Атырау, 25 қараша 16:12
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Атыраудағы ит-өмір

4 289 просмотра


Атырауда бұралқы иттер аз емес. Олар тобымен әр түкпірден шыға келіп, жүргіншілердің зәресін алады. Кейбірі, керісінше, жалғыз-жарым жүреді. Құйрықтарын бұлғаңдатып, жылы алақанымен сипар деген үмітпен адамдарға жақын жүруге тырысады. Бұлар – қожайындарына керек болмай, қуып жібергендер қатарынан. Қай-қайсысы да, ерте ме, кеш пе, улы жебе тиері сөзсіз.

ИТ КӨРСЕҢ - АТ

Биыл қалалық бюджеттен бұралқы ит пен мысықты атуға 42 млн теңге бөлінді. Тендерде жеңімпаз атанған «Жайық» ЖК-нің бірнеше аңшысы таңсәрімен қала тұрғындарының Телеграммдағы шағымында көрсетілген мекенжайларға шығады. Күніне жүз шақты ит ататын олар, тәжірибе көрсеткендей, көбінесе қаңғыбас қана емес, кездейсоқ сол жерде жүрген қолға үйретілген иттердің де көзін жояды екен.

Ит аулайтын аңшылардың ынта-жігері мен талғамаушылығы - келісім арқылы төлемақы алатындығымен түсіндіріледі. Олардың табысы өте жақсы екен.

Жергілікті биліктің бұған қатысты ұстанымы қатаң:

«Егер қолға үйретілген ит болса, ол байлаулы болуы керек. Қарғыбауы болса да, әр жерде қаңғып жүрсе, оның иесі жоқ болғаны, оны ату керек», - деп түсіндірді қалалық ветеринария бөліміндегілер.

ОРАЛДА ҚАҒАЗ ТҮРІНДЕ

Еліміздің басқа өңірлеріндегі ахуал қандай? Ғаламтордан 2016 жылғы «Батыс Қазақстан облысы елді мекендерінің аумағында қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою қағидаларын бекіту туралы» Батыс Қазақстан облыстық мәслихат қаулысын таптым. Сол жерде жалма-жан ата салмай, оларды уақытша тәлімбақта үш күнге қамап, ұстаған күні суретке түсіріп, әлеуметтік желілерде хабарландыру жариялау керектігі, егер үш күннің ішінде иесі табылмаса немесе жануарды қолға алуға ниет білдіруші болмаса, оны ұйықтатып тастау арқылы көзін жою керектігі жазылған.

Алайда, Оралдағы таныстарым бұл құжаттың, әрине, жақсы екенін, бірақ іс жүзінде көбіне бригадалар иттерді көрген жерде атып тастайтындығын айтты. Дегенмен, олардың аз болса да, мүмкіндігі бар, ал Атырау облыстық мәслихатының тиісті қаулысында бұл көзделмеген, мұнда: көшеде иесіз ит көрсең – ат дейді. Оңайы осы, ал ең бастысы - арзанырақ.

Ал Атыраудағы еріктілер мен билік өкілдері арасында қаңғыбас мақұлықтар санын азайту әдістері туралы көп уақыттан бері пікірталас айтылып келеді.

- Біз тіпті митинг ұйымдастырғымыз келді, бірақ әкімдіктегілер сабырға шақырып, тәлімбақ салу үшін жер беруге уәде етті, оның жобасын өз қаражатымызға дайындап қойдық. Бір жарым жыл өтті, әзірге - тыныштық, - дейді «Мейірімді жүрек» тобындағы еріктілердің бірі Альфия ОҚАШЕВА.

Қазір Альфия жалдап алған базада 70-тен астам қаңғыбас иттер пана тапқан. Орын да, оларды бағу үшін қаржы да жетіспейді. Дегенмен де, 5 жыл ішінде еріктілер 100 шақты итті қолға берген.


СТАМБУЛДА БӘРІ ЖАЙБАРАҚАТ

Ал Еуропада қалай? Ол жақта әртүрлі, бірақ үрдіс мынадай: хайуанды аулайды, питомникке орналастырады, мерзімі - әр елде 3 күннен 60 күнге дейін. Егер осы уақыт ішінде оларды орналастыру мүмкін болмаса, ұйықтатып тастайды екен. Қожайындарын бақылау жүйесі де қатар жұмыс істейді. Олар асырандысына чип тағуға міндетті. Егер оны көшеге қуып жіберсең, чип арқылы тауып алады да, айыппұл салады. Кейбір елде егер ол өте асыл тұқымды болмаса, оны ұрықсыздандырып тастауға міндеттейді.

Түркия – басқа мәселе.

«Стамбулдың әр ауданында ветеринарлық емхана бар. Ол жерде қаңғыбас иттерді піштіріп, ұрықсыздандыру оталарын жасайды, құтыруға қарсы екпе егеді, содан соң қайтадан биркасымен кері жіберіп қояды, кейбірінде тіпті лақап аты жазылған. Көшелерде, парктерде иттерге арналған будкалар мен мысықтарға арналған үйшіктер бар, іштеріне суы мен азығы қойылған. Мұның бәрі бюджет қаржысына жасалады. Мұнда төрт аяқты хайуандар толып жүр, бірақ олардан ешкім қорықпайды. Олар ағаш көлеңкесінде жайбарақат демалады, оларды сипағыңыз келсе, қарсылық та танытпайды», - дейді сол жақтағы танысым. 

ИТТЕРДІҢ БӘРІ ЖҰМАҚҚА БАРМАЙДЫ

Әрине, бұл оңай мәселе емес. Тіпті, Түркияда да бәрі соншалықты рахат өмір емес шығар. Осыдан екі жыл бұрын бұралқы иттер 7 жасар баланы талап тастап, дәрігерлер әрең аман алып қалған Еркінқаладағы сұмдық оқиға туралы айтпағанның өзінде, Атырауда жыл сайын ит қапқан қала тұрғындары жүздеп саналады. Ал билік органдары адамгершіліктің шеңберінен аттамай, осындай күрделі мәселелерді шешу үшін отыр.

Анастасия АЛЮШИНА

Суреттерді түсірген Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

14 ақпан 2019, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.