Атырау, 24 қараша 11:27
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Емхана таңдау мүмкіндігі шектеулі

5 676 просмотра

Осыдан екі жыл бұрын енгізілген Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі өзінің таусылмас олқылықтарымен әлі де таңдандырып келеді. Ал, кейбір жаңалықтардың жағымсыз тұстары да бар.

1 қаңтардан бастап тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін амбулаториялық-емханалық ұйымдарда орталықтан қаржыландыру жарияланған болатын. Енді емханалар ақшаны әрбір «штатты» пациент үшін алатын болады. Бір пациентті емдеуге мемлекет белгілеген нақты сома бекітілген халық санына көбейтілмек.

Ол үшін емханалар өз тізімдерін жасауды бастады. Пациенттерге емхананы өз қалаулары бойынша таңдауды ұсынуда. Алайда, дәрігерлердің «өз аумағынан тыс» шақыртуларға қызмет көрсетпейтіндігіне дайын болыңыздар. Демек, пациент қаланың басқа шетіндегі емхананы таңдап, мамандардың қабылдауына бара алады, ал, дәрігердің өз үйіне келуін күтпеуіне болады. Бәрібір келмейді. «Біздің отбасымыз үш адамнан тұрады. 1997 жылдан бастап №2 емханаға қаралып келеміз. 2010 жылы дәрігерлерді таңдау құқығы пайда болғаннан кейін біз учаскелік терапевт-дәрігерді ауыстырып алдық. Биылғы жылы бізге СМП-136 тұрғындары Алмагүл мөлтек ауданындағы жаңа емханада қаралатындығымызды хабарлады. Емдеу мекемесін таңдау құқығын пайланған менің күйеуім біздің отбасымызды бұрынғы №2 емханада қалдыруды сұрап, өтініш жазды. Мен осы арызбен емхананың бас дәрігеріне жолықтым. Одан СМП-136 олардың аумағына кірмейтін болғандықтан дәрігерлердің біздің шақыртуларымызға келмейтіндіктерін білдім. Егер дәрігерлік қызмет толық көрсетілмейтін болса, онда емдеу мекемесін таңдаудың мәні неде?»-деген сауалды бізге оқырманымыз Мария ЗНАЛИЕВА жолдап отыр. Бұған түсінік алу үшін біз №2 емхананың бас дәрігері Аманбек ЖҰМЫРОВҚА жолықтық. «Жаңа жылдан бастап емханалардың жұмысын қаржыландыру бірыңғай сметалық жан басына есептелген нормативтер бойынша жүргізілуде. Ол үшін біз пациенттерден емханаларды таңдауды нақты анықтап алуды сұраймыз. Дәрігерлер қаланың басқа учаскелеріне шақыртуларға баруға шын мәнінде міндетті емес,-дейді А.Жұмыров. –Біз бұл мәселені біздің облысымызға денсаулық сақтау министрлігінен келген куратордың іссапарында көтеріп, шақыртуларға аумақтық белгілері бойынша қызмет көрсетілетіндігі туралы жауап алдық. Мәселен пациент №3 емханаға қарайтын болса, онда ол үйіне дәрігерді содан шақырта алады».  

- Ал, егер ондағылар пациент басқа емханаға бекітілген деп шақыртуды қабылдамайтын болса ше?

 - Қабылдамауға құқығы жоқ. Барлық емханалар өз аумақтарының барлық шақыртуларын қабылдап, қызмет көрсетуге өздерінің міндетті екендіктері туралы хабардар.

- Ал, мынадай жағдайда қалай істеген жөн: Авангардта тұратын отбасы №2 емханаға бекітілген. Отбасында сәби дүниеге келді. Сонда дәрігерлер патронатты жүзеге асырмай ма?

- Баланың туғандығы туралы хабар перзентхана үйінен міндетті түрде отбасының мекен-жайы бойынша учаскелік педиатрға түседі. Және ол жаңа туған балаға дәрігерлік қызмет көрсетеді. 

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Меңдіхан Өтепқалиев өзінің қол астындағыларына қарағанда «аумақтық» емхана дәрігерінің басқа амбулаторияға бекітілген науқастың шақыртуына міндетті түрде келеді деген маңызды жауапты беруге асығатын емес. «Бұл мәселе әлі аяғына дейін толық шешілген емес. Барлық дайындық жұмыстары жүргізілгеннен кейін шешіледі деген үміттемін. Пациенттер емханаларға бекітіледі, штаттар толық жинақталады, барлығы өз орнына келеді»,-деді ол.  

-Сонда пациенттерге өздерінің аумақтық белгілері бойынша бұрын бекітілген өз емханаларында қала бергендері дұрыс па?  

- Иә, солай болғаны дұрыс. Жалпы дені сау адамдар емханаларын өзгертпейді. Олар созылмалы сырқаттары бар адамдар, өз ауруларына байланысты жақсы маманды іздейді. Мәселен, кардиолог, хирург және басқаларын. Нақты бір маманға байланысты емханаларды таңдайды.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

10 ақпан 2011, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.