Атырау, 17 мамыр 12:44
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +18
$ 441.58
€ 480.00
₽ 4.86

Н.Назарбаев БАӘ-дегі Дүниежүзілік Арнайы Олимпиада ойындарының ашылу салтанатына қатысады

Бейнежазба
2 242 просмотра


Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Біріккен Араб Әмірліктеріне барды, деп хабарлайды «Хабар 24»тілшісі. 

Елбасы Абу-Дабидің тақ мұрагері, Біріккен Араб Әмірліктерінің Қарулы Күштері Жоғарғы Бас қолбасшысының орынбасары шейх Мұхаммед бен Заид Әл Наһаянмен кездесті.

Сондай-ақ бүгін Нұрсұлтан Назарбаев Дүниежүзілік Арнайы Олимпиаданың ашылу салтанатына қатысады. Біріккен Араб Әмірліктері – Қазақстанның Таяу Шығыстағы сенімді серіктерінің бірі. Мемлекеттер географиялық жағынан бір-бірінен қашық орналасса да, көп салада көзқарастары жақын. Сол ортақ көзқарастарды шынайы іске айналдыру үшін Нұрсұлтан Назарбаев Біріккен Араб Әмірліктеріне арнайы келді. 

Нұрсұлтан Назарбаевтың Абу-Дабиге келуінің тағы бір себебі бар. Қазақстан Президентін Абу-Дабиде бүгін ашылатын Дүниежүзілік Арнайы Олимпиада ойындарының құрметті қонағы болуға Абу-Дабидің тақ мұрагері, шейх Мұхаммед бен Заид Әл Наһаян арнайы шақырған болатын. Бұл жайында сәл кейінірек. Алдымен екі ел үшін де маңызды экономикалық байланыстар жөнінде. Елбасы жұмыс сапарын Абу-Дабидің тақ мұрагері, Біріккен Араб Әмірліктерінің Қарулы Күштері Жоғарғы Бас қолбасшысының орынбасары шейх Мұхаммед бен Заид Әл Наһаянмен кездесуден бастады. Елбасы мен Абу-Дабидің тақ мұрагерінің арасындағы достық қарым-қатынасты қарсы алу сәтінен-ақ байқуға болады. Қазақстан Президенті көрсеткен қонақжайлығы үшін тақ мұрагеріне ризашылық білдіре отырып, әңгіме ауанын қос елдің қарым-қатынасына ауыстырды.

Нұрсұлтан Назарбаев «барлық саладағы ынтымақтастық көңілден шығады», – деді. Ең бастысы, екі ел арасындағы сенім. Бұл сөзімізге мемлекеттер арасындағы визасыз режим дәлел бола алады. Тура бір жыл бұрын қос тарап барыс-келістегі кедергіні осылайша оңайлатты. Алыс-беріс те баяу емес. Өткен жылы Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы тауар айналымы 486,9 млн долларға жеткен. Қазір Қазақстанда Әмірліктер капиталының қатысуымен 240 бірлескен кәсіпорын жұмыс істеп тұр. 

Мұхаммед бен Заид Әл Наһаян Біріккен Араб Әмірліктеріне шақыруын қабыл алғаны үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтып, конфессияаралық келісім орнату ісіндегі Қазақстанның рөліне ерекше тоқталды. «Біз Қазақстанды үлгі тұтып, 2019 жылды толеранттылық жылы деп жарияладық», – деді Абу-Дабидің тақ мұрагері. 

Кездесу барысында тараптар халықаралық күн тәртібіндегі өзекті проблемаларды, туризм, цифрландыру, ғарыш, көлік, логистика және ауыл шаруашылығы салаларындағы ықпалдастықты талқылады. Сондай-ақ өзара экономикалық ынтымақтастықты жандандыру, инвестиция тарту және Қазақстан тауарларын Біріккен Араб Әмірліктерінің нарығына шығар мәселесін ширатуға келісті. 


Сондай-ақ сапары барысында Мемлекет басшысы Біріккен Араб Әмірліктерінің Абу-Даби қаласындағы көрікті жерлерінің бірі шейх Заид мешітін аралап көріп, осы елдің негізін қалаушы әрі тұңғыш Президенті шейх Заид бен Сұлтан Әл Наһаянның рухына тағзым етті. Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев мешіт ғимаратының архитектуралық ерекшелігімен танысып, Құрметті қонақтар кітабына қолтаңба қалдырды. Бүгін Нұрсұлтан Назарбаев Абу-Дабиде ашылатын Дүниежүзілік Арнайы Олимпиада ойындарының ашылу салтанатына құрметті қонақ ретінде қатысады. 

Таяу Шығыста тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған шараға қазақстандық құрама да қатысып жатыр. Бұған дейін Елбасы біздің еліміз тағдыр талқысына түскен жандарға әрқашан мейірімділік пен қайырымдылық танытудан танбайтынын айтқан болатын.

Дереккөз: 24.kz

 

14 наурыз 2019, 14:34

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.