Жыл сайын облыстық әкімдік жанынан құрылған қор тарапынан мектеп бітірген түлектерге шетелде тегін оқуға жолдама берілетінін көпшіліктің біле бермейтіні рас. Мұндай мүмкіндікке қол жеткізу үшін жас түлек қандай талаптарды орындауға тиісті? Бұл жайында біз облыс әкімдігінің аппарат жетекшісі Асқар КЕРІМОВТЕН білмек болдық.
Оның айтуынша, бұл бастаманы 2009 жылы облыс әкімі Бергей Рысқалиев көтерген. Осыған сәйкес, облыстың мектеп оқушылары жыл бойына түрлі білім байқауларында орын алып, олимпиада жеңімпаздары атанып, алтын белгіге ие болып, өз күштерімен жоғары оқу орындарына түсіп жатса, оларға жолдары мен жатын орындары үшін қордан ақы бөлінбек. Сонымен бірге, жазбаша жауап берген сөзінде Асқар Абайұлы былай депті:
«2009 жылғы 3-желтоқсан күні облыстық әкімдікте облыс әкімі Б.Рысқалиевтің облыстық мамандандырылған мектептер, қалалық, аудандық жалпы орта білім беретін мектептердің дарынды оқушыларымен кездесуі өтті.
Кездесуде облыс әкімі өңіріміздің дарынды, талантты жастарына қолдау көрсету мақсатында өз бетімен оқуға түсіп, шетелде оқуға тілек білдірген мектеп бітірушілеріне қаржылай көмек көрсететінін айтты.
Алайда, студенттерді тегін оқыту бағдарламасының «Болашақ» бағдарламасына қатысы жоқ.
Осыған орай, облыс әкімінің бастамасымен «Атырау болашағы» қоры кеңесі шешімімен шетелдік жоғары оқу орындарына өз бетімен түскен студенттерге материалдық көмек көрсетуге келісім берілді.
Аталған қор жарғының негізінде әрекет етеді. Қордың негізгі бағыты – студенттерге шетелдік жоғары оқу орындарында оқуына материалдық көмек көрсету болып табылады».
Сондай-ақ, облыс әкімдігінің аппарат жетекшісі бүгінгі күні облыс әкімдігінің, қордың және оқып жатқан студенттердің арасында жоғары кәсіби білімді мамандарды даярлау туралы үшжақты шарттар жасалғанын келтіріпті. Және, бір келісім-шарттың көшірмесін де жолдапты. Онда 1993 жылғы Нұрмұхан Жақсылықовтың қазір Англиядағы Heriot-Watt (HWUISC) университеті жанындағы халықаралық оқу орталығында төрт жылдық химиялық инженерия мамандығы бойынша білім алып жатқаны белгілі болды. Келісім-шарт бойынша студент оқу орнын бітірген соң, бір айдың ішінде әрі қарай жұмысқа орналасу үшін әкімдікке келіп, тұрғылықты мекен-жайы бойынша екі жыл жұмыс істеуге міндетті екен. Бұдан басқа да студенттің міндетіне кіретін тармақтар келтірілген. Айтпақшы, келісім-шартқа сәйкес, студенттің бір жылдық оқуына 15 418 фунт стерлинг бөлінген.
Жалпы, екі жылдың ішінде қордың қаржы бөлуімен шетелге оқуға барлығы 30 студент жіберілген. Абай Асқарұлы өзінің жауабында олардың бәрін бірдей тізбей, 8 студентті ғана жазуды ұйғарыпты. Мұнда жоғарда аталған студенттен бөлек, Қоныскерей Жұмақанов, Мәди Қуанышев, Нұргүл Бағытова, Нұржамал Шабазова, Айбарша Демежан, Естай Зейноллаұлы, Берік Уап деген жастардың аты-жөндері тізімде орын алған. Осы аталған студенттердің ішінде қаладағы қазақ-түрік лицейінің түлектері де бар.
Әкімдік жанындағы қордан облыстағы білімді жастардың бәрі бірдей қолдау көреді деу қиын. Ондай жағдайда зерделі жас қайтпек? Біз бұл сауалды шетелде білім алып жатқан атыраулық студенттермен тығыз байланыс орнатқан «Globus Education» компаниясының менеджері әрі осындағы филиал директоры Марта ЕСҚАЙЫРОВАҒА жолдаған болатынбыз. Оның айтуынша, шетелдебілім алам дейтін түлектің қалтасында кемінде 25 мың доллардан жоғары жинағы болуы керек. Немесе студенттің есепшотына ата-анасының қалтасынан ай сайын 100 мың теңгедей ақша түсіп тұруы тиіс. Ол елшіліктен виза алу үшін қажет екен. Кез-келген банктен ашқан студенттің есепшотына ақша ай сайын түсіп тұруы керек. Себебі, шетелде оқитын студент жоғары оқу орнына ай сайын 500 фунт стерлинг төлеп отырады-мыс. Марта сондай-ақ, аталған қордан бөлек өз күштерімен түсуге ниет танытқан жастардың көбіне-көп ағылшын тілін жетік білмеуінен емтиханнан құлап жататынын айтады. Ал негізінен шетелде оқимын дегендердің басым бөлігі жағдайы жақсы және білімді жастар, дейді ол. Олардың әке-шешелері де анау-мынау жерде емес, қалалық, облыстық басқарма басшылары мен білікті мамандар көрінеді. Бірақ, жалақылары мәз емес. Алайда соған қарамастан, олар балаларын шетелде оқытуға ақшаны қалай болса да тауып отырғанға ұқсайды.
Айнұр АСЫЛБЕКҚЫЗЫ