Атырау, 15 қараша 09:43
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +5
$ 493.85
€ 519.04
₽ 4.97

Бөрі жоқ деме

13 129 просмотра

Дүйсенбі күні сағат түнгі он екінің шамасында Ақжар ауылының тұрғындары бес қасқырды атып алды. Қаладан бар болғаны он шақырым жерде қашықтықтағы ауылда түз тағысының үйірімен жүруі бұрын-соңды болмаған жағдай. Бұрын бір-екеуін ғана көздері шалатын аңшылар жанұялары мен жанбағыс етіп отырған мал-жаны үшін шын қауіптеніп отырғандарын жасырмайды.

Ақсай ауылы мен Ақжар ауылының арасындағы тас жол тұсында өріп жүрген жеті шақты аш қасқырды ең алдымен көлігімен өтіп бара жатқан бір жолаушы байқаған. Қарсы бетте «Джип» автокөлігімен келе жатқан ақжарлықтарға хабарлаған да сол еді. Жігіттер еш ойланбастан қасқырдың ізіне түсуге асыққан.

- Біз айтқан жерге жетіп барғанда, қасқырлар ауылдан 8 шақырымдай жерге шығып кеткен. Олардың саны сегіз шақты екен,  біз бесеуін атып алдық. Бұлар кәдімгі аш қасқырлар ғой. Қар жауған соң қайда барады. Ауыл арасымен жүріп, Жайық өзенін кесіп өткісі келді ме, кім білсін ойларында не болғанын? Жалпы осы ақпан айы қасқырлардың күшіктейтін кезеңі. Ол кезеңде ұрғашы қасқыр қайда барса, бүкіл бір үйір қасқыр соның артынан еріп жүре береді. Біз атып алған қасқырлар ішіндегі екеуі арлан да, үшеуі ұрғашы, - дейді ауылдың аңшылары Нәбиболла БЕКТЕМІРОВ, Зико СИСЕКЕНОВ, Әнуар БИҒАЛИЕВ.

Былтырғы жылы Ақжар ауылының әкімі Арман НҰРҒАЛИЕВ осы кісілерге ауыл тұрғындарына кеселін келтіріп отырған жабайы иттер мен қасқырларды, түлкілерді, қарсақтарды атуға тапсырма берген. Естеріңізде болса, былтыр осы ақжарлықтардың біршама тауықтарын түз тағылары жеп кеткен болатын. Содан бері жоғарда аталған ауылдың жігіттері ара-тұра нысанаға жорытқан жыртқыштарды көздеп, аңшылыққа шығып тұрады. Бұл жігіттер көп жылдан бері келе жатқан проблеманы да қаузап қалды. Қасқырдың терісін қабылдайтын арнайы жер болса, аңшылардың да қасқыр атуға деген ұмтылысы жақсара түсер еді дейді олар. Әзірге, аңшылар орайы келгенде қасқырдың терісіне сұраныс білдірген кейбір жеке тұлғаларға ғана сатып жүр. Мәселен, біз Ақжар ауылына барып, аңшылардың бірінің қасқырдың терісін сыдырып жатқанын көрдік. Аңшы жігіттердің айтуынша, қасқырдың терісі шамамен 10 мың теңгеге бағаланады. Бұл ақша бензин мен оқ дәрісіне жұмсауға көмек қой дейді олар. Сондай-ақ, қасқыр терісін не үшін сатып алады деген сауалымызға, кей жерлестіріміз бен шетелдіктердің ескерткіш сыйлық ретінде сатып алуға құмартатынын айтады. Ал «қасқырдың етін өртеп жібереміз, себебі оны иттер жесе, құтырып кетеді» дейді аңшылар.

Айнұр АСЫЛБЕКҚЫЗЫ

Суретті түсірген автор

10 ақпан 2011, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.