Атырау, 12 мамыр 03:21
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +21
$ 439.40
€ 473.54
₽ 4.76

​Қылмыстық істердің үштен бірі татуласумен аяқталады - Жоғарғы сот

1 944 просмотра


2018 жылы Қазақстанда қылмыстық істердің үштен бірі тараптардың татуласуымен аяқталды. Бұл туралы Жоғарғы соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Абай Рахметулин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат

«Жәбірленушімен татуласу шараларына байланысты соттардың қылмыстық істерді тоқтату деңгейі тұрақты түрде артып келеді. 2018 жылы 13 897 іс тоқтатылды, бұл көрсеткіш барлық істердің 28,7 пайызы. Қылмыстық жауапқа тартылғандардың үштен біріне жуығы жазадан босаталып, жәбірленушілерге келтірілген шығындар сот барысында өтеп берілді», - деді А. Рахметулин сот жүйесінің 2018 жылғы жұмысының қорытындысына арналған ел судьяларының кеңейтілген  отырысында. 

Оның айтуынша, 2017 жылмен салыстырғанда прокурор қатысқан істер бойынша ақтау үкімдері 2,3 есеге (100-ден 226-ға дейін) артқан.

Өткен жылы Жоғарғы соттың кассация алқасы бір жылда жеке айыптауларды қоспағанда, 51 адамды ақтады. Судьяның атап өтуінше, 2017 жылға қарағанда бас бостандығынан айыру жазасына тартылғандар азайды. 2018 жылы сотталған барлық 7 610 адамның 23,9 пайызы бас бостандығынан айырылды. Бұл көрсеткіш 2017 жылы 28 пайызды (9 405) құраған еді. 

Таратылған мәліметтерге қарағанда, соттар бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазаларды жиі қолдана бастады. Олардың арасында айыппұл, қоғамдық жұмыс, бас бостандығын шектеу секілді жазалардың үлесі артты. Сонымен қатар, мүлікті тәркілеу 8 есеге азайды, яғни 10 700-ден 1 318-ге дейін төмендеді.

Дереккөз: inform.kz

1 ақпан 2019, 10:51

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.