Атырау, 4 мамыр 05:03
 ашықВ Атырау +11
$ 444.14
€ 477.05
₽ 4.85

Өскемендік дәрігерлер алғаш рет миға күрделі ота жасады

1 253 просмотра


Миына қан құйылған екі бірдей науқас ажалдан аман қалды. Жалпы ангиографтың көмегімен 6 айда 200-ден астам ота жасалған. 

Өскемендік нейрохирургтар миына қан құйылған науқасты аман алып қалды. 

Шемонаиха ауданының тұрғыны Светлана Ваганова 19 қаңтар күні облыстық инсульт орталығына келіп түскен. Компьютерлік томография қантамырлардың жарылуына байланысты миға қан құйылғанын анықтапты. Жарылған тамырлар тереңде жатқандықтан басүйекті ою қауіпті болған. Сондықтан, дәрігерлер ангиографтың көмегіне жүгінген, деп жазды Алтайньюс.

"Отаны басүйекті оймай-ақ жасадық. Соның арқасында науқас қан жоғалтпады. Қазір Светлана Ваганова еркін сөйлеп, күле алады. Өздігінен қозғала алады", – дейді нейрохирург Дмитрий Недбайло.

"Отадан кейін 3 сағаттан соң ес жидым. Шемонаихада қалған туыстарым қатты алаңдапты. Қыздарым қатты қуанып жүр. Бұл күн өмірімдегі ерекше күн болып қалары сөзсіз", – дейді Светлананың өзі.

Орталықтың мамандары бұған дейін де бір "ғажайып" жасаған. Жуықта ғана орнатылған ангиографтың көмегімен орталық мамандары 39 жастағы семейлік жігіттің де өмірін арашалап қалған екен.  Вадим Ткаченко есімді науқас Семейден  ауыр халде жеткізіліпті. Зерттеу барысында оның ішкі ұйқы қантамыры бітеліп қалғаны анықталады. Осының салдарынан мидың сол жақ жартышарына қан жүрмей қалған.

"Мұның соңы ми инфаргына әкелді. Сондықтан мидың сол жақ жарты шарына ота жасап, сыртқы ұйқы қантамырға торап жалғадық. Сол арқылы мидағы қан айналым қалпына келді", – дейді Дмитрий Недбайло.

Ота сәтті өтіп, науқас келесі күні-ақ жүріп кеткен. Былтыр алынған ангиограф инсульт орталығындағы мамандардың жұмысын әжептәуір жеңілдеткен. Жарты жылдың ішінде 200-ден астам ота жасалыпты.

Айта кетейік бұған дейін мұндай науқастар Астана мен Алматыда емделетін.

Дереккөз: sputniknews.kz

22 қаңтар 2019, 09:26

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.