тиіс. Сұлтанғалиев облыстық прокуратура ғимаратының алдына қуаттылығы жоғары екінші жарылыс құрылғысын әкеліп, орнатуы тиіс. Жарылыс құрылғыларын орнату кезінде Усабеков пен Сұлтанғалиев коммуналдық қызметкерлердің арнайы ашық-жасыл кеудешелерін киюі тиіс. Бұдан кейін Сагенов әрбір жарылыс құрылғысының ішіне орнатылған ұялы телефондардың абоненттік нөмірлеріне қоңырау шалып, екі жарылғыш құрылғысын іске қосуы тиіс.

 

ПОЗИЦИЯҒА ШЫҒУ

Сұлтанғалиев жарылыстан ажал құшқан жер.31 қазанда шамамен түнгі сағат 3-те Усабеков бомбаларды жаруға дайындап, өзімен бірге (өзін жаратындай жағдай бола қалғанда) біреуін ала кетіп, велосипедпен үйіне кетіп қалады. Шамамен таңертеңгі сағат 8.20-да ол өзімен бірге (өзі үшін) қуаты төмен жарылыс құрылғысын алып шығып, Абай көшесінде орналасқан №10 үйдің подъезіне келеді. Сол жерде Сагеновты күтіп тұрады. Сол уақытта Сагенов шамамен сағат 8.15-те өз пәтерінен шығып, Сұлтанғалиевтың пәтеріне келеді. Қуаттылығы жоғары және аз екі жарылыс құрылғысын алып, өзін Усабеков күтіп тұрған подъезге әкеледі. Ол Усабековке жоғары қуаттылықтағы құрылғыны береді де, өзі «Іскер» бизнес-орталығының ғимаратына кетеді. Бұл ғимарат облыстық әкімдік пен прокуратураның дәл ортасында орналасқан. Сол жерде жарылыс құрылғыларындағы телефондарға қоңырау шалу үшін екі серігінің белгіленген жерлерге жарылыс құрылғыларын орнатуын күтіп тұрады.

 

АЛҒАШҚЫ ЖАРЫЛЫС

Коммуналдық қызмет қызметкерінің ашық жасыл түсті кеудешесін киген Сұлтанғалиев облыстық прокуратура ғимаратына келеді. Өзімен бірге (жоғары және аз қуаттылықтағы) екі жарылыс құрылғысы болады. Шамамен сағат 9.27-де ол прокуратура маңына қуаттылығы жоғары құрылғыны орнатады.

Өз кезегінде Усабеков те ашық жасыл түсті кеудешені киіп, облыстық әкімдік ғимаратының жанындағы қоқыс контейнеріне жарылғыш құрылғысын орнатады. Содан кейін өзімен бірге қуаттылығы төмен екінші жарылыс құрылғысын алып, салынып жатқан «Нұрсая» ықшамауданындағы өзі бейресми түрде сантехник боп табыс тауып жүрген мұнай-газ өнеркәсібі үшін кадрлар дайындайтын Аймақаралық кәсіби-техникалық орталық ғимаратына кетеді.

Шамамен сағат 9.43-те Сагенов облыстық әкімдік ғимаратының жанына Усабеков қалдырып кеткен жарылыс құрылғысының ішінде детонация құралы ретінде орнатылған ұялы телефонға қоңырау соғады. Құрылғы жарылғанымен, бағымызға қарай, құрбандықтар болған жоқ.

 

ЕКІНШІ ЖАРЫЛЫСТЫҢ ҚҰПИЯСЫ

Екінші жарылыс ойға алғандай іске аспай қалды. Тергеу жорамалы бойынша, Сұлтанғалиев «белгісіз себеппен» сағат 9.44-те облыстық прокуратура ғимаратының маңында қалдырған жарылыс құрылғысын алып кетіп, Сарыарқа ықшамауданындағы №30 тұрғын үйдің солтүстік-батыс бұрышының маңында «қуаттылығы жоғары және төмен екі жарылыс құрылғысын бір уақытта жарып жіберген». Оның денесі бөлшектеліп шашылып қалған.

Ал Сагеновтың мойындау жауабынан келесі жайттар белгілі болды. Ол «Іскердің» жанында тұрған, содан кейін шамамен сағат 9.15-те таксиге отырып, облыстық прокуратура ғимаратының жанынан өтіп бара жатқанда жарылыс құрылғысы салынған шелектің қалалық және облыстық прокуратура ғимараттарының арасындағы кірпіш дуалдың қасында тұрғанын көреді. Бомбаның бар екендігіне осылай көз жеткізген ол бизнес-орталықтың ғимаратына таксимен қайтып келіп, Усабековтың облыстық әкімдік ғимаратының маңына жарылыс құрылғысын қашан орнататынын күтіп тұрады. Шамамен сағат 9.43-те ол жарылыс құрылғысының ішіндегі телефонның абоненттік нөмірін тергенде, сол сәт облыстық әкімдік ғимаратының қасында жарылыс орын алады. Содан кейін қайтадан такси ұстап алып, орталық мешіт жаққа бағыт алып, әрі қарай «Көктем» базары жаққа қарай жол тартады. Жол бойында ұялы телефонын ажыратып тастап, содан кейін қайтадан қосып, прокуратура жанындағы екінші жарылыс құрылғысындағы телефонның абоненттік нөмірін тереді. Сол мезет жарылыс дауысын естиді. Тергеу мәліметтері бойынша,  бұл сағат 9.47-де орын алған. Кейінірек Сагеновке жарылыс кезінде Сұлтанғалиевтың жарылып кетіп, қаза болғаны белгілі болады. Жарылыс құрылғысының қалайша оның бойында болғаны Сагеновке беймәлім, өйткені оның растауынша, сағат 9.15-те облыстық прокуратура қоршауының маңынан жарылыс құрылғысын өз көзімен көрген. Кейін (өзін-өзі жару қажет бола қалатын жағдай үшін өзімен бірге алып жүрген) кішкентай бомбадан құтылып, оны бөлшектеп, Жайыққа ағызып жіберген.

Жарылыс кезінде бомбаның неліктен Сұлтанғаливтың бойында болғанын ешқашан біле алмайтын болармыз.

…Сагеновтың жауабында бір қайшылық бар. Ол «шамамен 9.30-да» алғашқы бомбаны іске қосқанын растап отыр. Бірнеше минуттан кейін таксиде отырған кезде екіншісін жарған, бірақ екінші жарылыстың нақты уақытын белгілемеген. Тергеу тіркеген бірінші жарылыстың нақты уақыты – сағат 9.43. Бұдан Сагенов операция басталар алдында сағатын сыбайластарының сағаттарымен салыстырмаған болар, мүмкін оның сағаты Сұлтанғалиевтың сағатынан 13 минутқа қалыс қалған шығар деп жорамалдауға болады. Бәлкім, Сұлтанғалиев жарылыстың кешігу себебін түсіне алмай, бомбаның дұрыстығын тексеру үшін оны қойылған жерден алып кеткен болар?

 

ОНЫҢ БОЙЫНДА ЕКІ БОМБА БОЛДЫ

Сот-медициналық сараптама қорытындысынан: «Б.Қ. Сұлтанғалиевтың өлімі жарылыс құрылғысының жарылуы кезінде бір сәтте  өмірмен сәйкес келмейтін зақымдардың: денелерінің түгелдей бөлшектеліп, ішінара жұлынып, үзіліп және ішкі органдарының, жұлынының, кеуде бөлігі, сол жақ қолы мен екі аяғының жоқ болуының және т.б. салдарынан орын алған».

Сұлтанғалиевтың қаза болу себебі туралы сот жарылғыш-техникалық сараптамасының қорытындысынан:«Бірі фугас типіндегі, екіншісі тірі нысананы жарқыншақты-фугасты зақымдауға арналған екі жарылыс құрылғысының жарылу мүмкіндігін жоққа шығаруға болмайды. Атырау қаласының Сарыарқа ықшамауданындағы 30-үйдің маңында жарылған жарылғыш зат қуатының массасы тротил баламасымен есептегенде 6,53-тен 8,89 келіге дейінгі шамада болған деп белгіленді».

Облыстық әкімдік ғимаратының жанында іске қосылған жарылыс құрылғысының қуаттылығы тротил баламасымен 9,72 келі деп белгіленген.

1 қарашада террористік «Джунд-әл-Халифат» тобының жетекшілері Атырау қаласындағы қазан айында жасалған терроризм актілерін өз мойындарына алатындықтары туралы Интернетке өз мәлімдемелерін орналастырған еді.

 

СТУДЕНТТЕРГЕ АРНАЛҒАН ТАПСЫРМА

Қарашаның басында құқық қорғау органдарынан бой тасалау үшін Сагеновке қол ұшын беруді ұйғарған Зналиев интернет арқылы Жолдасовпен және Ембаевпен хабарласады. Іс материалдарына қарағанда, екеуін де Зналиев бұрын «Джунд-әл-Халифат» тобына тартқан екен. Бұл екеуі Зналиевтің нұсқауы бойынша Сагеновке жасырынуға көмектесулері тиіс болады. Жолдасов пен Ембаев Атырау облысы Исатай ауданындағы Аққыстау поселкесінің Есенберді есімді тұрғынымен телефон арқылы хабарласып, Сагеновтың терактіні жасауға қатысы бар екенін айтпай, оны қаладан Аққыстау поселкесіне алып кетуді өтінеді. Есенберді жүргізген көлікпен Сагеновты қаладан алып кетпек болған кезде оны құқық қорғау органдарының қызметкерлері құрықтайды.

 
ЖАБЫҚ СОТ

Жарылыстар туралы сот жабық режимде өтті. 2012 жылдың 2 сәуірінде №2 қалалық соттың үкімімен Ә.Сагенов пен М.Усабеков жалпы режимдегі түзету колониясында 11 жылға бас бостандықтарынан айыру жазасын алды. М.Қалқамановқа 7,5 жылға, А.Жолдасов пен А.Ембаевқа 6 жылға жалпы режимдегі түзету колониясында жазасын өтеуге үкім шығарды.  

Бесеуі де ҚР Қылмыстық кодексінің 233-бабының («Терроризм») бірнеше тармақтары (жарылыс құрылғыларын даярлау, террористік топқа қатысу, террористік акт жасау)  бойынша сотталды.

Сотта Усабеков соттан өзінің жазасын жеңілдетуді өтініп, өз өкінішін «Террористің тәубесі» деп аталатын өлең жолдарымен білдірді.

Қалқамановқа келер болсақ, 2011 жылы отбасымен бірге Алматыға көшіп кеткеннен кейін ол өзінің ескі достарымен хабарласуды тоқтатыпты. Ол өздігімен жарылыс заттары мен жарылыс құрылғысын дайындамағандықтан, соттан өзіне тағылған айыптар бойынша ақтауды өтінді. Алайда сот төрелігі қатаң болды.

Сәуле ТАСБОЛАТОВА

Суреттер "АЖ" мұрағатынан алынды

26 қыркүйек 2012, 09:20

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.