Атырау, 22 қараша 13:29
 ашықВ Атырау +4
$ 494.87
€ 520.65
₽ 4.91

Интернетсіз бір күн

Бейнежазба
13 801 просмотра


Жыл сайын қаңтардың соңғы жексенбісінде Халықаралық интернетсіз бір күн (International Internet-Free Day) аталып өтеді. Атаулы күннің басты мақсаты – адамдар компьютер мен ғаламтордан, смартфондар, планшеттер мен ноутбуктардан бір сәт болса да ажырап, айналамен «тірілей» қарым-қатынас жасау. «АЖ» тілшісі де бұл күнді атап өтті, қалай болғанын назарларыңызға ұсынамыз.  

Жексенбіге қараған түні соңғы жаңалықтарды оқып, үйдегі wi-fi ды өшіріп, телефон баптауларынан да интернетті ажыраттым. Ертеңгі күнім қалай өтер екен ой көзім ілінгенше басымнан кетпеді...

ТАҢЕРТЕҢ

...Ұйқыдан тұрған бойда қол бірден телефонға созылады екен. Адамның миына «ватсапты қара», «инстаграмда кім қайда жүр?», «фейсбук не деп жатыр?», «қалада не боп жатыр?» деген сигналдар автоматты түрде келеді. Жоқ! Болмайды! Одан да көптен істемеген жаттығуларымды жасайын. Қалай еді – бір, екі... Оңға, солға... Он минуттай қозғалып, бірден сергіп қалғанымды сездім. Таңғы астан соң, аулаға баламмен серуендедім. Көптен қолым тимей, үйде жасалмай жатқан шаруаларды жасап, люстралардың шамын ауыстырдым. Қолы бос адамға үйде жұмыс жетеді екен. Түс те болып қалды. Смартфон қарауға көп зауқым жоқ. Тек  бүгін тікелей эфирде өткен Жәнібек Әлімханұлының  Стивеном Мартинеспен жекпе-жегін өткізіп алғаным есіме түсті. Бұрын өткізіп алған бокстарды ютубтан қарай салатын едім. Кім жеңді екен деген ой біраз мазалады.

 КҮНДІЗ

Түскі астың уақыты келді. Интернет болмаған соң, телефон өз жайына қалды. Ауқаттанып болған соң, күнделікті әдетпен бетіне бір қарап едім, екі қабылданбаған қоңырау тұр екен. Кері соқтым, «саған ватсапқа жазып едік, оқымадың ғой» деп шарауасын айтты. Содан телефонды ақыры ұстаған соң, көптен хабарласпай жүрген туысқандарға қоңырау шалып, саулығын білдім. Бұрын тек хабарлама жазатын едің ғой деп олар да таң қалып, риза болысып жатыр. Галереяда да ватсаптан келген біраз суреттер мен бейнелер жиналып қалыпты. Бұларды тазаласам, International Internet-Free Day талаптары бұзылмас па екен? Қой, бұзыла қоймас, бәрін өшіріп, тазаладым.

Кеш жақындаған соң жолдасым сауда орталығына барып, баланы ойнатып, кафеге отырып, серуендеп қайтуды ұсынды. Демалысты жақсы аяқтаудың керемет тәсілі. Телефоннан такси шақыруға ниеттендім, бірақ... Үйренген «индрайвер» қосымшасы арқылы шақыруға болмайды. Қиын жағдай, бірақ бұдан шығу жолы бар. «Ақ Жайық» газетін қолыма алып, таксидің номерін тауып алдым. Жарты сағатта келетін болды. Күтеміз.

КЕШ

Кафеге кірдік. Күн бойы ішімде бірдеңе өзгерген бе, смартфонның бетін сипалап отырған адамдарға жатырқай қарадым. Бәріның көзі смартфон экранында. Қасындағы адаммен шаруасы жоқ.

Ал біз тапсырыс келгенше біраз әңгіменің басын қайырып тастадық. Байқағаным үйде біраз мәселе жиналып қалған екен... Бірақ бұл басқа әңгіме.

Кешкі тоғызда үйде болдық. Әдеттегідей фейсбукті бір қарап алғым келіп, өзімді әзер тежедім. Бір мезетте үйде теледидар бар екені, одан жаңалықтар қарауға болатыны есіме түсті. Соңғы рет мұны қашан қосып едім...

Түн ортасы асқан соң қолыма телефонымды алдым. Қатты сағындым деп айта алмаймын, бірақ... Таңғалғаным, телефонның қуаты 10 пайызға ғана азайыпты. Басқа күндері тәулігіне екі рет қуаттайтынмын. Ватсаптан екі жүзден аса хабарлама келіп, фейсбукте 12 адамның туған күні деген белгі шығып тұр екен. Бәрін атүсті 5-10 минут ішінде шолып шықтым: уақытым көп кетпеді.

Осыдан ойға түйгенім, бүгінде интернетсіз, әсіресе, жұмыс бабында қиын-ақ. Алайда  біз бір күн ішінде көп уақытты босқа жұмсап, миымызды керек емес нәрселерге толтырады екенбіз. Жанымыздағы адамдар алыстайды екен. Өзіме сөз беріп, интернетке жоғалтатын уақытымды қысқартатын болып шештім. Қаншалықты шыдайтынымды кім білсін, орындалуы қиын серт.


Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

Сурет пен бейнежазбаны түсірген автор

«АЖ»-дың қалалықтарға жасаған сауалнамасы:
Интернетке күніне қанша уақыт жұмсайсыз?

Студент: 5-6 сағат
Журналист: 15-16 сағат
Мұғалім: жұмыс күні көп емес, сенбі-жексенбіде жиі қолданамын. 
Үй шаруасындағы адам: Күніне 6-7 сағат
Зейнеткер: 2-3 сағат
Қандай мақсатқа пайдаланасыз?
Көбіне жауап: әлеуметтік желіде сөйлесу, жаңалықтар, сериалдар қарау, музыка тыңдау

12 ақпан 2019, 10:17

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.