Бүгінде әрқайсымызда дербес бұқаралық ақпарат құралдары бар десек артық айтқан болмаспыз. Ойыңдағыны сал, өз еркіңде. Бірақ, кез-келген игі нәрсе секілді, оның да сұрауы болады. Кейде бас бостандығыңмен өтеуің мүмкін. Әлеуметтік желілерде ақылмен екшеп, пост жазып, пікір білдіріп, қырағы органдардың көз қырына қалай ілікпеуге болады?
Фейсбуктың бұрынғы вице-президенті Чамат Палихапития өзінің бұл жобаға қатысқандығына өкініп, әлеуметтік желілердің бұқараны басқаруға мүмкіндік беріп, демократияға нұқсан келтіретінін мәлімдеген еді. Дегенмен, кейбір елдерде бұқараны манипуляциялаудың жаңа әдісі «келіспейтіндерді» ұмыт қалған ескі «дәлдеп ату» дәстүріне қайта әкелді. Тек бүгінде қудалау органдары шаң басқан офлайн-кабинеттерден онлайнға көшіп алды. Бір сөзбен айтқанда, театрдағы қуыршақтар жаңа болғанымен, арқаннан тартып тұратын сол баяғы «Карабас».
Егер Америкада президенттің өміріне тікелей қоқан-лоқы жасағаны үшін жауапкершілікке тартса, Еуропада жақында «әдепсіз сөзі» үшін британдық әйелге қатысты қылмыстық іс қозғады. Ол жынысын әйел қып өзгерткен трансгендерді еркек деп атаған болатын. Ал Қазақстанда көбінесе әлеуметтік желілердегі азаматтық ұстанымы үшін «күйіп» кете алады.
Біздегі Қылмыстық кодекстің ең көп қолданылатын бабы – «Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру» деп аталатын 174-бап. Ол бойынша 2017-2018 жылдары Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде 358 (тиісінше 219 және 139) қылмыстық заң бұзушылықтар тіркелді. Бұл қылмыстық бап, ол бойынша едәуір жаза қарастырылған. Қазақстанда алауыздықты тудыру екі жылдан жиырма жылға дейінгі мерзімде бас бостандығын айырумен жазаланады.
САЯСИ ТҰРҒЫДАҒЫ БАП
«Құқықтық медиацентр» қоғамдық қорының заңгері Гүлмира БІРЖАНОВА желіде өзіңді қалай қауіпсіз етуге болатынын және сөз еркіндігінің құрбанына айналу мүмкіндігін болдырмас үшін не істеу керектігін әңгімелеп берді.
- Соңғы бірнеше жылда әлеуметтік желі қолданушыларын авторлық пост жариялағаны немесе біреудің жарияланымдарын репост жасағаны үшін заңды түрде қудалауға қатысты жанжалдар жиілеп кетті. Қазақстан бойынша мұндай статистика бар ма?
- Мұндай статистиканы жасау қиын, тіпті, осы нақты периметр бойынша мүмкін емес. Өйткені, 174-бап бойынша үкімдер қолжетімді емес, олар Жоғарғы Соттың сайтындағы сот шешімдерінің дерекқорында да жоқ. Жұртшылыққа белгілі болған жағдайлар нақты ахуалды көрсетпейді. Бір нәрсені ғана сенімді түрде айтуға болады - сот тәжірибесі осы санат бойынша іс жүзінде ақтау үкімдері жоқ екенін көрсетіп отыр (З.Б. ескертпесі – Біздің сауалымыздан кейін Г.Біржанова Бас прокуратураға жүгінді - ҚК-нің 174-бабында қарастырылған іс-әрекеттерді жасағаны үшін 2017 жылы 54 тұлға сотталды: 24 адам бас бостандығынан айырылды, 30 адамның бас бостандығы шектелді, 2018 жылы 83 адам сотталды: 30-ы бас бостандығынан айырылу, 53-і бас бостандығын шектеу жазаларын алған).
Мен бұл бапқа қарсымын. Менің пікірімше, жаза жек көрушілік тұрғысындағы қылмыс үшін қарастырылуы тиіс. Өйткені алауыздық тудыру деген тұжырымдама үшін өте ауқымды түсінікті қамтиды. Нақтылықтың және бір мағыналылықтың жоқтығы қарапайым қазақстандыққа не нәрсеге тыйым салынғаны жөнінде айқын түсінік бермейді. Ал құқыққорғау органдары асыра сілтеуге жол береді, істер факт бойынша емес, теріс салдары басталмаған және бастала ма, жоқ па, белгісіз формалды белгілер бойынша қозғалады. Үкім шығаруға қатысты жағдай да осындай. Сот және заң тәжірибесінде әлі күнге дейін «тектік-топтық» терминіне түсіндірме жоқ. Оларды түсіндіру іс жүзінде жергілікті жерлердегі судьялардың құзырына қалдырылған. 174-ші «алауыздық тудыру туралы» бап бойынша қозғалған істер әдетте саяси сипатқа ие, ал ол бойынша бас бостандығынан айыру түріндегі жаза шарасы көп.
Алайда алауыздықпен және кемсітушілікпен күресу деген мақсаттар ізгі болғанмен, ол бізде көбінесе азаматтық белсенділерге, блогерлерге, әлеуметтік желілерді белсенді қолданушыларға қарсы қолданылатын құралға айналып кеткен.
Мұндай салмақты баптардың тұжырымдамасы еркін баяндауға және қолдануға мүмкіндік қалдырмайтындай айқын, нақты болуы тиіс. Формалды емес, нақты құрамы бар қылмыстық істердің қаралуы маңызды. Болуы мүмкін, бірақ болмаған нәрсе үшін адамды жазалауға болмайды.
ЗАҢДА КЕРІ КҮШ БАР
- «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заң нормалары шағын аудиториясы бар блогерлер мен әлеуметтік желі қолданушылары үшін қолданыла ма?
- 2009 жылы Қазақстанда бүкіл интернет ресурстарын БАҚ-қа теңестірді: «бұқаралық ақпарат құралы – мерзiмдi баспасөз басылымы, теле-, радиоарна, киноқұжаттама, дыбыс-бейне жазбасы және интернет-ресурстарды қоса алғанда, бұқаралық ақпаратты мерзiмдi немесе үздiксiз бұқаралық таратудың басқа да нысаны». Тиісінше, әлеуметтік желілер де заң бойынша - БАҚ. Макс Боқаев пен Талғат Аянға қатысты істер бойынша шығарылған үкімдегі сот тұжырымдамасы есіңізде ме? Онда «шетелдік Фейсбук бұқаралық ақпарат құралында жариялаған...» делінген.
- Авторлық па әлде авторы көрсетілген көшірме ме, кімнің материалы жарияланғанының айырмашылығы бар ма? Өз пікірі мен бөгде біреудің пікірін таратқаны үшін жауапкершілік деңгейінің айырмасы қандай? Репост жасаған пайдаланушының қылмыстық қудаулауға ұшырап, ал пост авторына ешқандай айып тағылмаған жағдай болды. Мұны заңды тұрғыда қалай түсіндіруге болады?
- Бұл фейсбук қолданушысы Мәмбеталинге қатысты атышулы жағдай ғой. Мұнда контент авторы зардап шекпей, оның пікірін жай ғана таратқан адам қуғынға ұшырады. Мен қалауыңа қарай кез-келген ықтимал жағдайларға қолдануға болатын 174-баптың өзгеше «икемділігін» айтып өттім ғой. Осыған ұқсас, бірақ одан да өрескел жағдай Астанада болды. Егер бірінші жағдайда сол кезде Телібековтің тыйым салынған кітабын жариялау фактісі орын алған болса, екіншісінде Исламның бір тарамын ұстанушы діни әдебиеттен үзіндіні ол кітап ҚР-да тыйым салынды деп танылғанға дейін жариялған. Пайдаланушыға өте салмақты айып тағылды. Ол болашақта бұл кітапқа тыйым салынатындығын қайдан білсін?!
- Әлеуметтік желілердегі әрекеті заңнамаға қайшы келмейтіндігіне көз жеткізгісі келетіндер үшін маркер-сауалнамалар тізімін ұсына аласыз ба? Жарияланым, репост немесе комментарий бұл баптарға «ілігіп» кетпес үшін не нәрсеге назар аудару керек?
- Жарияланым жасағанда дұрыс ақыл-ой мен сыни ойлауды басшылыққа алу маңызды. Әр адамның өзгелердің ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтірмей, жала жаппай, заңсыз әрекеттерге шақырмай, өз пікірін жариялауға құқығы бар. Кез-келген жария алаңда, әлеуметтік желілерде фактілер мен сенімді ақпаратты негізге алып, сындарлы сөйлеу керек, әсіресе сіз сын айтып отырсаңыз. Егер репост туралы айтатын болсақ, құқық қорғаушы ретінде менің кеңесім – ең алдымен ақпаратпен бөліспес бұрын оның дұрыстығын тексеріңіз. Егер дереккөзге сенімді болмасаңыз, репост жасаудан немесе таратып жіберуден бас тартқан дұрыс.
СЕН СОҒАН ДА КІНӘЛІСІҢ
- Соңғы жылдары мессенджерлер арқылы тұмаудан емделудің «балама» әдістерінен бастап саясиланған болжамдар мен қылмыстық ақпарларға дейін жалған ақпараттар тарату үрдісі белең алып кетті. Балаларды ұрлау немесе тағы да педофильдің пайда болғаны туралы фактілер айтылған хабарламалар жиі таратылады. Үндістанда 7 жас жігіт осындай жалған фейктің құрбанына айналды. Оларды ашынған тобыр сол жерде жазалаған. Ол жігіттер ауыл балаларына кәмпит таратқан екен, ал мессенджерлерде сол кезде сол аумақта педофил пайда болғаны туралы «жаңалықтар» тарап кеткен.
- Мұндай әрекет үшін жауапкершілік ҚР ҚК-нің 274-бабы бойынша реттеледі. Бұл «Көрінеу жалған ақпарат тарату» деп аталатын тағы бір «күрделі» бап. Адам WhatsApp арқылы жер сілкінісі болатыны туралы хабарлама алды делік. Ол жақсы пиғылмен чаттарға таратып жібереді. Жер сілкінісі болмайды, теріс физикалық салдары болмады, бірақ таралған хабарлама жұртшылықтың үрейін қашырды. Мұндай оқиға ушыққан жағдайда, оны жауапкершілікке тартуы мүмкін. Өйткені, ол таратқан мәлімет ықтимал қоғамдық қауіп төндіреді. Оның фейк авторы еместігі маңызды емес. Осы бап бойынша хабарламаны тарату фактісі жеткілікті, авторы немесе дереккөз болуы міндетті емес. Тіпті, дереккөзді іздемейді де. Кінәлі – құқыққа қайшы заңсыз ақпаратты таратушы бар. Ізгі ниет те көмектеспейді. 274-бап бойынша 2017 жылы Қазақстанның 61 азаматы, 2018 жылы 56 азаматы сотталды. Сондықтан мұндай мәліметтер жазылған хабарламаларды таратуда өте сақ болған жөн. Мен пайдаланушыларға, әсіресе, WhatsApp қолданушыларына ақпараттың дұрыстығына сәл күмән туындаса, оны таратпауға кеңес беремін.
- Егер қазақстандыққа қатысты пост немесе комментарийі үшін қылмыстық қудалау басталса, ол қандай іс-әрекет жасай алады?
- Егер сізге сотқа дейінгі талап келсе немесе сізді жауапкершілікке тарту туралы басқа пайдаланушыдан қоқан-лоқы түссе, бұл туралы бірден жазылушыларға хабардар етіп, жұртшылық резонансын тудыруға кеңес беремін. Егер 174-ші немесе 274-ші бап туралы қылмыстық іс қозғалса, білікті адвокат керек. Мен мемлекеттік емес, осындай істерге маманданған адвокатты жалдауға кеңес берер едім. Бұл салмақты баптар, олар бойынша бас бостандығынан айырылу қаупі жоғары. Сонымен қатар, филологиялық сараптама жүргізу үшін тәуелсіз сарапшыны міндетті түрде тарту керек деп есептеймін. Қазақстандық жүйеде айыптау үкімі шыққан жағдайда, бұл үкіммен келіспей, адам құқықтары жөніндегі БҰҰ Комитетіне жүгінген кезде бұл сараптама қажет болады.
ТАҒЫ ДА АВТОРДАН
Өз ойыңдағы пікіріңді жариялап, сол үшін жауап беру қисынды. Ал егер бір кездері не үшін, қашан жарияланғаны есіңде жоқ жарияланым үшін сотқа шақыртылсаң, реніштісі сол. Ұнайтын блогерге жай ғана жылылық таныту үшін «бөлісу» дегенді басу түк емес қой. Алайда бұл үшін қылмыстық қудалау мысалдары әр әрекетіңді зерделеп, мұқият болуға мәжбүрлейді. Осы қағидат бойынша саралау жүйесі: ҚР президентінің інісі Болат Назарбаевтың кіші әйелінің аккаунты (@khan_tore) — қауіптілігі төмен, тіпті, жақында ғана кішкентай Хантөре Болатұлының бірінші туған күніне орай көптеген танымал ақсақалдар келген сән-салтанатты тойдың ролигін бөлісу талап арыз беруге себеп болмады.
Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек те бой көрсетіп қалған шара туралы жарияланымдар, жас әйелінің аккаунтындағы суреттер мен бейнематериалдар да тез ғайып болып, себеп ұмытылды. Ал «ҚДТ» (Қазақстанда тыйым салынған қозғалыс – автор ескертпесі) немесе «Мұхтар Әблязов» деген атаумен жазылған нәрсені бөлісу мүлдем басқа нәрсе.
Оның артында Ақорданың қаһарына ұшыраған қашқын олигарх немесе жалған парақ тұр ма, жоқ па - бірақ саусағыңызды «бөлісу» деген түймеге басар кезде, мәтін аталмыш баптардың тармақтарына сәйкес келе ме, жоқ па, шолып өткен жөн. Бір сәт тоқтаңыз, бұл қауіпті болуы мүмкін, егер тіпті бас бостандығыңызбен де өтеуге дайын болсаңыз, қорықпай баса беріңіз.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА