Атырау, 29 наурыз 01:24
 ашықВ Атырау +4
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Салықтық рақымшылық: кәсіпкерлер негізгі қарызын төлесе, айыппұл мен өсімпұл кешіріледі

1 996 просмотра


Еліміздегі шағын және орта бизнес өкілдерінің мемлекет алдында 340 миллиард теңге көлемінде берешегі бар. Оның 130 миллиарды өсімпұл мен айыппұлдан жиналған. Президент былтырғы жолдауында кәсіпкерлер негізгі қарызын төлесе, осы 130 миллиард теңгені құзырлы органдар «салықтық рақымшылық» аясында кешіреді деген еді. Рақымшылық шарасы осы жылдың 5 қаңтарынан басталды. Экономикаға бұл бастама не береді? Мамандар мен кәсіпкерлер не дейді?

Қанат Елеусізов 10 жылдан артық туризм саласы мен бухгалтерлік есеп жүргізетін қос компанияны басқарып келеді. Өз ісін жүргізуді бес саусағындай білетін жан отандық кәсіпкерлерді қорғайды. Оның сөзінше, бизнесмендер мемлекет алдындағы қарызын уақытылы төлейді. Ал салықтың айыппұлы мен өсімпұлы кәсіпкерлік заңнамасындағы жиі өзгерістердің кесірінен жиналады дейді. Кәсіп өкілдерінің көбі оны білмегендіктен мемлекет алдында қарызға жиі батады деген пікірде.

«Мен бұл экономикалық көмекті қолдаймын. Өйткені, негізгі салыққа қарағанда, кейде айыппұл мен өсімпұл қарызы артығырақ болып жатады. Бұның бәрі жұмыста жіберілген қателікті анықтағаннан шығады. Ойлаңызшы, бес жыл бойы кәсіпкер өз қызметіндегі қателікті байқамай келді. Жинай-жинай тексере қалғанда осы олқылықтар анықаталады Сондықтан олар қарызға батып, өз жұмысын тоқтатады. Әрі кәсібін жүргізушілерге айтарым: әркез заңды, құжатты, ережелерді анықтап, оқып жүру қажет», – деді кәсіпкер Қанат ЕЛЕУСІЗОВ.

Қазіргі кезде елімізде орта және шағын бизнесте 90 мың өкіл бар. Өз нәпақасын тауып жүргендердің 30 мыңы заңды, 58 мыңы жеке тұлға. Салық органдары берген мәлімет бойынша осы санаттағы кәсіпкерлердің мемлекет алдындағы берешегі 340 миллиард теңге. Оның 130 миллиардын айыппұл мен өсімпұл құрап отыр. Қалғаны негізгі қарыз. Алайда, бизнес өкілдері бірқатар талаптарды орындаса, негізгі қарыздан басқасына рақымшылық жасалмақ.

«Егер шағын және орта бизнес өкілдері 2019 жылдың 31 желтоқсанын қоса алғанда осы негізгі берешегін, осы жерде баса айтарымыз, негізгі берешегін төлеген жағдайда олар салықтық рақымшылығына ілігеді. Бізде ойлауы мүмкін, кім қайда баруы мүмкін, не істеуі керек деп. Ешкімге ешқайда барып керегі жоқ. Сіз салығыңызды төледіңіз, болды. Сол төлеген күні өсімпұлыңыз арнайы мамандар шегерім жасайды», – деді ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің жұртшылықпен байланыс басқармасының басшысы Олжас ОТАР.

Қазақстан егемендік алғалы төртінші рет салықтық рақымшылық жасалғалы отыр. Алғашқысы 1997-1999 жылдар аралығында болса, екінші мен үшінші 2011 мен 2015 жылдары жүргізілген. Осыдан сегіз жыл бұрын салық органдары кәсіпкерлердің 23 млрд теңге салығы мен өсімпұлын, 2015 жылы 120 млрд теңгеге кешірім жасаған.

Ал салық ісіндегі кәсіби кеңесші әрі сарапшы Алма Бекбосынованың рақымшылық шарасына қатысты пікірі бар екен.

«Сарапшы ретінде салық рақымшылығына жауапты органдарда қауіп-қатерлерді басқару жүйесіне бір ереже енгізілуін ұсынар едім. Ол – бір рет салық рақымшылығына түскен кәсіпкерді екінші рет бұл науқанға қатыстырмау. Өйткені, қарызын кешіргендер мемлекеттен ылғи бір жеңілдікті күткендей болады. Сонымен қатар, өз салығын уақытылы төлеп жүрген бизнесменнің алдында қайта-қайта берешекті кешіру ыңғайсыздау», – деді сарапшы Алма БЕКБОЛСЫНОВА.

2015 жылғы салықтық рақымшылығының шапағатын көрген кәсіпкерлердің 67 пайызы бүгінде мемлекетке қарызы жоқ. Бизнеске осылайша еркін тыныстау мүмкіншілігін берумен қатар, салық органдары негізгі берешек - 210 миллиард теңгені бюджетке қайтаруды көздейді. Бұл мақсат орындала ма, жоқ па, келесі жылы белгілі болады.

Дереккөз: almaty.tv

12 қаңтар 2019, 11:28

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.