ҚР ҰҚК Шекара қызметінің директоры
міндетін уақытша атқарушы
полковник Т. М. СТАМБЕКОВКЕ
Астана қаласы, Желтоқсан көшесі, 48
Құрметті Тұрғанбек Мұхаметқалиұлы!
ҚР Бас прокуратурасы мен экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыспен күрес агенттігінің (қаржы полициясы) басшылары үстіміздегі жылдың 31 тамызында Атырау қаласына келген кезде біздің тілшілеріміздің Атырау облысының бұрынғы әкімі Б. Рысқалиевтың қай жерде екендігі туралы қойған сұрақтарына нақты жауап бере алмауына байланысты Сізден төмендегі сауалдарға жауап беруіңізді өтініп сұраймыз:
1. 2012 жылдың 15 тамызынан бастап бүгінгі күнге дейін Қазақстан Республикасының азаматтары Бергей Сәулебайұлы Рысқалиев пен Аманжан Сәулебайұлы Рысқалидың құжаттарына шекара қызметінің қызметкерлері тексеру жүргізді ме? Егер тексеру жүргізілсе – бұл қашан және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасының қандай бақылау-өткізу пунктінде жүзеге асырылған?
2. Аталмыш азаматтар Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерге шыққан жағдайда, олардың құжаттарына соңғы тексеру жүргізілген кезде, олардың (тиісінше бұрынғы облыс әкімі мен ҚР Парламенті депутатының) мемлекеттік құпияны сақтаушылар ретінде шетелге шығуға берілген рұқсаттары болған ба?
3. Аталмыш азаматтар Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерге шыққан жағдайда, олардың құжаттарына соңғы тексеру жүргізілген кезде, олар біздің Мемлекеттік шекарадан төлқұжаттық бақылаудан өткеннен кейін қандай мемлекеттің шекарасына және қандай визалық режимде өтуге тиіс еді?
Құрметті Тұрғанбек Мұхаметқалиұлы! Қазіргі ақпараттық технология мен Шекаралық қызметтің ақпараттық дерекқоры арқасында Сізге таяу күндерде осынау қарапайым сұрақтарға, қағазға жазылған сауалды күтпестен (бұл хат электронды поштамен де жіберілді), жауап беру қиынға түспейтіндігіне сенімдіміз.
«Ақ Жайық» газетінің редакциясы, Атырау қаласы
22 қыркүйек 2012 жыл