14 қыркүйекте облыстық өнер мұражайында ерлі-зайыпты суретшілер Манарбек ДӘУЛЕТЬЯРОВ пен Эльмира ЖҰМАБАЕВАНЫҢ, сондай-ақ олардың балалары – ұлдары Әмин (7 жаста) мен қыздары Элифтің (3 жаста) отбасылық көрмесі ашылды
«МанЭ» (Манарбек пен Эльмира есімдері біріктірілген) деп аталатын осынау экспозицияны танымал өнертанушы Мария ЖҰМАҒҰЛОВА таныстырып, отбасылық династияның шығармашылығы туралы қызықты етіп әңгімелеп берді. Көрмеге 100 шақты картина қойылыпты.
ҚАЗАҚ ЛИРАСЫНДАҒЫ ФРАНЦУЗ САРЫНЫ
Біз өмір сүріп жатқан сындарлы ғасырда Эльмира өмірді романтикамен түйсіну қабілетін сақтап қалыпты. Ол француз модернизмі өнеріне ғашық екен. Өткен ғасырдың «француздық өмір салты» қазіргі заманғы қазақи сарынмен үндестік тапқан. Оның картиналары композициялық тұрғыда күрделі. Бір шығарманың өзінде түрлі жанрлар: натюрморт та, портрет те, пейзаж да, интерьер де көрініс тапқан. Бұл үлкен шеберлік.
Эльмира бала кезінде балетпен және музыкамен айналысқан, бұлар өз шығармаларында басты тақырып боп табылады. Ол, өкінішке орай, қазір акварель мен графика секілді өткеннің еншісінде қалып бара жатқан «құрғақ пастель» техникасында көп жұмыс істейді. Алайда қарбаластыққа төзбейтін пастель балет пен музыка атмосферасын, бейнесін нәзік жеткізе алады.
САМҒАУ
Көркемөнер білімін алған Манарбек ұзақ уақыт бойына сурет салмаған. Шығармашылыққа кіріспес бұрын түрлі мамандықтарды байқап көріпті. Эльмирамен кездесуі оған көп әсер еткен (айтпақшы, олар сурет көрмесінде танысыпты). Ол кезде Эльмира халықаралық «Шабыт» фестивалінің Гран-при иегері болған екен.
Манарбектің туындылары ашық және таза рең басым боп келетін құбылмалы калейдоскоп секілді. Оның кейіпкерлерінде қанат бар және адамның самғауы туралы көптеген көріністерді «Шабыт», «Бақыт аулаушы» және т.б. картиналарынан көруге болады.
Біздің танымал жерлесіміз Тимур Бекмамбетовтің портреті де қызықты салынған. Сыртқы түрінде ұқсастық жоқтай боп көрінсе де, суретші картинада белгілі кинорежиссердің ішкі дүниесін көрсете білген.
АТА-АНАНЫҢ ЖОЛЫМЕН
7 жасар Әмин мен 3 жастағы Элифтің еңбектерінен, олардың жастарының кішкентай екендігіне қарамастан, аяқталған композицияларды көруге болады. Әминде графикамен, кейде қағаздан қолын алмастан орындаған техногендік кескіндер, фантастикалық келбеттер басым. Кішкентай Элиф қағаз кеңістігін ойдан шығарылған жануарлармен толтырады немесе кереғар бояуларды батыл пайдаланады. Оның жұмысынан «импрессионизм» көруге болады. Дегенмен олардың өмірлері әлі алда.
СОҢҒЫ СӨЗ
Біздің дәуірімізде өнер қатты коммерцияланып кеткен. Егер Батыста адамдар шеберлікпен салынған шағын картиналарды сатып алатын болса, бізде адамдар негізінен интерьерді безендіру үшін үлкен, монументалды жұмыстарды сатып алады. Көп жағдайда бұлар -Қытайдан немесе Әмірліктерден әкелінетін принтерге басылған көшірме-постерлер.
Мұндайда бір кездері меценаттар Савва Морозов, ағайынды Третьяковтар және зауыттар салып қана қоймай, өнерге қаржы салып, ұрпақтарына дүниежүзілік көркемсуреттерді қалдырған басқа да тұлғалар жинақтаған суреттердің бай топтамаларын еріксіз еске түсіресің. «Үлкен мұнай» дәуірінде де уақытқа бағынбайтын бай рухани мұраны сақтап, болашақ ұрпағымызға қалдыру үшін талантты суретшілеріміздің еңбектерінің сұранысқа ие болғанын қалар едік.
Зинат ОРЫНБАСАРОВА