Қала тазарту қызметін жақынырақ білу үшін бір күн «Арнайы автобаза» қызметкері болуды ұйғардым. Бірақ сынақ аяқталғанда арқамның қатты ауыратынын білгенде мұны жасамас едім.
ҚОҚЫС «ХАНШАЙЫМЫ»
Таң алагеуімнен тұруға тура келді, өйткені «Арнайы автобазада» жұмыс күні таңғы сағат 7-де, ал іс жүзінде одан да ерте басталады: арнайы техника да, қызметкерлердің өздері де техникалық және медициналық бақылаудан өтуі тиіс.
Адамдардың көмегімен қоқыс тасығыштың кабинасына отырып алдым да, биіктен өзімді тақта отырғандай сезіндім. Әрине, патшайым емес, ханшайым секілді сезінгенім рас. Жаныма көлік пайдалану бөлімінің бастығы Шыңғыс ШАТАЕВ отырып, алдағы екі сағат бойы маған серіктес болуға уәде берді. Басқа екі жұмысшы «уазикпен» соңымыздан ілесті. Біз ауқымды Привокзальный тұрғын үй кешеніндегі алғашқы қоқыс алаңына жеткенше, ыстық пеште сүтке езілген кепкен нанға ұқсап маужырап, қалғып кеттім.
Айтпақшы, кабинаның ішінде жағымсыз иіс жоқ, ал жұмысшының формасы таза еді. Бұл «баспасөз» келеді деп дайындалғаннан емес екенін оның иегімен мені нұсқап: «Бұл кім?» деп ақырын ғана сұрағанынан байқадым. Содан кейін абдырап қалған қызметкерлер қолында диктофоны бар мені көріп, «уазикке» немесе жақын маңдағы құрылыстың тасасына бой тасалады.
«БАСКЕТБОЛИСТ» ЖӘНЕ КӨМЕКШІ
Анастасия, шығамыз! – деді дауыстап Шыңғыс Әубәкірұлы. Өз-өзіме келіп, қолғабымды киіп, қоқыс контейнеріне қарай бет алдым. Сол кезде мені арнайы киімін әскери белдікпен буып алған арықша келген ұзын жігіт қуып жетті. Танысып қойыңыздар, бұл - Қасымбек ҚАБЫЛОВ, «Автобазада» бес жылдан бері еңбек етіп келеді.
- Маған осы жерде жұмыс жасаған ұнайды. Табысым жаман емес, командам да жақсы, жігіттермен де, жүргізушімен де ауызбіршілікте жұмыс істейміз. Бұл жер жалқауларды сүймейді, сондықтан жұмыла көтеріп, жұмысымызды тындырамыз. Иә, ауыр екені рас, бірақ біз қыз емеспіз ғой, - деді Қасымбек доңғалақты контейнерді қоқыс тасығышқа қарай итеріп.
- Ол спортпен де айналысады, қалалық веломарафонға қатысып, бірінші орын алды, - деді Шыңғыс Әубәкірұлы. Қасымбек ұялып қалды.
Ауыр контейнерлерді жылжыту үшін шынымен үлкен күш қажет. Қоқыспен бірге бактың салмағы кейде бір жарым центнерге жетеді. Іші толы контейнерді жиектастан шығарып, бос контейнерді кері орнына қойып көріңіз. Контейнердің дөңгелектері сынса, тіптен қиын. Мұндай контейнерлерді жігіттердің өздері жөндеп алады. Оған қоса, өздерінің тікелей міндеттеріне кірмесе де, өз бастамаларымен қоқыс алаңдарын ретке келтіреді, қалқа жасайды.
-Бірақ ең қиыны – алаңға кіретін жолды көліктердің жауып тастағаны, - дейді Қасымбек. Қоқыс тасығышты шеткерірек қойып, контейнерлерді сол жаққа сүйреуге тура келеді екен. Оның үстіне енсіз аулалардың арасымен үлкен көліктің бұрылып жүруі де оңай шаруа емес көрінеді. Жігіттердің айтуынша, тағы бір әттеген-айы, кейбір тұрғындар қоқыс салынған пакеттерді контейнерге салмай, жанына қойып кетеді екен. Міне, мысалы, шамасы асығып бара жатқан болуы керек, бір ер адам үш метрдей қашықтықтан пакетін лақтыруға тырысқан, бірақ ішіне түспей, металл профиль қоршауға соғылып, пакеті жыртылып, ішіндегі қоқыстары далаға шашылып қалды. Қасымбек көп ойланбастан қорап әкеліп, сыпырғышты қолына алып, шашылған қоқысты сыпырып, жәшікке салды. Шынымен де, жұмыла кетсе, іс те тез біте қалады ғой.
Маған бакты сүйреуге бермеді, сондықтан контейнердің жанындағы қоқысты жинастыруға көмектестім.
ТЕРЕЗЕСІ АШЫЛМАЙТЫН ЖЕР
Екі жарым сағат ішінде қырық шақты бакты тазалап, қоқыс тасығышты ернеуіне дейін толтырдық. Келесі міндет – шығарып, жиналған қоқысты ел арасында қоқыс орны деп аталатын полигонға төгу.
Полигонның кіре беріс пунктіне жақындағанда жағымсыз ауыр иіс басталды. Кеңсе терезесіне көз тастап, олар ешқашан ашылмайтын шығар деп ойладым. Қазір қысқы уақытта ештеңе емес. Жазда, ыстық кезде органикалық қоқыстар шіри бастағанда, күлімсі иістен шыдап тұру мүмкін болмас.
Шыңғыс Әубәкірұлымен осы жерде қоштастық. Полигон басшысы Бақтыгүл ЫСЫҚБАЕВА төңірекпен таныстыруға кірісті.
Моторы дырылдаған трактор КамАЗ түсірген қоқысты бір жерге үйіп жатыр. Оған қарғаның қарқылдаған дауысы қосылды. Бұл жерде осы мақұлықтар құжынап жүр. Олармен жағаласа беттерін шарфпен орап алған әйелдер пластиктерді бөлек айырып, оны үлкен қара пакеттерге салып жатыр. Жақын арада олардың еңбегі едәуір жеңілдейді, ал әзірге олар қоқысты қолмен жинастыруда.
…Көзім жасаурап, мұрным жыбырлады. Құдды, жаһаннам дерсің. Ал әйелдер жағы жайбарақат, үйреншікті қимылмен түрлі пластик ыдыстарды жинап, қапшықтарға салып жатыр. Бұл жерде жергілікті тұрғындар аз, негізінен Өзбекстаннан келгендер. Қала көшелерін тазалап жүргендер де сол жақтікі, бірақ бұл туралы төменде әңгімелеймін.
Біраз уақыт шыдап, әріптесім суреттер түсіріп болғанша күтіп, содан соң редакция машинасы күтіп тұрған бақылау-өткізу қосынына қарай құстай ұштық. Жігіттермен де жылы қоштастық. Қасымбек қолын бұлғап, жымиып қалды. Оның мейірімді көздерін әлі де есіме сақтарым сөзсіз.
ӘЙЕЛДІҢ АТЫ ӘЙЕЛ
Келесі екі сағатты қаланы тазалаумен айналысатын «Арнаулы автобаза» қызметкерлерімен бірге өткіздім. Атырау алты учаскеге бөлінген, олардың бірінде Гүлшара ЫСҚАҚОВА жетекшілік ететін 55 адамнан тұратын бригада жұмыс істейді. Басым көпшілігі - Өзбекстан азаматтары, бұл жерде жұмыс жасағандарына біраз жыл болған. Араларында жергілікті тұрғындар да бар, бірақ олар журналисті көрген кезде беттеріне қара балаклаваларын киіп, күректерін қолдарына алып, әрірек кетуге асықты.
Гүлшара мені қызметкерлердің бірі Зияда ПЕРДЕБАЕВАМЕН таныстырды.
- Мен көп уақыттан бері Қазақстанда жұмыс істеп жүрмін. Күйеуім мен екі қызым Қарақалпақстанда тұрады, оларға төрт айда бір рет барып тұрамын. Ол жақта жұмыс бар-ау, бірақ аз төлейді. Ал бұл жердегі табысым жеткілікті. Бірнеше жылдан бері туған жерімде үй салып жатырмын, әзірге бәрі жақсы. Әрине, отбасымды сағынамын, қауышқан кездегі уақытымды бағалаймын, - дейді Зияда көзіне жас алып. Менің де көзіме жас келді. Желден жасаурағандай түр таныттым.
- Болды, жылама енді, бояуың ағып кетеді, - деп көңілін көтеріп қойды Гүлшара. Содан соң маған:
- Мен оларға: «Қыздар, өздеріңді аздырып жібермеңдер, тіпті, лас жерде жұмыс жасасақ та, ең алдымен әйел екенімізді естен шығармайық» деймін, - деп түсіндірді.
Қаладағы бірнеше тазалаушы әйел «жақсы тұрамыз» деді, бірігіп, әрқайсысы айына 7 мың теңгеден төлеп, үй жалдап тұрады екен.
ТАҢ АТҚАННАН КҮН БАТҚАНҒА ДЕЙІН
Әңгімелескеннен кейін, сарғылт көкірекшені киіп, қолыма күрек алып, жол бойындағы қарды тазарта бастадым. Бастапқыда бәрі жақсы болатын, бірақ біраз уақыттан кейін, шынымды айтсам, белімнің қатты ауырсынғанын сезіндім. Мүмкін, күректі дұрыс ұстамаған шығармын? Әрең еңкейіп, әрі қарай жалғастыра алмайтынымды түсіндім.
- Қиын ба? – деп сұрады Гүлшара. – Ал олар күн сайын осыны жасайды – таң атқаннан күн батқанға дейін.
Мен күрегімді Гүлшараға беріп, қоштасып, қызметтік көлікке мініп кеттім. Редакцияға жеткенше терезеден бір реңді даққа тұтасқан жасыл, сарғылт комбинезон киген фигуралар қараңдап қалып жатыр. Бұлар - мұнайлы астанада оларсыз іс бітпейтін - басқа елдің еңбекшілері еді...
Анастасия АЛЮШИНА
Суреттерді түсірген Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ