Отандасымыз Шыңғыс ӘБЕНОВ соңғы 80 жылда - 1938 жылдан 2018 жылға дейін - Қазақстанда кең таралған қыздар есімдеріне шолу жасады. Әдеттегі статистикалық мәліметтер негізінде жасалған кесте осы уақыт ішінде қандай демографиялық өзгерістер болғанын көрсетіп отыр.
- Маған цифрлармен жұмыс жасау қызықты болғандықтан, stat.gov.kz статистика сайтына жиі кіретінмін, - дейді Шыңғыс. – Ол жерде «Бұл қызық» айдарынан 1938 жылдан бастап ай сайынғы танымал 20 есімді көруге болады. Содан кейін танымал есімдер динамикасы бойынша Қазақстан туралы көп нәрсе білуге, айқын демографиялық өзгерістерді көрсетуге болатынын көрдім.
ЦИФРЛАР СЫР ШЕРТЕДІ
Шолуға сүйенсек, алғаш рет нағыз 20 қазақ есімі 1956 жылы пайда болған.
- Иә, онда тек кезең ішіндегі танымал 20 есім жарияланады. Неліктен қазақ есімдері бұған дейін осы жиырмалықтың ішінде болмаған? Бұған түрлі көп себептер болуы мүмкін. Бәлкім, қазақтарда алуан түрлі есімдер болған шығар. Ал орыс есімдері бір типті болып, көп статистика жинаған.
Бәлкім, қазақтардың көпшілігі 50-жылдарға дейін қалада тұрмағасын, статистика олардың бәрін қамтымаған шығар. Мұны мамандардан сұрау керек болар.
Өз постында Шыңғыс жұмысы туралы былай пайымдайды: «Қалай болғанда да, жоғарыда келтірілген кестелерден үш тұжырым жасай аламыз: қазақтар балаларын А әрпінен басталатын есіммен атағанды жақсы көреді. 2018 жылы 20 топ-есімнің 14-і А әрпінен басталған. Исламмен байланысты есімдер анағұрлым кең тараған: Медина, Айша, Райана... 2018 жылдың маусымындағы мәліметтер бойынша ұлдар арасында Рамазан есімі көп қойылған. Өйткені бұл Рамазан айы болатын. Ақыр аяғында, демографияда түбегейлі өзгерістер болды».
ҚАЗАҚЫ ЫРЫМ
ҚР Статистика комитетіндегілер есімдерді санау қалай жүргізілетінін айтты:
- АХАЖ-дан келген мәліметтерді біз ортақ жүйеге жүктейміз. Әр айдың соңында ұлдар мен қыздарды туылуына қарай топтаймыз, - дейді ҚР Ұлттық экономика министрлігінің статистика комитетінің статистикалық тіркелімдер мен жіктелімдер жөніндегі бас сарапшысы Төлеген ӘСКЕР.
Көш бастап тұрған есімдерге келер болсақ, бәрі өңірлерге байланысты:
- Өткен жылдың мәліметтері бойынша, солтүстік облыстарда, мәселен, славян есімдері көп болған. 2018 жылғы қаңтар-желтоқсандағы ақпарат графикасында Қостанай облысы мен СҚО-да Артем, қыздардан София есімі көп қойылғаны көрініп тұр. Ақмола облысында да Артем деген есімдер көп.
Шыңғыстың шолуынан кеңес жылдары қазақтар арасында Надежда, Любовь, Татьяна, Лидия, Мария, Роза, Тамара және Светлана есімдері көп болғанын айтуға болады. Айтпақшы, соғыстан кейінгі алғашқы жылдары қазақтар балалары шетінеп кетпес үшін оларға орыс есімдерін қоятын болған.
Сәуле ТАСБОЛАТОВА, «АЖ» меншікті тілшісі, Астана қ.
Шыңғыс ӘБЕНОВТІҢ бейнеграфикасы