Атырау, 18 желтоқсан 17:51
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -3
$ 524.66
€ 550.21
₽ 5.09

Салық жеңілдеді – инвесторлар қайраңға оралуда

3 777 просмотра


«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ, «ЛУКОЙЛ» ЖАҚ және ҚР Энергетика министрлігі Каспий теңізінің қазақстандық секторында орналасқан Жеңіс учаскесінен көмірсутек шикізаттарын барлау және өндіру туралы келісімшарт жасады. Бұған дейін қазақстандық және ресейлік компаниялар осы жоба бойынша бірлескен қызмет және қаржыландыру туралы келісімге қол қойған болатын.

Жоба операторы - «Жеңіс Оперейтинг» ЖШС (ҚМГ бірлескен кәсіпорны – 50% және ЛУКОЙЛ – 50%). Қол қойылған келісімшартқа сәйкес негізгі минималды міндеттемелер - бір барлау ұңғымасын бұрғылау және 3D сейсмобарлау жұмыстарын жүргізу.

Бұдан бұрын инвестициялардың 270 млн доллар екені (екі кезеңде 60 және 210 млн доллар) хабарланған болатын. Сарапшылардың пікірінше, салық жүктемесі төмен болған жағдайда, шағын кен ашылса да, өндіріс тиімді болуы мүмкін.

«Коммерсанть» басылымы жазғандай, «ЛУКОЙЛ»-дың «Ресей Федерациясымен шекарада» орналасқан қазақстандық теңіз қайраңындағы Жеңіс және I-P-2 блоктарын зерттеп жатқаны туралы мұнай компаниясының басшысы Алекперов өткен жылдың басында хабарлаған. Компания қайраңдағы жұмыстар үшін қазақстандық салық заңнамасының 2018 жылдан бастап жеңілдетілуіне байланысты теңіз учаскелеріне қызығушылық танытып отыр. Ол «күрделі салынған кеніштерде жақсы мөлшердегі табысқа ие болуға мүмкіндік береді». Енді тарихи шығындарды өтеу төлемі, пайдалы қазбаларды өндіру салығы және үстеме табыстар салығының орнына мұнай бағасының құбылмалылығын ескеретін икемді мөлшерлемедегі баламалы салық қолданыста болады. Бір баррельге 50 доллардан төмен баға бойынша салық нөлге тең болады, әрі қарай ол бір баррель үшін 90 доллар немесе одан жоғары баға бойынша әрі кеткенде 30%-ға дейін өседі.

Ғасыр басында көптеген халықаралық инвесторлар мұнай бағасының көтерілуіне және ірі кеніштер ашылады деген болжамға байланысты Каспий қайраңының қазақстандық бөлігіне қызығушылық танытқан еді. Алайда 2011 жылы өзгеріс болып, барлау жұмыстарының нәтижесі сәтсіз болды: атап айтқанда, Құрманғазыдағы «Роснефть» сияқты, ЛУКОЙЛ Аташ және Түпқараған учаскелерінде «құрғақ» ұңғымаларды бұрғылады. Бұдан басқа, мұнай бағасының үдемелі кезінде Қазақстан үкіметі өзінің салық саясатын түбегейлі қайта қарады. Жаңа жобалар бойынша ӨБК жасаудан бас тартып, оларды стандартты салық режимінің аясында жүргізу туралы шешім қабылданды. Нәтижесінде 2012 жылдың көктемінде Total компаниясы Жеңіс блогынан бас тартып, содан соң Eni, ConocoPhillips және Statoil да бұл жобадан шықты. Алайда енді Қазақстан билігі, инвесторлардың қызығушылығын қайтарып, қайраң жобалары үшін салық шарттарын жақсартты.

Дайындаған Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА 

4 сәуір 2019, 17:47

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.