2 сәуірде Атырауда мүмкіндіктері шектеулі балаларға арналған «Венера» инклюзивтік шеберханасы ашылды. Бұл күн кездейсоқ таңдалған жоқ, өйткені 2 сәуір – жұртшылықтың назарын осы мәселеге аударуға бағытталған Бүкіләлемдік аутизм мәселесі туралы ақпарат тарату күні.
ТШО мен Орталық Азияның Еуразия қорының «Жарқыра» жобасынан ұтқан грант арқылы құрылған шеберхана аутизмге, балалардың церебралдық сал ауруына, Даун синдромына шалдыққан және басқа да даму ерекшеліктері бар балалармен жұмыс істеуге бағытталған.
Алайда, орталық директоры Гүлбарам ЕРМҰХАНОВАНЫҢ айтуынша, бұл жерде тек грант қана жұмсалмаған, көпшілік болып ақша жинап, қайырымдылық акциялары, жәрмеңкелер өткізілген.
- Мен өзім ерекше баланың анасымын, - дейді Гүлбарам. – Оны балабақшаға да, мектепке де алмады. Сосын тек оған ғана емес, басқа да балаларға мүмкіндік беру үшін осы жұмысты қолға алдым. Мен жалғыз емеспін, жанымда мен сияқты аналар бар. Үнемі бір-бірімізге қолдау көрсетіп, қол ұшын беріп тұрамыз.
Оның айтуынша, орталық 5-15 жас аралығындағы 20-25 балаға арналған. Олармен логопед-дефектолог, арт-терапия мен логоритмика педагогтары, тьютер (жеке оқыту бағдарламалары жөніндегі маман) мамандары айналысады. Өз денесі туралы түсінігін дамыту, сенсорлық тәжірибе тапшылығын толтыру үшін сенсорлық-динамикалық интеграция залы ашылған, бейімделме дене тәрбиесі залы жарақталды.
Профильді мамандардан бөлек орталықта баланың жеке қабілетіне қарай оны қоршаған ортаны өздігімен меңгеруге даярлайтын бірнеше АВА-терапия кабинеттері жұмыс жасайды. Педагогтар мен мамандардан басқа балаларға Атырау педагогикалық колледжінің студент-еріктілері көмектеседі.
24 жылдық өтілі бар Айман НҰРМҰХАНОВА гимназиядағы ұстаздық жұмысымен қатар орталықтағы ерекше балаларды оқытумен айналысады.
- Екінші балам Дамир басқа балалар секілді өсіп келе жатты. Бірақ екі жарым жасында операция жасалып, АКДС екпесі салынғаннан кейін аутизм белгілері пайда болып, сөйлей алмай қалды. Ал оған дейін балабақшаға барып жүрді, екі тілде сөйлейтін еді. Мен сенген жоқпын, сенгім келмеді, бірақ өз-өзімді қолға алып, ол үшін қолымнан келгеннің бәрін жасай бастадым, - дейді Айман.
Оған үлкен ұлы көмектеседі, інісінің тьюторы, онымен ойнайды, үнемі жанында болады. Ерекше балаларға осындай әдістемемен жұмыс жасау олардың қоғамға бейімделуіне көмектеседі екен.
- Қазір көзімізге қарайды, оң өзгерістер бар, онымен пекстермен – аутистерге арналған арнайы карта арқылы түсінісеміз, - дейді Айман.
ПЕКС – балаларды өтінішін, түсініктерін және сипаттау үшін картинкаларды қолдануды, ақыр соңында сөйлеуді үйрететін жүйе. Ауызекі тілді дамытуға мүмкіндік беретін үлгіде сөздердің орнына суреттер қолданылады.
8 жасар Имранның анасы – жобаны Гүлбараммен бірге бастаған аналардың бірі. Оның да ұлын мектепке қабылдамаған.
- Қазір сөйлей аламыз, бұрын 1-2 сөз айтса, қазір сөз тіркестерін айта алады. Бұл үлкен жетістік. Сыртқа жиі шығып, серуендейміз, сауда орталықтарына барамыз. Осындай ерекше балалар үйреніп, бейімделуі үшін әдейілеп адамдар көп шоғырланған жерлерде тамақтанамыз. Бала мен қоғам арасында байланыс осылай орнайды. Екінші ұлым Ибраһим ағасына көмектеседі, оның тьютері. Қаламызда осындай орталықтың ашылғанына өте қуаныштымын.
Орталықтың ашылуына қатысқан облыс әкімі Нұрлан НОҒАЕВ бүгінде мүмкіндіктері шектеулі балаларды әлеуметтік дамыту анағұрлым өзекті мәселелердің бірі екенін атап өтті:
- Сіздер осы балалардың, ата-аналарының бүкіл проблемаларын, оларға қалай көмектесу керектігін жақсы білесіздер. Біз өз тарапымыздан осындай орталықтарды ашу үшін бар күшімізді салуға әзірміз. Орталықтар қажет. Қазір аудандарда да осындай орталықтар ашу туралы мәселесі тұр.
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА
Суреттерді түсірген автор