Махамбет ауданындағы ежелгі қала Сарайшық жоғалудың аз-ақ алдында. Бүгінгі таңда күн тәртібінде тарихи құндылықты сақтау емес, оны қалай құтқарып қалу жөніндегі мәселе тұр.
ЖЕЛ, ЖАҢБЫР ЖӘНЕ СУ
Көзге сүреңсіз көрініс түседі. Туристер үшін қоршалған және бұрын археологиялық зерттеулер жүгізілген шағын ғана алаңнан ештеңе қалмаған. Әлдеқалай сақталып қалған саз балшықтан қаланған бір немесе екі құрылыс нысанының қабырғалары көз алдымызда үгітіліп жатыр. Ал қалғандарын жел мен жауын-шашын шайып кеткен. Біраз жерге дейін адам сүйектері шашылып қалған.
- Ежелгі қабырға қалдық-тарының саз балшықтан қаланған тастары өте тез бұзылып жатыр,- дейді Х.Досмұхамедов атындағы АМУ жанындағы археология ғылыми-зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері Марат ҚАСЕНОВ. – Сондықтан да ашық аспан астындағы мұражайдан бүгінгі күні ештеңе қалып жатқан жоқ. Бес жылдан соң бұл жер теп-тегіс алаңға айналмақ.
Мұндағы үлкен проблема – Жайықпен іргелес жатқаннан туындап отыр. Жыл сайын өзен суы жағалауды 1-1,5 метрге дейін шайып кетеді. 1995 жылдан 2009 жылға дейін Сарайшық аумағында Қазақстанға белгілі археолог, Әлкей Марғұлан атындағы археология институтының директоры Зейнолла САМАШЕВТЫҢ басқаруымен қазба жұмыстары жүргізілген болатын. Ол сол 2008 жылдың өзінде Жайық суынан Сарайшықты қорғап қалудың екі нұсқасын ұсынған болатын. Оның бірі – жағалауды нығайту болса, екіншісі – шамамен 1 шақырымдай ұзындықта өзен арнасын түзететін екі бөгет құрылысын салу болды. Бұл екі нұсқа да үлкен қаржы салымдарын қажет етеді.
ҮЙІНДІЛЕР ТӨҢІРЕГІНДЕГІ БОС СӨЗДЕР
– 2010 жылдың басында облыстық әкімдікте болған мәжілісте Сарайшықты құтқару жөніндегі мәселе қаралды. Сол кезде жағалауды нығайту жобасы мақұлданып, жобалау-сметалық құжаттарды дайындауға және оны үкіметке ұсынуға тапсырма берілді. Бірақ, оның бәрі тек сөз жүзінде ғана қалды, – деді телефон арқылы Астанадан сөйлескен Зейнолла Самашев. – Меніңше бұл проблема ешбір шенеунікті алаңдатып отырған жоқ. Қазақ Ордасының алтын бесігін сақтап қалу қажеттілігі төңірегіндегі әңгіменің жергілікті деңгейде, тіпті, республика көлемінде де қозғалғандығына біраз жыл болды. Бұл мәселені мемлекет басшысының өзі баяндамаларының бірінде атап өтті. Алайда, сөз көп, бірақ, іске асырылып жатқан еш нәрсе жоқ.
Өзен суының келуінен басқа да проблемалар бар. Самашевтың айтуынша, егер Сарайшықты құтқаруға үлкен маңыз беретін болсақ, онда міндетті түрде қазіргі Сарайшық ауылының бір бөлігін (60-70 отбасы) көшіру керек және сол жерлерде тұрғын үй құрылысын салуды тоқтату керек.
Археологиялық нысандарды үнемі мұражайландыру, яғни, экскурсия үшін жарамды жағдайға келтіру керек. Оны жел мен жауын-шашынның бүлдіруіне жол бермей, ұзақ жылдар бойы сақталып қалуына үлкен мән беру керек. Мұндай шаралардың бірде-біреуі жасалмайынша ежелгі Сарайшық тағдырына тек ғылыми монографиялар беттерінде ғана қалу қаупі төніп тұр.
МИНИСТРЛІККЕ ХАТ ЖОЛДАНДЫ
Тарихи-мәдени мұраны қолдану, қайта қалпына келтіру, қорғау жөніндегі облыстық инспекция бастығының орынбасары Фархад БАЙДӘУЛЕТОВТЫҢ айтуынша, Сарайшықты сақтап қалуға бірде-бір қаржы бөлінбеген екен.
– Мәдениет министрлігі 2009 жылға дейін тек қазба жұмыстарын жүргізуге ғана қаржы бөліп отырды. Айталық, 2007 жылдан 2009 жылға дейін 6,5 млн теңге бөлінді. Кейін қазба жұмыстарын қаржыландыру тоқтатылды. Самашев Сарайшық жоғалу алдында тұрғандықтан одан әрі зертеу жұмыстарын жүргізуден бас тартты деп айтуда. Біз мәдениет министрлігіне 2014-2016 жылдарға Сарайшықты құтқаруға қаржы бөлу жөнінде сауалнама жолдадық. Министрлікте оның қалай шешілетіндігі әзірге белгісіз.
Тамара СУХОМЛИНОВА
Суретті түсірген автор