Атырау, 21 желтоқсан 21:50
 ашықВ Атырау -2
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Жас чемпион

3 636 просмотра


17 жастағы атыраулық, дәлірек айтқанда, қала маңындағы Еркінқала ауылының тұрғыны Әбілмансұр БАТЫРҒАЛИ өз жасындағы әлемдегі үздік каратешілердің бірі. Қазақстанда алғаш рет Буэнос-Айресте 2018 жылғы Жасөспірімдер Олимпиадасы ойындарына қатысуға лицензия алған және сол жерде қола алқаға ие болған спортшы «АЖ» тілшісіне осы спортқа қалай келгенін және неліктен осы спортта ұзақ болатынын әңгімелеп берді.

- Қанеки, басынан бастайық. Каратэмен қашан және неліктен айналыса бастадың?

- Мектепте каратэмен айналысқан достарым болды, әңгіме тек осы туралы ғана болатын. Мен де әңгімеміз бір болу үшін оларға қосылдым. Бастапқыда өте қиын болды, алғашқы жаттығуларым мен алған соққыларым әлі есімде. Әкем маған сол кезде психологиялық тұрғыда көп қолдау көрсетті, қазір де қолдайды. Сөйтіп, әрі қарай алып кеттім, сайыстардағы алғашқы алқаларым пайда болды... Кейіннен достарымның бәрі каратэден кетіп қалды: бірі күреске, бірі кикбоксингке. Ал мен қалдым.

- Каратэнің сен үшін маңызды екенін қашан түсіндің? Сен достарың үшін келдің ғой, олар кеткен кезде сен қалдың.

- Бәлкім, жақсы көрсеткіштерді көріп, одан да жақсы жетістіктерге жететінімді көргенде шығар. Бірақ жетістік те бірден келе қойған жоқ. 2016 жылы Индонезияға іріктеу үшін өткізілген Қазақстан чемпионатында жеңіске жете алмай, бір жылдан кейін ғана ел чемпионы болып, ұлттық құрама сапында Хорватияға Әлем Кубогына барып, өз салмақ дәрежем бойынша жеңімпаз болдым. Содан кейін каратэ отаны – Жапонияның Окинава аралында өткен Азия чемпионатында алтын алқа алдым. Мұның бәрі мен үшін үлкен тәжірибе болды, сол кезде мұның менің спортым екенін, өмірімнің жақсы жылдарын арнауым керектігін түсіндім.

- Төрешілер шешімін әділетсіз деп шешкен сәттер болды ма? Әлде спорттан кеткің келген кездер болды ма?

- Иә, болды. Мәселен, бәсекелесім аяғымен соққы жасағысы келсе, ал сен блок қойсаң, бірақ соққыны дарытқандай дыбыс естілген кезде, төрешілер бәсекелесіңнің пайдасына ұпай санаса, әділетсіздік, әрине. Бірақ бұл спорттың барлық түрінде болады. Бастапқыда осындай кездерде құлазып қалатынмын, қазір бұл туралы ойламауға тырысамын. Осындай сәттер үшін каратэден кету ойымда да болған емес.

- Спортпен қай жасқа дейін шындап айналысу жоспарыңда бар?

- Менің Қазақстан чемпионы, Әлем кубогының иегері, Жасөспірімдер олимпиадасы ойындарының қола жүлдегері деген атақтарым бар, бірақ әлем чемпионатының алтын алқалары жоқ. Бар күшімді енді осыған жұмсаймын.

- Елестетіп көрші, 5 жылдан кейін кездессек: сен әлем чемпионы болдың, әрі қарай бапкерлікті қолға аласың ба?

- Әрине, маған артқан үмітіңіз үшін рахмет! Бірақ әлем чемпионы болу – дереу татамиден кетуге себеп емес. Оның үстіне, бапкердің жұмысы өте қиын, жауапты. Бапкер білім мен техниканы ғана меңгеріп қоймай, өмірлік тәжірибесі болуы, әр спортшымен тіл табысуы керек. Кез-келген адамда мұндай талант жоқ.

- Ата-анаң сенің өнеріңді тамашалай ма?

- Бұрын көргілері келмейтін, қазір қарайды. Әке-шешем, тіпті менің жекпе-жектерімді бірге көру үшін үйге қонақ шақырады, туыстарымызға әлеуметтік желі арқылы бейнежазбалар жолдайды.

- Буэнос-Айрестегі жекпе-жегің қалай өтті?

- Бұл ІІІ Жасөспірімдер Олимпиадасы ойындары болатын. Мен 68 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеттім. Алғашқы жекпе-жекте аргентиналық Хуан Мартинес Салсенчтен басым түстім, содан кейін жапондық Котаро Накамуруды жеңдім. Ширек финалда мароккалық Ясин Секуримен кездестім. Төрешілер жеңімпазды анықтай алмай, екеуміз де жартылай финалға өттік. Ол жерде бельгиялық Квентин Махауден қарсыласым болды. Мен осы жекпе-жекте ұтылып қалып, қола жүлдегер атандым. Бұл мен үшін үлкен тәжірибе болды. Тек қаланы көре алмай қалғаным өкінішті, каратэні соңғы, Ойындардың он жетінші күніне қойды. Осы күндер бойына жаттықтым.

- Бапкерлердің көпшілігі өз шәкірттеріне қатал қарайды дейді, осы рас па?

- Мен «Қайсар» спорт клубындамын, екі бапкерім бар - Сансызбай Торғаев пен Болат Ізбасқанов. Олар білікті де талап қоя білетін бапкерлер. Бұл жақсы ғой, әйтпесе табысқа жете алмайсың. 

Фархат ӘБІЛОВ

16 қаңтар 2019, 10:33

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.