1996 жылғы Атлантта өткен олимпиада ойындарында Атырау облысынан үш бірдей ескек есуші – Ильфат Ғатиятуллин, Сергей Сергеев және Андрей Сафарян қатысқан еді. Содан бері Атырауда байдарка және каноэ есу мектебі жоғары жетістіктерге жете қойған жоқ. Ол неліктен? Осы тақырыпқа орай біз облыстың аға жаттықтырушысы, ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушысы, Еуропа чемпионы Дмитрий Савиннің және басқа да бірқатар аты танымал спортшылардың тәлімгері Максим БОЗБАНОВПЕН әңгімелестік.
– Қазақстанның ескек есу құрамасы неліктен Лондон олимпиадасында жақсы жетістіктерге қол жеткізе алмады?
– Бір кездері ескек есуден КСРО және социалистік елдердің өкілдері алғы шептен көрінетін. Кейін көшбасына Батыс Еуропа, Австралия, Белоруссия және Украина келді. Қазір оларды қытайлықтар мен бразилиялықтар, мексикан-дықтар мен кубалықтар қуып жетті. Қазақстан, өкінішке қарай, артта қалды.
Қазақстанда ескек есушілерді дайындау әдісі өткен ғасырдың 60-шы жылдарының деңгейінде қалып қойды. Басқа елдерде спортшыларды дайындауға дәрігерлік бригадалар, яғни тексеру-ғылыми тобы қатысады. Олар спортшылардың физикалық жағдайларын ұйқыдан тұрған сәттерінен бастап, кешке жатқанға дейін тексеріп отырады. Дәрігер-диетологтар спортшылармен бірге асханаға барып, жаттығулар арасында организмнің қалпына келуі үшін тағам рациондарын ұсынады.
Ал Қазақстанда жұмыс ескіше жүргізіледі. Бұл жерде тексеру-ғылыми топ жұмыс жасамайды, жаттықтырушылар көзбен бағдарлап қана жұмыс жасайды. Мұндай жағдайда мыңнан бір ғана чемпионды шығаруға болады, егер оның табиғат берген дарындылығы болса ғана. Ал елімізде олимпиадаларда жетістіктерге қол жеткізу үшін мыңдаған спортшының ішінен медальдан үміткер кем дегенде елу шақты спортшы болуы керек. Міне, сондықтан да басқа елдер ескек есушілерге жағдай жасап отыр, ол үшін ақшаны аяп та жатқан жоқ.
– Лондон олимпиадасында бақ сынаған ескекшілердің ішінен рекорд жасағандары неліктен болмады?
–Шынында да барлық ескекшілер өткен жылғы әлем чемпионатына қарағанда нашар болды. Ескекшілерге әрқашан желге қарсы есуге тура келді. Біздің спортшыларымыз - алматылықтар Александр Дьячук, Наталья Сергеева, Оралдан келген Алексей Дергунов және Шымкенттен келген Евгений Алексеевтер мұндай тосын сыйларға дайын болған жоқ. Алайда, еліміздің спорт басшылығы бұған қатысты нақты шаралар алу керектігі жөнінде ойға қалды және болашақта Олимпиадаға дайындық жүргізу үшін барлық жағдайды жасауға және тексеру-ғылыми топ мамандарын алуға, спортшылардың қазіргі заманғы тамақтану жүйесін енгізуге уәде берді.
– Бұрын Атырауда Қазақстан құрамасына жоғары деңгейлі ескекшілерді дайындап беретін, қазір қалай?
– Атырау ескек есуден еліміз бойынша 70-80 жылдары бірінші орында тұрды. Қазір бірініш орында – Оңтүстік Қазақстан облысы, екінші орында – Шығыс Қазақстан облысы, үшінші орында - Алматы. Біз тек төртінші орынды ескек есушілердің мектебі дамып келе жатқан Астанамен бөлісіп отырмыз.
Оңтүстік Қазақстан облысы жыл сайын Ташкентке жаттығу жиындарына 120 спортшыны жібереді, ал, біз бар болғаны 8 спортшыны жіберіп отырмыз.
Ескек есуде спорт шебері атағын алу спорттың басқа түрлеріне қарағанда қиындау болып келеді. Сондықтан да ер балалар жекпе-жек түрлерін таңдайды. Дегенмен, көптеген ата-аналар бала болсын, қыз болсын денсаулық үшін ең тиімдісі біздің спорт екендігін түсінеді. Өкінішке қарай, біз көп балалардан спортзалымыздың жоқтығы салдарынан айырылдық. Соңғы 20 жылда біз қыс айларындағы жаттығудан мүлдем қалдық. Жазда бізге балалар жазылса, қыста оларды ата-аналары кері шығарып алады. Өзінің спорт залы жоқ, қысты күндері жаттығулар аязда өтетін секцияға қай ата-ана баласын жібереді?! Әңгімеміздің басында есімдерін атаған барлық олимпиада жеңімпаздары 70-ші жылдардың аяғы мен 80-ші жылдардың басында шыныққандар. Ол кездері біз «Динамо» және «Геолог» спорт залдарын жалға алатынбыз. Кейін бізге жалға беретін ақыны беруді тоқтатты. Ғатиятуллин, Сергеев және Сафарян сынды чемпиондарға дейін халықаралық аренада Қазақстан чемпионы Анатолий Хлебников, КСРО чемпионы Александр Тумин және Еуропа чемпионы Дмитрий Савиндердің есімі кеңінен танылған болатын.
– Жаттығу базасына қатысты мәселе қазір қалай болып жатыр?
– Қысқы жаттығулар үшін жылы каналда біздің базамыз бар. Бірақ өткен қыста әлдебіреулер желілерді үзіп, жылу жүйесі қатып қалған еді. Біз облыстық спорт басқармасының басшылығына осы базаны суық түскенге дейін жөндеп беруін сұраймыз. Өткен жылы Х.Досмұхамедов атындағы университет ауданында жаңа ескекшілер базасын салып алдық. Бізде жаттықтырушылар бар. Олар Флора Мурунова, Владимир Ганус, Евгений Ухов. Қазақстан чемпионаттарының бірнеше дүркін жүлдегерлері атанған лайықты деген спортшыларымыз да бар: Николай Богачкин, Артём Заикин, Әйгерім Сарбалина, Людмила Сосновикова, Илья Шигаев және Кирилл Савута.
Қазір Қазақстан құрамасының деңгейінде жаттығу үшін жоғары класты қайықтар керек. Олар аса қымбат та емес (каноэ және байдаркалардың бағалары бірдей), Польшадан шыққаны – 3 мың еуро, Қытайдан шыққан қайық – шамамен 2 мың доллар.
Осыдан тура 2 апта бұрын біздің ескекшілер базасына сол кездегі облыс әкімі Бергей Рысқалиев пен қала әкімі Асқар Керімов келіп, бізге 25 жаңа қайық сатып әперуге уәде еткен еді. Бірақ оған үлгермей қалды...
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ