Астанада ата-анасы түнде жұмысқа кеткен кезде өртеніп кеткен бес баланың қайғылы қазасы елді аяғынан тік тұрғызды. Билік өкілдері көпбалалы отбасылардың жағдайына аяқ астынан көңіл бөле қойды, ал бұған қаншалықты шындап кірісетіндігі және қанша уақытқа созылары басқа мәселе. «AЖ» тілшісі балалары көп атыраулық екі отбасына барып, олардың жағдайы қиын болса да үміттерін үзбегеніне көз жеткізіп қайтты.
АЙЖАН МЕН БАЛАЛАРЫ
Біз қала маңындағы Дамбы ауылына бардық. Ол жерде 9 балалы отбасы үй жалдап тұрады. Бізді жетеуі: Дильназ, Мөлдір, Гүлдана, егіздер Ақерке мен Жанерке, Ерболат және ең кенжесі, 3 жасар Көркем қарсы алды. Үлкен қызы Құндыз спортпен айналысады, қазір Астанада оқу-жаттығу жиынында екен. Ал ұлы Ерлан – көрші ауылда ата-әжесінің қолында.
Олардың аналары, 39 жастағы Айжан ӘЛМЕНОВА – Тараздың тумасы, Атырауға тұрмысқа шыққан екен.
- Күйеуім қазір вахтада, жұмысшы. Жұмысы тұрақты емес, жақында шақырып, жұмысқа кетті. Өзім «Арнаулы автобазада» жұмыс істеймін, - деп әңгімелей бастады Айжан.
Егіздер дүниеге келген соң оны «Алтын алқа» белгісімен марапаттаған, ол үшін 16 мың теңгеден сәл астам жәрдемақы алады.
- Мемлекеттен басқа көмек жоқ. Жүгіндік, бірақ бізге көмек беруден бас тартты, өйткені екеуміз де жұмыс жасаймыз. Жалақымыз жетпейді, сондықтан ең қажет деген заттарды ғана аламыз. Ет жемегелі көп болды, арасында құстың еті болмаса... Негізінен жейтініміз құр макарон, нан мен май, секер. Балалар үлкендерінің киімін киеді. Кейде жергілікті мешіттен көмектеседі: азық-түлік, заттар береді, ал мектепте мектеп формасын тегін береді.
Баспана кезегіне 2011 жылы тіркеліпті, қазір 925-ші болып тұр. Олар жалдап отырған үйге айына 30 мың теңге төлейді, үйдің іші жылы, суы бар, бірақ көптен жөндеу көрмеген: ағаш едендері сынып, қабырғаның сылағы түсіп жатыр.
- Бұрын күйеуімнің әке-шешесінің үйінде тұрдық, сосын бөлек шығуды ұйғардық. Тезірек өз үйіміз болса екен, балаларымыз ел қатарлы өмір сүрсе екен дедік. Қазір олардың жеке бөлмелері, кереуеттері, жақсы киімдері жоқ. Қыздар өсіп келеді, кейде сыныптастарының алдында өздерін оғаш сезінеді, олар жақсы телефонымен немесе басқа затымен мақтануы мүмкін ғой.
Айжанның балалары – сүп-сүйкімді, тату екендері көрініп тұр. Тәрбиелі, тіпті, аздап ұяңдау көрінеді. Армандарың қандай деп сұрағанда, ұялып қалды. Бірақ бауырсақтан асай отырып, Ақерке өлең оқыды, ал Гүлдана дизнайнер болғысы келетінін айтты. Сервантта Құндыз бен Дильназдың спортта алған марапат алқалары мұқият жинаулы тұр, олар волейбол ойнайды екен. Құндыз бен Ерлан – колледж студенттері, Құндыз спорт факультетінде оқиды, ал Ерлан болашақ өрт сөндіруші.
- Балаларым ешқашан балабақшаға барған емес, кішілерін үлкендері қарайды. Жұмысқа кеткенде үйде өздері қалады. Қорқынышты, әрине, не істейміз бірақ, оларды өсіру үшін жұмыс істеуіміз керек, - дейді Айжан. Балаларын зәбірлеуге жол бермейтін мықты әйел екені сезіліп тұр.
Отбасының үш несиесі бар – Айжан оларды өзіне операция жасатуға, екі үлкеніне телефон алуға және колледждегі оқу ақысын (жылына 220 мың теңге) төлеу үшін алыпты.
РАЙГҮЛ МЕН БАЛАЛАРЫ
Келесі күні қаланың басқа шетіндегі - Көктем ықшамауданындағы көпбалалы жанұяға бардық, ол жерде 9 баласымен Бақтығали мен Райгүл тұрады. Үйлерін, дәлірек айтқанда, уақытша баспаналарын әрең таптық. Негізгі трассадан қашықта, ықшамауданның асфальт төсемеген бөлігінде тұрады екен. Үйде балалардан тек төртеуі ғана болды. Үлкен ұлдары, 22 жастағы Айболат газ құю бекетінде жұмыста, қалғандары мектепте.
Райгүл ІЗБАСАРОВА ең кішісін қолына көтеріп, өз отбасы туралы құлықсыз әңгімелеп берді:
- Жасым 39-да, 10 бала тудым, бірақ 2016 жылы туғанына 9 күн болғанда ұлым шетінеп кетті. Бұл баспанымызды 2009 жылы салдық. Күйеуім пластик есік-терезелер шығаратын компанияда жұмыс істейді, бірақ жұмысы маусымдық, қазір жұмыста емес. Сондықтан дүкенге сатушы болып жұмысқа тұруға тура келді. Таңертең кетемін, түн ортасына қарай келемін. Не істеймін, отбасымды асырауым керек қой.
Отбасы мемлекеттен «Алтын алқа» үшін 16 160 теңге, бір жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты 21 мың теңге (енді аз уақыттан кейін оны да алмайды, кішісі бір жасқа жақындап қалған) және қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінен 10 мың теңге атаулы көмек алады екен.
- Үйіміз қаладан, трассадан шалғайда орналасқан. Балаларымыз Ақсай мектебінде оқиды. Мектеп автобусы жиі жүрмейді, балалар жаяу кетеді. Сабақтан кейін кешке қарай қараңғы түсіп кеткен кезде қиын. Бірақ осы жақтың балалары бірге қайтады, - деді Райгүл.
- Мектепке дейін қанша уақыт жүресіңдер? – деп сұрадым қызынан.
- Жарты сағаттай.
Үйдің іші суықтау. Бір бөлмеде тамақ ішіп, сол жерде ұйықтайды. Едені жабылмаған, үй газ келіп тұрған пешпен жылытылады.
- Әрине, балаларымызды жалғыз қалдыруға қорқамыз, бірақ басқа амалымыз жоқ. Қалалық билікке баспана алуға жүгіндік, бірақ жалпы кезекке тұру керек деген жауап алдық.
Қазіргі уақытта үй кезегінде отбасының алдында 4 мыңнан астам адам бар.
Қалалық әкімдіктің баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, қалада 5 мыңдай көпбалалы ана бар. Олардың 2490-ы - алты және одан көп балалы. Бірақ «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заң мен Жер кодексінде олар үшін ешқандай жеңілдік қарастырылмаған.
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА
Суретті және бейнежазбаны түсірген Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ