Атырау, 29 қараша 02:41
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 513.00
€ 541.16
₽ 4.69

Боксшылар отбасы

2 972 просмотра

Бокс дегенде ішкен асын жерге қоятын жаттықтырушылар Болат Сағиданұлы мен Әлібек Болатұлы КӨШЕНОВТЕРДІҢ отбасы секілді былғары қолғап шеберлерінің кәсібіне тәнтіміз. Спорттың осынау қатал түріне екі ұлын да бірдей беру қандай әкенің қолынан келер еді? Мүмкін, ізін басқан ұрпақтарын солай тәрбиелеу керек болар? Осы  және басқа да сауалдарға жауап алу үшін бізге спорт тәлімгерлері әулетінің өкілдерімен кездесуге тура келді.

«БІР МЕЗЕТТІК ЖЕҢІСТІ ТАЛАП ЕТПЕЙМІН»

Әкесі: 1975 жылы мектепті бітіргеннен кейін мен Ақтөбе педагогикалық институтының спорт факультетіне оқуға түстім. Сол жерде мен алғаш рет жаттықтырушылар Болат Досмағамбетов пен Виктор Дьяконовтың секциясында боксшы қолғабын кидім. Жоғары оқу орнын аяқтағаннан кейін Уссурийскідегі Қиыр шығыс әскери округінің 5-ші әскерінде спорт ротада әскери борышымды өтеп жүріп, рингте өзімнің алғашқы жеңісіме қол жеткіздім. Округ чемпионатының күміс жүлдегері атандым. Осы жеңістен кейін маған әскерде ешкімге ештеңені дәлелдеудің қажеті болмай қалды.

Әскерден оралған соң химия училищесінде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болдым. Волейбол, баскетбол командаларын жаттықтырдым. Қайта құру жылдарында «Қайсар» дәстүрлі карате клубының қазіргі президенті Айбат Рахманов мұнайшылардың мәдениет үйінде өз беттерімен карате үйренушілер арасында алғашқы чемпионатты ұйымдастырды. Жеке кумитте мен 3 жекпе-жекте жеңіске жетіп, чемпион атандым.

Кейін балаларды бокске жаттықтыра бастадым. 2008 жылы облыстық бокс федерациясының президенті Сәрсенбай Торғаев мені №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне жұмысқа шақырды. Қазір мен сол мектепте жаттықтырушы болып жұмыс жасаймын.

– Өзіңіздің ең таңдаулы деген тәрбиеленушілеріңізді атап өтсеңіз?

- Олар өткен жылғы жасөспірімдер арасында өткен Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері Аян Борашев, Қазақстанның аймақтық біріншілігінің қола жүлдегері Әділхан Сағидолла, 2012 жылғы облыстық бокс федерациясы кубогының жеңімпаздары Жасұлан Айтқалиев пен Еркебұлан Темірболатов. Мен өз тәрбиеленушілерімнен әп дегеннен жеңіске жетуді талап етпеймін. Мен үшін ең бастысы олардың жақсы спорттық бапта болғаны және денсаулықтарын нығайтқаны маңызды.

- Өз балаларыңыз туралы әңгімелеп берсеңіз? 

– Мен төрт баламның да бойына спортқа деген құштарлық сезімін ұялата білдім. Екі үлкен қызым Әсел мен Әсем жаттықтырушылар Мұстахим Қабдрашев және Асқар Тоқтабаевта тхеквондомен айналысты. Әсел жастар арасында өткен Қазақстан чемпионатының жүлдегері болды. Әлібек те тхеквондомен айналысты, кейін мен оны 2002 жылдың басында боксқа бердім. Сол кезде Ресейден Атырауға танымал және тәжірибелі жаттықтырушы Владимир Пак оралған болатын. Онымен бұрыннан таныстығымыз да бар, мен одан баламды өзіне алуын өтіндім. 2008 жылы ол бірнеше республикалық турнирлерде спорт шеберлігіне кандидаттық нормаларын орындап жүрді. Сол жылы ұлын мұнай және газ институтындағы оқуы үшін бокспен айналысуды тоқтатты. Бірақ, оны тағдыр спортқа қайта алып келді. Институтты бітіргенімен мұнайшы болмады. Оны жұмысқа өзінің көмекшісі ретінде облыстағы қыздар боксының аға жаттықтырушысы Алексей Юн шақырды.

Ал кіші балам Бауыржан үлкені секілді В.Пактың тәрбиесінде болды. Қазір жасы 15-те, ол облыс чемпионы және республикалық турнирлердің жеңімпазы. 44 жекпе-жек өткізді. Әзірге оған көп күш салып жатқанымыз жоқ. Есейіп, жастар құрамасына енген кезде ғана одан оң нәтижелер күтетін боламыз. Бастысы, ол боксты тастап кетпеуі керек.

– Бокс сіздің балаларыңызға не береді? 

- Денсаулық және ұстамдылық. Бокстан алатын жарақат туралы  жұртшылық пікірі алаңдатады, ал боксқа қарағанда футбол немесе хоккей жарақаттары барынша қауіпті келеді.

 

«ЖАТТЫҒУ КЕЗІНДЕ СӨЗГЕ МӘН БЕРЕМІН»

Баласы:Жігіттерге қарағанда қыздарды жаттықтыру қиындау. Тәлімгерге сыпайы және аузынан шығатын сөзіне мән беруі керек болады. Ал қалғаны - ерлер және қыздар боксының айырмашылығы жоқ, бәрі сол бір бокс. Мен боксқа жаңадан келген қыздарды жаттықтырамын. Алексей Юн тек тәжірибелі деген Қазақстан чемпионаттарының жүлдегерлері Алмагүл Шариевамен және Ақмарал Шамшиденовамен жұмыс істейді. Қыздар боксында кадрлар тұрақсыз. Бокске үйренгені сол,  медаль алады да кетіп қалады: күйеуге шығады, жұмысқа орналасады, институтқа түсіп кетеді. Мектептерге барып, хабарландырулар іліп жүруге тура келеді. Өкінішке қарай, кейбір мектептердің директорлары біздің қыздар боксының жаттықтырушылары екендігімізді білген кезде, мектептерінің табалдырығынан аттатпайды.

– Мен көз алдыма бокс бойынша 3 бірдей спорт шеберлігіне кандитат тұратын пәтерді елестетіп отырмын - төбеде ілініп тұрған бокс қапшығы, айнала толған тренажёрлар…

 Әкесі: Біз «Шалқыма» әмбебап дүкені ауданындағы үйлердің үш бөлмелі пәтерінде  тұрамыз. Үйде боксшы қапшығы  жоқ, өйткені біздің үйдің ағаш тастамасы оны көтере алмайды. Бөлмелерде боксшы қолғаптары, шлемдер, гантелдер  және бір аяққа арналған тренажер бар. Біз алаңы 3,5х5,5 метр қонақ бөлмеде жиі жаттығамыз. Стандартты ринг алаңының көлемі 6х6 метр, демек менің балаларым тар алаңда қорғанып үйренуде. Бірақ, Суворов айтқандай, жаттығуда – қиын болса, ұрыста – жеңіл болады.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген Қанат Елеуов 

20 қыркүйек 2012, 17:08

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.