26 ақпанда сағат 14.24-те ТЖД пультіне Атырау-Орал трассасында ірі жол-көлік апаты туралы хабарлама түсті. Алдын ала мәліметтер бойынша, Оралдан Атырауға келе жатқан DAEWOO маршруттық автобусы Volvo маркалы жүк көлігімен соқтығысқан. Нәтижесінде автобустың үш жолаушысы (екі әйел мен ер адам) қаза болды, 20 шақты жолаушы түрлі ауырлық деңгейінде жарақат алды.
Зардап шегушілер Атырау, Индер және Махамбеттегі медициналық мекемелерге жеткізілді.
Автобуста барлығы 43 жолаушы, соның ішінде Атырауға спорттық турнирге бара жатқан 15 бала болған. Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлағандай, олар үшін ыстық тағам ұйымдастырылып, әрі қарай жеткізу үшін көлік әзірленген. Жолаушылар мен олардың жағдайы туралы қажет ақпарат алу үшін тәулік бойына 98 02 92, 8778 0072021 нөмірлері бойынша Call-центр жұмыс істейді.
ҚР ҚК-нің 345-бабының 4-тармағы ("Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың абайсызда адам өліміне әкеп соққан жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы") бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды.
Марат ШУАҚБАЕВ, Махамбет аудандық ауруханасының бас дәрігерінің міндетін атқарушы:
- Бізге 7 адам түсті, оның алтауы 2005-2006 жылғылар. Содан соң орташа ауырлықта зақым алған үш баланың облыстық ауруханаға жібердік, олардың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Қалғандарын 27-де ауруханадан шығарамыз.
Гүлмира ЗАИТОВА, Индер аудандық ауруханасы директорының орынбасары:
- Ауруханамызға 4 зардап шегуші жеткізілді, үшеуі 2005-2008 жылғылар. Олардың жағдайы қалыпты деуге болады, тиісті емдерін алып жатыр.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор