Атырау, 25 сәуір 16:37
 ашықВ Атырау +21
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

Денсаулық туризмі - маңызды сала

Сурет
2 321 просмотра

Алматыдағы «Қазақстан» қонақүйінде Түркияның «ExpoTurka Fuarcılık Ticaret Limited» компаниясының ұйымдастыруымен медициналық бағыттағы «HEALTH EXPO-2019 халықаралық көрмесі өтті, деп хабарлайды "Түркітілдес журналистер қоры".

Басты мақсат: екі ел арасындағы іскерлік қарым-қатынастарды дамыту, медицина қызметкерлерінің Түркиядағы жетекші емханалар мен ауруханаларда тәжірибе жинақтап, алған білім-білігін Қазақстанда қолдану.

Көрменің ашылу салтанатында Түркияның Қазақстандағы Бас консулы Рыза Қаған Йылмаз мырза: 

«HEALTH EXPO сияқты кез келген көрме, шараларда адамдар бір бірімен танысады, пікір алмасады, кәсіби алаңда достық қатынас орнатады. Біздің қолымыздағы мүмкіндіктерден басқа елдердегі бауырларымыз хабардар болады. Бүгінгі көрмеге Түркияның түкпір-түкпірінен арнайы келген біздің өте сыйлы әрі білікті мамандарымыз Қазақстандағы әріптестерімен тәжірибе алмасады, білген ақпараттарымен бөліседі, дертіне дауа іздегендерге бірге емдеудің жолын табады әрі Түркияның медицина саласындағы мүмкіндіктермен бөліседі деген сенімдемін", - дей келе, баршасына сәттілік тіледі.

«ExpoTurka Fuarcılık Ticaret Limited» басшысы Халил Чыбыклы Қазақстандағы дәрігерлерге берілетін мүмкіндіктер туралы айтты:

«Денсаулық туризмі – дамыған және дамушы елдер үшін аса маңызды сала. Үздіксіз салынып жатқан инвестициялар мен бәсекелестіктің арқасында аталған сала уақыт сайын күшейіп келеді. Түркияда денсаулық туризмі Орталық Азиядағы мемлекеттермен салыстырғанда, барынша дамыған. Кәсіби білікті дәрігерлермен қатар техникалық мамандар жоғары деңгейде, заманауи технология мен медициналық құрылғылар біздегі ауруханалар мен емханаларда кеңінен қамтылған. Қазақстан мен Түркия арасындағы медицина саласында түзілген ұзақ жылдан бергі достық байланысымызды «HEALTH EXPO-2019» халықаралық көрмесі арқылы дамытуды мақсат еттік. Бұйыртса, бұл шара Алматыда жыл сайын өткізіледі».

Үш күнге созылған көрмеде отандық медицина қызметкерлері жалпы хирургия, педиатрия, ортопедия және травматология, нейрохирургия, гастроэнтерология, косметикалық және жалпы стоматология, органдарды трансплантациялау, офтальмология, жүктілік және бала туу, пластикалық және эстетикалық хирургия т.б. бағытта Түркияның жетекші емханалары мен ауруханаларының өкілдерінен кәсіби тұрғыда тегін кеңес алып, ортақ іскерлік қарым-қатынас орнатады.

Биыл алғаш рет өткізілген «HEALTH EXPO-2019» көрмесіне Түркияның жетекші медициналық мекемелері: Bayındır Sağlık Grubu, Diyalog İşitme Cihazları, Koç Üniversitesi Hastanesi, Medipol Üniversitesi Sağlık ve Eğitim Grubu, NeoLife Onkoloji Merkezi, Okan Üniversitesi Hastanesi, Orhun Medikal ve Özel Pendik Bölge Hastanesi өкілдері қатысты.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, үшкүндік шара соңында Қазақстанда еңбек ететін 15 дәрігер Түркиядағы танымал ауруханалар мен емханаларға бір аптаға тәжірибе алмасуға барады. Сапардың барлық шығыны «ExpoTurka Fuarcılık Ticaret Limited» тарапынан өтеледі. Бұл – отандық дәрігерлер мен жалпы медицина саласына қосылатын үлкен үлес.

Түркиядан тәжірибе алмасып келген отандық дәрігерлер көңілге түйгендері мен үйренгендерін жұмыс барысында қолданбақ.

16 ақпан 2019, 20:36

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.