16 наурызда көктемгі әскер қатарына шақыртылғандардың алғашқы тобы Атыраудан аттанып кетті. Олар Қазақстан шекарасын қорғамақ. Жігіттер әскер қатарына алынбас бұрын қандай тексерулерден өтеді, неге олар жалғандық детекторымен тексеріледі және ҚР Президентінің элиталық қорғау қызметіне қалай ілігуге болады? Бұл туралы «АЖ» тілшісі анықтаған еді.
Әскери комиссариат ғимаратының алдында 17 жігіт сап түзеген: бүгін олардың Атыраудағы соңғы түні. Ал әзірге мені болашақ әскерилердің келесі тобымен таныстырды. Олар әлі осы сансыз сынақтардан өтіп, анализдер тапсырып, сұхбаттасудан өтулері тиіс.
Атырау облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің медицина қызметінің бастығы, майор Асылхан ЕРБАТЫРОВ жайлы, күлімсіреп сөйлейді, бірақ көзі қырағы әрі қатал. Оның үстелінің қарсысындағы еденде табан іздері салынған тақта жатыр. Оны іш киімшең әскерге шақырылушы жалаң аяғымен басып тұрады.
- Сіздіңше бұл адамды жеке тұлға ретінде басып тастамай ма? – дедім тақтаға аяғымды қойған кезде түйсігіме құлақ салып.
- Неге? – деп таң қалды ол. - Бұл жерде ол майтабан ба, басқа ауытқушылығы: сколиоз, бөртпе, геморройы бар ма, жоқ па, бірден көремін... Бір кездері өзім де осындай тақтада тұрғанмын. Қорланатын ештеңе сезінбедім.
ГАДЖЕТТЕРДІҢ ЗИЯНЫ
А. Ербатыров бұл лауазымда 10 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оның міндетіне әскер қатарына шақырылғандар мен келісімшарт жасаушыларды медициналық тексеруден өткізуді ұйымдастыру және бақылау кіреді. Осы жылдар ішінде ол қисықты да, түзуді де, семізін де, арығын да көрген. Бір байқағаны: қазір әскер қатарына шақыртылғандар арасында алыстан нашар көретіндер көп екен. Оның пікірінше, бұған гаджеттерге қызығушылық себеп болып отыр. Бозбалалардың көпшілігінің дене салмағы аз және болбыр екен. Ал бұл осыдан он жыл бұрын әскер қатарына шақыртылған бозбалаларға тән емес еді.
Ербатыровтың айтуынша, әскер қатарына шақыртылатын нақты бозбалаларға медициналық мекемелер бойынша сұранымдар қаңтарда жолданады екен, ал көктемге қарай әскери комиссариатта диспансерлік есепте тұрғаны үшін қызмет етуге жарамайтын бозбалалардың аты-жөндері туралы мағлұмат болады.
Тубдиспансер де, наркология да, онкология да, жүйке-жүйелері диспансері де есеп береді. Олар осы жастардың кейбірін біржола «жарамсыз» етіп тастайды, кейбірін кейінге қалдырады.
- Бозбалалар бір кездері әскерге «жарамсыздықты» жеке басын кемсітушілік деп қабылдайтын. Әсіресе, ауыл жігіттеріне үйлеріне қайта оралу масақара болатын. 80-ші жылдары туған жігіттер осы себепті ауылдарына бармай, осы жерде түнеп, әскер қатарына алуға сұранушы еді. Қазір де осындай жігіттер кездесіп жатады.
- Ал әскер қатарында болғысы келмейтіндер ше?
- Сұхбаттасқаннан кейін ойлары өзгереді. Біздің оларды қалай айнытатынымызды білгіңіз келе ме? Әдетте, бұлар мектепті жаңа бітірген, бәлкім, пицца таратушы, курьер, даяшы секілді жұмысқа орналасқан бозбалалар. Яғни, бұл мамандықтардың келешегі бар деп айтуға келмейді. Бес жылдан кейін ол отбасын құрып, балалы болуы мүмкін. Отбасын құрмаса да, ол табысы жақсы, беделді жұмысқа кіргісі келеді. Әскерде қызмет етсе, бұл тұрғыда оған басымдық беріледі. Ал содан кейін, әскери міндет туралы заңды көрсетуге, оны бұзғаны үшін қылмыстық жауапкершілік бар екенін еске салуға болады. Бірақ көбінесе бұған жете қоймаймыз. Сұхбаттасқан кейін жігіттер басқаша ойлай бастайды, сол сәт белгілі бір әскери бөлімшеге сұранып жатады.
Әскери медиктің айтуынша, әрине, жеке қалауы ескеріледі. Бірақ дене бітімі мен білімі, мамандығы (егер бар болса) шешуші рөл атқарады. Ықшам, арық жігіттерді көбінесе танктік, шекаралық әскерлерге және ТЖМ-ге жиі қабылдайды. Шымыр денелі жігіттер әуе-десант әскеріне, Ұлттық гвардияға, жедел жасақ бөлімшелеріне жарамды. Ал президентті қорғауға бойы 1 метр 80 см және одан жоғары болатын бойшаң, сымбатты жігіттерді, жоғары немесе кем дегенде толық орта білімі бар және міндетті түрде толық отбасы бар жігіттерді жібереді. Іріктеу критерийлері осындай.
Дегенмен, Ербатыровтың айтуынша, бұл жалпы сұлбасы. Ал негізінен әрбір әскери комиссариатқа белгілі бір әскери құрылымға белгілі мөлшерде адамдар бөлу құжаты беріледі. Осылайша Атырау облысынан бірінші партия шекарашылар құрылымына аттанған.
«АЖ» анықтамасы
2019 жылдың көктемінде Атырау облысынан жедел әскери қызметке 700-дей адамды шақыру жоспарланған.
Айтпақшы, әскер қатарына шақыртылғандарға азғана ақпарат: шекарашы жігіттер үш айдан кейін оқу-жаттығудан соң Қазақстанның батысына қызмет етуге оралады. Ақтауға ма, Атырауға ма әлде Бейнеуге ме, белгісіз. Бәрібір үйлеріне жақындайтындары сөзсіз. Бұл тек шекарашы әскерлерге ғана қатысты. Қалғандарына аумақтан тысқарылық қағидасы қолданылады. Яғни, батыстың жігіттерін шығысқа, оңтүстіктің жігіттерін солтүстікке жібереді және керісінше. Тума-туыстарынан неғұрлым жырақта болса, сарбазда алаңдаушылық та соғұрлым аз болады деп есептеледі. «Ата-ананың жылы алақанында өскен ұлды шыныққан, рухы мықты нағыз еркекке айналдыратын жер осы әскер», - дейді әскери комиссариаттағылар.
ӨЗІҢЕ ОҚ АТПАЙСЫҢ БА?
Қазақстандағы әскери комиссариаттарда бүкіл бозбаланы ресейлік мамандармен бірге әзірленген «Ақ Сұңқар» бағдарламасы бойынша психологиялық тестілеу арқылы тексереді. Ол жас адамның қарым-қатынас дағдыларын, күйзеліске төзімділігін, суицидке бейімділігінің бар-жоғын немесе басқа да психологиялық көрсеткіштерін анықтауға мүмкіндік береді. Маған құпиялап, 2012 жылғы Арканкергендегі оқиғадан кейін осындай тексерулер енгізілгенін айтты. Айтпақшы, шекаралық бекеттерде әскери борышын атқаратындар полиграфта қосымша тексеруден өтеді. Құрылғы Ұлттық қауіпсіздік комитетінікі болғандықтан, бұл тақырып бойынша полиграфологпен әңгімеміз қатаң құпиялылықта және жабық есік сыртында өрбіді.
Айтпақшы, мен де 26 сұрақтан тұратын тестілердің бірінен өттім. Ойланбастан, тез жауап беру керек болды. Шамамен «Сіз күйзеліс кезінде ойланбай әрекет ете аласыз ба?», «Жақындарыңыздың бірін жоғалтып алсаңыз терең депрессияға түсіп кетесіз бе?», «Қызғаншақсыз ба?», «Басшылықтан әділетсіздік көріп жүрмін деп жиі ойлайсыз ба?» деген сұрақтар болды. Жалпы алғанда, олар кенеттен күтпеген нәрсе болса, өзіңізді ұстай аласыз ба, соны білгісі келеді. Сынақ нәтижесі, негізінен, шамадан тыс әсершілдігіме және неліктен екені белгісіз, суицидке бейімділігіме байланысты менің қызметке жарамсыз екенімді көрсетті - бірақ ант етемін, мүлдем ондай емеспін! Дегенмен, әйел үшін бұл қалыпты жағдай екенін, ал жалпы, сынақтан алғаш өтушінің қызметке жарамды деп танылуы сирек жағдай екенін, адамның толқуы әсер ететінін айтып, психолог мені тыныштандырды.
Алайда, мен суретке түсірген жігіттердің бет-әлпетінен толқу сезімін көрген жоқпын. Оларды жақын мейрамханалардың біріне түскі ас ішуге апару үшін автобусқа отырғызып жатты. Иә, мейрамханаға. Кешке моншаға, шаштаразға апарады, ал ертең олар алыс өлкелерге сапар шегу үшін поезға мінеді.
«АЖ» анықтамасы
ҚР Қылмыстық кодексінің 387-бабына сәйкес, «әскери қызметтен босатуға заңды негiздер болмаған кезде осы қызметке шақырылудан жалтару – бір мың АЕК-ке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не төрт жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не бір жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Мынадай: өзiнiң денсаулығына зиян келтiру арқылы, аурумын деп жалған сылтаурату жолымен, жалған құжат жасау немесе өзге де алдау арқылы жасалған дәл сол іс-әрекет – үш мың АЕК-ке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не сегіз жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Егер әскерге шақырылушы тергеп-тексеру органы iстi сотқа бергенге дейiн әскерге шақыру пунктiне өз еркiмен келсе, ол қылмыстық жауаптылықтан босатылады».
Атырау облыстық Қорғаныс істері департаментінің баспасөз қызметінің жетекшісі Урбайза ӘБИТОВАНЫҢ ақпараты бойынша, қазіргі уақытта біздің өңірімізде әскери қызметке шақырылудан жалтарғандар жоқ.
Анастасия ШЕРСТЯНКИНА
Суреттерді түсірген автор