15 наурызда Атырау шынымен де мұнайлы астанаға айналды. Қалаға жыл сайынғы VІІІ «Қазмұнайгазсервис-2019» конференциясына қатысу үшін Қазақстанның «мұнайлы астанасына» қатысы барлар жан-жақтан ағылды. Конференцияны ұйымдастырушы - «Қазсервис» Қазақстан мұнайсервис компаниялар одағы. Кездесудің басты тақырыбы – ірі жобалардағы жергілікті қамту.
БҰЛ ДЕҢГЕЙДІ ТҮСІРУ КЕРЕК
Конференцияны «ҚазСервис» Президиумының төрағасы Рашид ЖАҚСЫЛЫҚОВ ашып, кейбір жағымды жаңалықтарды атап өтті:
- Мұнай бағасы тұрақты деңгейде сақталады, бұл біздің тапсырыс берушілердің қаржылық көрсеткіштерін жақсартады. Оларға жақсы болса, бізге де жайлы. Екіншіден, жаңа жобаларды іске асыру жалғасуда. Теңіздегі ККЖ белсенді құрылыс кезеңіне өтті. Қазақстандық мұнайгаз құрылысының нарығы жылына 5 млрд долларға бағалануда. Ал инжиниринг нарығын шамамен 1 млрд доллардан сәл астам деңгейде бағалап отырмыз. Мұнайгаз құрылысында және инжинирингте кемінде 70 мың адам тартылған.
ҚР Энергетика бірінші вице-министрі Махамбет ДОСМҰХАМБЕТОВТЫҢ айтуынша, өткен жылы 500 миллиард теңгеден астам сомаға мұнайгаз секторына арналған тауарлар сатып алынған: жергілікті қамту (ЖҚ) 20 млрд болды; 3,8 трлн теңгеге (ЖҚ - 1,5 трлн) жұмыс орындалды; 1 трлн теңгеден астам мұнайсервис қызметтері көрсетілді, оның ішінде жартысынан астамы жергілікті қамту бойынша. Бұл салада үш ірі жоба - ТШО, НКОК және КПО көшбасшылар болып қала береді. Қазақстандағы мұнайсервис саласында шамамен 1000 компания және 170 мыңнан астам қызметкер жұмыс істейді. Жер қойнауын пайдаланудағы мұнайсервис қызметтерінің орташа жылдық айналымы шамамен 8 млрд доллар болады.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «ҚазСервис» президиумының мүшесі Бақтияр МӘКЕН:
- Біз отандық бизнес өкілдерімен жиі кездесеміз. Оларға сақадай сай мұнайгаз келісімшартына өту қиын.Өйткені қосалқы мердігерлік келісімшартты мердігер өз қалауы бойынша жасайды. Жергілікті компанияларды қолдау және бәсекелестік ортаны қалыптастыру мақсатында «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» жаңа Кодекстің 278-бабында біз мұнайгаз операторларының мердігерлері үшін қосалқы мердігерлік келісімшарттарды тендер және басқа да конкурстық рәсімдер арқылы жасаудың белгілі бір тәртібін белгіледік.
Тағы бір қажеттілік, депутаттың айтуынша, КПО мен НКОК компанияларының 20 миллион доллардан төмен болатын сатып алуларын бақылауды күшейту болып отыр. Өйткені бүгінде уәкілетті орган 20 млн доллардан асатын сатып алулар үшін ғана тендерді мақұлдайды, ал бұл деңгейден төмендерін операторлар өздері шешеді.
- Тендерлік рәсімдер қайта қаралғалы бері 10 жылдан астам уақыт өтті. Осы уақыт аралығында ұлттық валюта бағамы көп өзгерді. Уәкілетті органмен реттелетін келісімшарттың шекті сомасын азайту бағытында қайта қарауды әділ деп санаймын. Оның үстіне, соңғы жылдары біздің мұнайсервис компаниялары тәжірибе жинақтады, сондықтан шетелдік компанияларды қосалқы мердігерлік жұмыстарға тартудың қажеттілігі жоқ, - деп атап өтті Мәкен.
VIVA ҚАЗАҚСТАН!
«PSA» ЖШС бас директоры Мұрат ЖҮРЕБЕКОВ маңызды мәселелерді атап өтті. PSA - Солтүстік Каспий мен Қарашығанақ жобаларындағы Энергетика министрлігінің уәкілетті органы және ол арқылы құны 20 млн доллардан астам келісімшарттар мақұлданады.
- Мен бүгін жетістіктер туралы емес, маңызды мәселелер туралы айтамын, - деген Жүребеков екпінмен. - Мен Қазақстандағы тауарларды өндіру мен дамыту мәселесіне назар аудартқым келеді. 2018 жылдың қорытындысы бойынша КПО тауарларын сатып алудағы шетелдік қамту - 88%, НКОК -73% болды. Бұл дегеніміз, ақша ағындарының басым бөлігі Қазақстаннан тысқары кетіп жатыр деген сөз. Мысалы, оператор құны миллиард доллар тұратын газды кері айдау компрессорларын сатып алуды жоспарлап отыр. Егер төлем балансы тұрғысынан қарасақ, онда Қазақстанға миллиард доллар сомада инвестиция кіреді. Бірақ, шын мәнісінде, бұл миллиард Қазақстанға бір сағатқа да кірмейді, ол бірден өндіруші елге - бұл жағдайда Италияға кетеді. Италияның экономика министрі қуанады, жаңа жұмыс орындары болғандықтан Флоренцияның мэрі де қол шапалақтайды. Сонда миллиард кетіп қалады да, ал қағаз бетінде ол Қазақстанға инвестиция түрінде келген болып есептеледі. Содан кейін не болады? Инвесторлар, мердігер компаниялар бұл миллиардты мұнаймен алып, оны олар да сатады. Миллиардтарды өздерінде шетелде қалдырады, алайда құжат бойынша ол Қазақстанда деп көрсетіледі. Нәтижесінде компрессор салынып, Қазақстанға әкелінеді. Ол біз үшін импорт ретінде алынады. Бұл жағдай кенішке жеткізілетін барлық күрделі жабдықтарға тән.
Жүребековтың айтуынша, барлық сатып алынатын жабдықтардың 90%-ы импортталады. Біз ӨБК бойынша тауарлардың 5 пайыздық көрсеткішінде қалай болсақ, солай қаламыз. Егер ештеңе өзгермесе, солай жалғаса береді. Сонда біз өзіміз мақұлдаған рәсімдердің тұтқынына айналғанымыз ғой, деп есептейді Жүребекев:
- Осы тендерлік рәсімдер бойынша ең төмен баға ұсынатын техникалық тұрғыда қолайлы жеткізуші жеңімпаз болуға тиіс. Иә, бұл нарық заңдары. Егер біз операторларға жүгінсек, олар: «Сізге бізден не керек, біз мұнда аз шығынға сіз бен біз үшін шикізат өндіруге келдік, бірақ біз мұнда Қазақстанның өнеркәсібін дамыту үшін келмедік» дейді. Дегенмен, бұл біз үшін тығырыққа тірелген жол. Біз операторлардың қазақстандық өнімдерге бет бұруы үшін тетіктер әзірлеуге тиіспіз.
Оның айтуынша, кейде заңнамалық нормалар мұнайгаз саласына арналған тауарлардың отандық жеткізушісіне қарсы қолданылады. Мысалы, НКОК-пен келісімшарт бойынша жабдық жеткізетін жеткізуші 20 пайыздық кедендік баж салығын төлемейді, ал жергілікті бизнесмен сатып алады, әкеледі, барлық кедендік төлемдерді төлейді. Нәтижесінде бұл оның тауарының құнын сөзсіз көтереді.
- «Тауарлар - жұмыс - қызметтер» үштігінде алғашқы сөз маңызды екенін түсіну керек. Біз мұнайсервис қызметтері көлеміндегі жергілікті қамтудың салыстырмалы жоғары үлесіне қуанамыз. Өйткені көптеген компанияларға экспаттарды ұстап тұру тиімсіз болғандықтан оларды қазақстандық кадрларға ауыстырады. Бірақ Қазақстан мұнайгаз секторында импортқа тәуелді болып қала береді.
АРДАГЕР ЭКСПАТТАР - ЖАҚСЫ ЕМЕС
Жүребеков алаңдарда жұмыс істейтін шетелдік және жергілікті жұмысшылардың жалақыларындағы теңсіздікке тоқтады. Мәселен, бізге Үндістаннан, Бангладештен жұмысшыларды әкеледі және олар көбірек жалақы алады. Оның үстіне, Қазақстанда осы жерде 15-20 жылдан бері жұмыс жасап келе жатқан шетелдік мамандар көп. Ал осы уақыт ішінде өз мамандарымызды дайындайтын уақыт болды.
- Оператор-компаниялар мен олардың ірі қосалқы мердігерлері жергілікті ЖОО-мен, колледждермен тығыз байланыста жұмыс істеуге, мамандар дайындауға, оларға бағыт беруге, әдебиеттермен және материалдармен қамтамасыз етуге тиіс. Кез-келген оқу орны, егер ол жерден семинарлар ашсаңыз, воркшоптар өткізсеңіз, өндірістік тәжірибе ұйымдастырсаңыз, қуана қабыл алады.
Сонымен бірге, Жүребековтың пікірінше, қазақстандық өндірушілер миллиардтар мен миллиондарды қуаламай, барлық үш ірі жобаның мүмкіндіктерін барынша пайдалануға тиіс:
- Жүздеген мың доллардан бастаңыздар - олар каска, бәтеңкілер, фитингтер, қосалқы бөлшектер және т.б. шығарсын. Біртіндеп айналым көбейеді.
Зал ду қол шапалақтады.
- Сіздің сөздеріңіз қатысушылар үшін жауған жаңбырдай – біреу үшін жылы, біреу үшін салқын болды, - деп әзілдеді вице-министр Досмұхамбетов залды күлкіге бөлеп, содан соң сөзін жалғастырды:
- Біз бәріміз бір үлкен процеске қатысушылар екенімізді түсінуге тиіспіз, сондықтан душтағы су температурасы бәріне бірдей болуы тиіс.
Әрі қарай операторлар секцияларында отырыстар өтті. Атап айтқанда, НКОК секциясында жазда D аралында және «Болашақ» зауытында жабдықтарды күрделі жөндеу жұмыстары талқыланды.
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА
Суреттерді түсірген автор