Атырау облысының әкімі аймақтың әлеуметтік-экономикалық ахуалы туралы баяндады
14 қыркүйекте Атырау облысының әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ аудандар бойынша танысу сапарының қорытындысын және президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВПЕН кездесуі туралы сөз қозғау үшін облыс активін жинады.
БЕС ЖОБА ҒАНА ЖҰМЫС ЖАСАЙДЫ
Әкімнің сөзін ешкімнің де дайындап бермегендігі белгілі болды. Ол сөз алған кезде залда тыныштық орнады. Ізмұхамбетов елбасына облыс халқынан сәлем жолдап, шенеуніктерге бюджет қаржыларын дұрыс жұмсау жөнінде талап қойды. Баяндама басталарда әкім активті облыстың экономикалық және әлеуметтік саладағы нақты ахуалымен таныстырды. Оның айтуынша, 2010-2012 жылдары жеделдетілген индустриялық-инновациялық дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында жалпы құны 43 млрд теңге болатын 20-дан астам жобаны жүзеге асыру қарастырылған. Оның ішінде қазір тек 5 жоба ғана жұмыс істеп тұр, 3 жоба кәсіпкерлердің бас тартуы себепті жүзеге асырылмаған, 4-уі – тоқтап тұр, ал 12-сі – 30-дан 70 пайызға дейінгі көлемде орындалған. Қазіргі кезде жобаларды аяқтауға қатысу туралы басқа елдермен келіссөздер жүргізіліп жатыр.
Білім беру саласындағы ахуал анағұрлым күрделі көрінеді. Облыстағы 198 мектептің 85-і – жөндеуді қажет етіп тұр, 11-і – апатты жағдайда. Мектептерде 90-жылдардың басындағы компьютерлер қолданыста. Әкімге ұсынылған статистика бойынша, облыс оқушыларының 77 пайызы ыстық тамақпен қамтылған. Алайда нақты есептеулер бұл үлестің анағұрлым төмен екенін – 37 пайыздан аз екенін көрсетті. Әсіресе өткен жылмен салыстырғанда 13 пайызға өскен аз қамтылған отбасының балаларына арналған ыстық тағам туралы мәселе өзекті болып отыр.
– Егер осындай отбасының баласы ең болмағанда күніне бір рет ыстық тамақ ішпесе, ол қалай сабақ оқиды, оның денсаулығы қандай болмақ? Біз қазір 4-сыныпқа дейінгі бүкіл балаларды ыстық тамақпен қамту мүмкіндігін қарастырып жатырмыз, - дейді Б. Ізмұхамбетов.
Атырау қаласының мектептеріне келер болсақ, балаларды ыстық тағаммен қамту мүмкіндігі 55 мектептің тек 12-сінде ғана бар екен.
БАЛАЛАРДЫ ӨКПЕЛЕТТІ
МЕКТЕПТЕРДІ ЖӨНДЕУ: әкімнің айтуынша, тендерлердегі бүкіл жұмыс көлемі екі компанияға бөлінген. Олар өз кезегінде жұмыстарды қосалқы мердігер компанияларға берген, ал ол компаниялар өздерінің қосалқы компанияларына жүктеген.
– Мен мұндай бейбастақтықты еш жерден көрген жоқпын! – деп айқайлап жіберді Ізмұхамбетов.
Әрине, мұндай жағдайда жұмыс сапасы туралы айту орынсыз. Оқу жылының басында 10 мектеп ашылмай қалды, ал 8 мектептің оқушылары қазіргі кезде спорт залдары мен басқа бейімделген ғимараттарда білім алып жатыр. Ауыл мектептерінде дәретханалар әлі күнге дейін сыртта орналасқан (жоба бойынша қарастырылмаған).
Облыстағы 120 балабақшаның 43-і күрделі жөндеуді қажет етіп тұр, қалғандарының тозығы жеткен жиһаздарын ауыстыру керек.
БАРЛЫҚ ЖЕРДЕ БІР СЫЗБА
ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ: Б.Ізмұхамбетов Құрманғазы ауданындағы орталық аудандық аурухана ахуалының сын көтермейтінін және Индер ауданында осы секілді емдеу мекемесінің жоқтығын атап өтті. Әкімнің айтуынша, облыстағы жөнделуге тиесілі 18 емдеу мекемесінің 16 объектісін тендер нәтижесінде бір компанияға берген, ал ол компания оларды қосалқы мердігерлерге беріпті. Нәтижесінде 4 объектіде жұмыстар жасалмай тұр, ал 2-де әлі басталмаған.
МӘДЕНИЕТ: 28 нысан жөндеуді қажет етіп тұр, облыстағы 25 елдімекенде мәдениет үйлері жоқ.
АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ: әкімнің айтуынша, облыста ветеринарлық қызмет мүлдем жоқ.
– Естеріңізге салсақ, Батыс Қазақстанда мүйізді ірі қара малының арасында екі мәрте орын алған індет салдарынан ауылдардың бірінде мысықтан бастап күшікке дейін бүкіл жануарларды сойып, өртеп жіберуге тура келді. Содан кейін ауылда өлі тыныштық орнады. Мұндай жағдайды басымызға салмасын, бізде қарсы тұратын ештеңе жоқ. Ветеринарлық қызмет пен зертханаларды белсенді түрде жаңғырту керек.
АУЫЗ СУ ҚАҒАЗ ЖҮЗІНДЕ
Ізмұхамбетов облыс халқының ауыз сумен және табиғи газбен 100 пайыз қамтылғандығы туралы бұрынғы басшылықтың мәлімдемесіне қарамастан нақты көрсеткіштердің анағұрлым төмен екендігін айтты. Сумен қамту 58 пайызға, газбен қамтылу – 76 пайызға, балабақшалармен қамту 55 пайызға тең екен.
Ізмұхамбетов өзіміздің Махамбет ауданындағы Ақжайық ауылын мысалға келтірді:
– Қағаздардың барлығында ол жерге су жүргізілді деп жазылған. Бірақ ол жерде су жоқ.
«ӘКІМДЕРДІҢ ЕМЕС, ПРЕЗИДЕНТТІҢ ЕҢБЕГІ»
Ізмұхамбетов президентпен кездесу барысында облысты аралаған іс-сапарының нәтижелерін баяндапты. Кездесу кезінде облыс әкімі 2013-2015 жылдардың бюджеті туралы басты мәселені көтерген. Оның жобасы қазіргі кезде парламентте қаралып жатыр. Әкімнің айтуынша, президент Атырау облысының бюджет жобасын қолдапты.
Әкім одан кейін ҚР көлік және коммуникациялар министрі Асқар ЖҰМАҒАЛИЕВПЕН де кездескен. Жол мәселесіне қатысты Мақат-Доссор көлік жолының 17-ші километр учаскесінің салынып болғандығы, сондай-ақ, келесі жылдан бастап Атырау-Астрахан трассасының (шекара жақтан) 60 км учаскесін салу жұмыстары басталатыны айтылды. Әкім Атырау-Индер жолындағы учаскені жөндеу қажеттігін де атап өтті.
Активтегі баяндама барысында Ізмұхамбетов Махамбет пен Индер аудандарында жоғары экономикалық мүмкіндіктің барын бірнеше рет атап өтті. Ол бұл аумаққа етті мал шаруашылығын, өсімдік шаруашылығын, сүт пен сүт өнімдерін өндіруді белсенді түрде дамыту керектігін айтты.
– Жайықтың сол жақ жағалауында 50 мыңға дейін халық тұрады, 90 әлеуметтік нысан бар. Президент Атырау мен Индердің ара қашықтығын сұрап, ортасынан өзен арқылы көпір салуды ұсынды. Келесі жылы жоба дайындалып, көпір салу жұмыстары басталады.
Әкімнің ҚР білім және ғылым министрі Бақытжан ЖҰМАҒҰЛОВПЕН кездесуі барысында республикалық бюджет есебінен бұрын жоспарланған 2 мектептің орнына 4 мектепті жөндеу туралы мәселе шешілген.
Шешілген мәселелер арасында Атыраудан жаңа әуежай салу мәселесі де бар. Ізмұхамбетовтің айтуынша, осы мәселе бойынша «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ басшысы Өмірзақ ШӨКЕЕВПЕН келісімге қол жеткен. Жобалау жұмыстары келер жылы басталады.
Ізмұхамбетов ауылдарға жіті назар аудару керектігін ерекше атап өтіп, аудан әкімдерін шағын және орта бизнесті, ауыл шаруашылығын дамытуға, жастарды тартуға шақырды:
– Сіздер бүгін ауылдардағы әлеуметтік нысандардың қандай күйде екенін естідіңіздер. Көп қателіктер болды. Бірақ болар іс болды. Соңғы оқиғалардан кейін Атырау облысын бұрынғыдан қатаң бақылауға алатынын ескеріңіздер. Сіздерді өте мұқият болуға, бюджет қаржыларын шашпай, үнеммен қарауға шақырамын.Біз сіздердің көрсеткіштеріңізді тексердік, енді сіздерді (яғни аудан әкімдерін) бақылауға алатын боламыз.
Әкім сондай-ақ былай деп мәлімдеді:
– Біз елімізде жасалып жатқан нәрселердің барлығы елбасының еңбегі екенін дұрыс түсінуге тиіспіз. Оның көмегінің арқасында келесі жылы облысымыз 32 млрд теңге алады, батыс инвесторлармен мәселелер, қазақстандық қамту, кадрларды жұмысқа орналастыру, жастарды дайындау мәселелері шешілуде.
«ЖАСТАРМЕН СӨЙЛЕСІҢІЗДЕР»
Әкім діни экстремизмге байланысты соңғы оқиғаларды тергеумен құқық қорғау органдарының айналысып жатқанын, жастарды сектаға тарту қаупі сақталып отырғанын, жастардың оларға байқамай қосылып кетіп жататындығын атап өтті. Ол ата-аналарды, мұғалімдерді, мемлекеттік қызметкерлерді, «Нұр Отан» мен құқық қорғау органдарын өскелең ұрпақты мұқият қадағалауға шақырды:
- Сіздер қай жерде болсаңыздар да, мейлі қонақтық, садақа немесе тойда болсын, жастарға ақыл беріп отырсаңыздар екен деймін. Он баланың ең болмағанда бесеуі құлақ асады...
Әкім одан бөлек, қысқа дайындық туралы, атап айтқанда, Балықшы поселкесінің жағдайы туралы, сондай-ақ, Алмагүл ықшам ауданындағы лифтілерді жөндеу және т.б. проблемалар туралы айтты.
Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ