Банктермен, сондай-ақ, атқарушы және сот жүйелерімен дауласудың мәні жоқ. Санамызда осылай қалыптасқан пікірдің кейде банк несиесін өтеуге мүмкіндігі жоқ тұтынушылардың бүкіл мүлігінен айрылып қалуына әкеп соғып жатады. Алайда өз құқығыңды қорғауға болады, бастысы – заңды білу деп сендіреді адвокаттар.
Кәсіпкер әйел Д. банк филиалдарының бірінен 180 ай мерзімге (15 жылға) жалпы сомасы 6 770 000 теңге несие алады. Банкке жер учаскесі бар дүкенді кепілдікке ұсынған. Өкінішке орай, әйел несиесін уақытында төлей алмай, нәтижесінде мерзімі өткен бережағы көп жиналып қалады. Банк одан мерзімінен бұрын қарызын өтеуді талап ете бастап, содан соң оны кепілге салынған мүліктен өндіріп алу жолымен бүкіл бережағын мәжбүрлі түрде өндіріп алу жөнінде сотқа шағым берген.
2010 жылдың сәуірінде сот кәсіпкер әйелден дүкен мен жер учаскесін жария саудамен сату арқылы бүкіл бережақ сомасын өндіріп алу туралы шешім шығарған. Бейшара әйел күйзелістің салдарынан сырқаттанып, ауруханадан шықпайтын болды. Ол үшін ауыр күндер басталды. Отбасында тек жұбайы ғана табыс табады, ал қаржының бәрі емделуге жұмсалады. Отбасының қатты торығып кеткені сондай, ешкімнің де сот шешіміне қарсы шағымдану ойларына келмейді.
– Бұл - осындай жағдайда қалған адамдарға тән қателік. Олар сот шешім қабылдаған екен, оған шағымданудың мәні жоқ деп ойлайды, - дейді адвокат Бибігүл ТАУПИХОВА.
Дегенмен осы кезеңде сот шешіміне шағымданып, шығындарды азайтып, мәселен, өсім түріндегі айыппұл санкцияларына қарсы шығуға болар еді. Ол үшін жауапкер дүкен табыс әкелмегендіктен несиесін төлей алмағандығын, мұны денсаулығына байланысты жасай алмағанын және бүкіл растайтын құжаттарды: салық комитетіне тапсыратын есептерді, медицина мекемелерінің анықтамаларын тіркеп, дәлелдеу керек. Осылайша, сот бүкіл жағдайды ескеріп, сол уақытта әжептәуір соманы құраған бүкіл өсімді өндіруге міндеттемес еді. Кепілге салынған мүлікті өндіру туралы шешімді жоюға да қол жеткізуге болар еді. Экономикалық соттың шешімі шыққаннан кейін кәсіпкер әйелге облыстық апелляция алқасына, содан кейін кассациялық сот алқасына шағым беруі қажет еді. Тіпті бір жыл ішінде Жоғарғы сотқа шағымдануға уақыты бар болатын.
Кәсіпкер мұның ешқайсысын жасамаған. Бір жыл өткеннен кейін сот орындаушысы, сот шешіміне сәйкес, 2011 жылдың шілдесінде борышкердің мүлкін өткізу жөнінде саттық тағайындау туралы қаулысын шығарады. Сот шешімі шығарылғандықтан және шағым беретін мерзім өтіп кеткендіктен, дүкенді баспанасымен бірге жария саттықтан құтқару керек еді. Өйткені, бір жер учаскесінде дүкен де, тұрғын бөлмелер де болған, онда кәсіпкердің отбасы тұрған. Олардың басқа баспанасы болмаған.
Іс материалдарын, бастапқы (жалғыз) сот шешімін, банк әрекетін зерттеген адвокат банк тарапынан да, сот орындаушы тарапынан да бірқатар заң бұзушылықтарды анықтаған. Атап айтқанда, банк несиелеушіге бережағын мерзімінен бұрын өтеу туралы талап құжатын жолдамаған, проблемалы несие мониторингісін өткізуде заң бұзушылықтар болған. Сот орындаушысы шығарған қаулыда да бірқатар заң бұзушылықтар орын алған. Сот орындаушы әйелдің атына жылжымайтын мүліктен тек дүкен ғана тіркелген деп көрсетіп, оны іргелес жер учаскесінсіз жария саттыққа шығарған. Ал ҚР Жер кодексінің 52-бабында аталған жылжымайтын мүлiк орналасқан жер учаскесiн тиiстi иелiктен шығармай, жылжымайтын мүлiктi иелiктен шығаруға жол берiлмейдi делінген. Сондай-ақ, сот орындаушының қаулысында жер учаскесі бағаланбай, дүкеннің нарықтық құны көрсетілген. «Бағалау қызметі туралы» ҚР Заңына сәйкес, бағалаушы объектiлерді тікелей тексеру және тапсырыс берушіге бағалау туралы есеп беруге мiндеттi. Яғни, маман сол жерге барып, объектіні тексеруі тиіс, осыдан кейін тексеру уақытын, бағалаушы тексерген кездегі қатысушылардың және мүлік иесінің фамилияларын көрсетіп, аталмыш тұлғалардың қолдарымен растап, объектіні тексеру актісін толтыруы тиіс. Іс жүзінде дүкенді бағалау бағалаушы маман тарапынан объектіні тікелей тексерусіз жүргізілген – ал бұл заңды өрескел бұзу.
Бұдан басқа, саттыққа шығарылған жылжымайтын мүлік некеде тұрған борышкердің иелігінде. Демек, бұл жылжымайтын мүлік ерлі-зайыптылардың ортақ меншігі боп табылады. Сот орындаушысы саттық тағайындау туралы қаулы шығармас бұрын сотқа ортақ меншіктегі борышкердің үлесін анықтау туралы өтінішпен шығуы тиіс еді. Нәтижесінде кәсіпкер дүкенді саттықта сату туралы қаулы шығарған сот орындаушының әрекетін заңсыз деп танып, қаулыны жою туралы шағыммен шықты.
Сот ісі барысында сот орындаушы өз әрекеттерін заңсыз деп танып, бұрын шығарылған қаулыны жою туралы шешім шығарды. Сонымен қатар әйел банкке Сот актілерін орындау департаментінен бережақты өндіру және кепілзаттан өндіру туралы атқару қағазын қайтарып алу және қарызы жалақысынан шегерілу үшін кепілгер ретінде борышкердің жұбайын тарту жөнінде өтініш-хат жазды. Осы жазбаша өтініштің негізгі мақсаты - жер учаскесі бар баспана мен дүкенді сақтау боп табылады. Жағдай кәсіпкердің пайдасына шешілді, саттық өткізілмейтін болды. Әрине, енді ол ай сайын банкке қарызын өтейді, өйткені сот шешімімен соманы өтеу керек. Есесіне енді өзіне және отбасына баспана мен дүкен қалды.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Саша ДЕНИСОВТЫҢ суреті