Атырау, 29 наурыз 20:51
 ашықВ Атырау +1
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

​Жандарбек Бекшин: Тұрғындар міндетті түрде қызылшаға қарсы екпе жасатуы керек

1 816 просмотра


Қызылша ауруы қазіргі таңда әлем елдерін біршама абдыратып отыр. Тіпті Украинада қызылша ауруын жұқтырғандардың саны 38 мыңға жеткен. Ал Қазақстандағы бұл бағыттағы ахуал қандай? Ол туралы ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы - бас мемлекеттік санитар дәрігер Жандарбек Бекшин айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

«Бізді алаңдататыны - қызылша ауруы. Білетіндеріңіздей, қызылша бүкіл әлемдік мәселе. Неге десеңіз, әлемде барлық елдерде 300 мыңнан астам қызылшамен ауру жағдайы тіркелді. Оның ішінде тек Еуропа елдерінде 70 мыңнан астам адам қызылша жұқтырған. Біздің зерттеуіміз бойынша, қазіргі таңда дәл осы Еуропа елдеріндегі қызылшаның түрлері тіркеліп жатыр. Бұл - біздің жасалған талдауымыз. Неге десеңіз, біздің еліміздің тұрғындары қарым-қатынас бойынша көптеп саяхатқа шығады, іссапарларға барады. Өкінішке қарай, Еуропада 68 жағдай өліммен аяқталған. Біздің саяхатшыларымыз, тұрғындарымыз жолға шыққан кезде өздерінің жолын жоспарлауы керек. Неге десеңіз, әрбір азамат шығатын елінің эпидемиологиялық ахуалын біліп алуы тиіс. Балалары қызылша бойынша егілмесе, міндетті түрде екпе жасату керек», - дейді Жандарбек Бекшин.

Оның айтуынша, қызылша бойынша Сербия елінде 5 мыңнан астам, Италия мен Францияда 3 мыңдай, Украинада 38 мыңдай, Ұлыбританияда 1 мыңға жуық жағдай тіркелген. Біздің ең жақын көршілеріміз - Қырғызстанда 1,5 мың және Ресейде 4 мыңдай жағдай анықталған. 

«Сол себепті, біз осы бағытта жұмысты жоспарлап, алдын алу шараларын жүргізіп жатырмыз. Алдын алу шаралары қазіргі таңда орындалуда. Қазіргі таңда бізде егу үшін вакцина көлемі толығымен қамтылды. Елімізде тұрып жатқан тұрғындарды вакцинацияға шақырамыз. Биылғы жылдың ерекшелігі - егілмеген адамдардың 60 пайызы 1 жасқа келген балалар. Біздің елімізде балалардың бірінші екпесі 1 жаста, екіншісі 6 жаста жасалады. Сондықтан, 12 ай жетпей, 6 ай, 7 ай, 8 айда ауырып жатыр. Сондықтан, біз арнайы іс-шара қабылдаудамыз», - деді Жандарбек Бекшин.

Оның айтуынша, қызылша ең көп тіркеліп жатқан аймақтар - Астана, Алматы, Атырау, Шымкент қалалары және Ақмола облысы. Бұл аймақтарда балалардың егілуі 9 айдан басталады. 

Еске сала кетсек, бұған дейін Жандарбек Бекшин Алматы мен Ақмола облыстарында қызылшаның өршуіне қатысты түсініктеме берген болатын.

Дереккөз: inform.kz

17 қаңтар 2019, 16:04

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.