Атырау, 24 желтоқсан 01:45
 бұлыңғыр боладыВ Атырау 0
$ 510.18
€ 601.91
₽ 6.51

«Астана Банкі» салымшыларының ақшасын қашан қайтаратыны белгілі болды

1 988 рет қаралды


«Астана Банкі» АҚ салымшыларының өтініштерін қабылдауды және өтемақы төлеуді 2019 жылғы 26 қаңтардан бастап 26 шілдеге дейінгі алты ай ішінде жүргізетін болады.

2019 жылғы 9 қаңтарда Алматы қалалық соты Алматы қаласы Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2018 жылғы 26 қарашадағы «Астана Банкі» АҚ-ты мәжбүрлеп тарату туралы шешіміне алты заңды тұлғаның және үш жеке тұлғаның 13 – 16 желтоқсан аралығында берген шағымдарын қанағаттандырусыз қалдырды. Осылайша, МАЭС-тың 2018 жылғы 26 қарашадағы «Астана Банкі» АҚ-ты мәжбүрлеп тарату туралы шешімі заңды күшіне енді.

Жеке тұлғалар мен дара кәсіпкерлердің «Астана Банкі» АҚ-тағы салымдарда, ағымдағы шоттарда және төлем карточкаларында орналастырылған ақшасының өтелуіне құқығы бар. Өтемақы Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының (ҚДКҚ) ақшалай қаражатынан жинақталған сыйақыны есептегенде банктік шоттағы немесе төлем карточкасындағы салым, ақша қалдығының сомасы шегінде, бірақ мынадай депозиттер бойынша кепілдіктің ең жоғары сомасынан аспайтын мөлшерде төленеді:

·               10 миллион теңге – ұлттық валютадағы депозиттер бойынша,

·               5 миллион теңге – шетел валютасындағы депозиттер бойынша,

·              15 миллион теңге – бір салымшының «Астана Банкі» АҚ-та бірмезгілде теңгемен және шетел валютасында орналастырылған депозиттері бойынша (бірақ шетел валютасындағы депозит бойынша баламасы 5 миллион теңгеден аспайды).

Сыйақы 2019 жылғы 9 қаңтардағы жағдай бойынша капиталдандырылған сыйақы (салымдарды, банктік шоттарды немесе төлем карточкаларын қоса алғанда, депозиттік шоттарға төленген) сомасының шегінде өтеледі. Шетел валютасындағы депозиттер бойынша өтемақы теңгемен төленеді: өтемақының сомасын есептеу үшін 2019 жылғы 9 қаңтардағы нарықтық айырбастау бағамы қолданылады.

Агент банк – «Еуразиялық банк» АҚ пруденциялық нормативтерді бұзбаған, қаржылық жағдайы тұрақты және орнықты, Қазақстан Республикасының барлық өңірлерінде салымшыларға қызмет көрсетуге мүмкіндік беретін кең тараған филиалдық желісі мен инфрақұрылымы бар банктердің ішінен таңдалды. ҚДКҚ арнайы резервтің қаражаты есебінен агент банк «Еуразиялық банк» АҚ-ты «Астана Банкі» АҚ-тың салымшыларына өтемақыны төлеу үшін банктің барлық 275 мың салымшысына төлем жасауға 37,5 миллиард теңге мөлшерінде ақшалай қаражатпен қамтамасыз етеді.

«Астана Банкі» АҚ салымшыларының өтініштерін қабылдау және өтемақы төлеу «Еуразиялық банк» АҚ-тың Қазақстан Республикасының барлық өңірлерінде орналасқан барлық 17 филиалы мен 126 бөлімшесінде 2019 жылғы 26 қаңтардан бастап 26 шілдеге дейінгі алты ай ішінде жүргізілетін болады.

«Астана Банкі» АҚ салымшыларының өтініштерін қабылдауды және өтемақы төлеуді агент банк «Еуразиялық банк» АҚ-тың Қазақстан Республикасындағы барлық филиалдары мен бөлімшелерінде сенбі күні, 2019 жылғы 26 қаңтарда бастайды, 27 қаңтарда жалғастырады. Дүйсенбі, 28 қаңтардан бастап 26 шілде аралығындағы кезеңде агент банк «Астана Банкі» АҚ салымшыларына төлемді агент банк ретінде бөлімшелері мен филиалдарының әдеттегі жұмыс режимінде жүргізетін болады.  

26–27 қаңтарда «Еуразиялық банк» АҚ-тың филиалдары мен бөлімшелерінде «Астана Банкі» АҚ салымшыларына ғана қызмет көрсетілетін болады.

 26 қаңтарға дейін агент банк филиалдары мен бөлімшелерінің таратылатын «Астана Банкі» АҚ салымшыларының өтініштерін қабылдауға, оларды қарауға немесе өтемақы төлеуге құқығы жоқ.

«Астана Банкі» АҚ салымшылары өтемақы алу үшін агент банктің кез келген бөлімшесіне немесе филиалына жеке басын куәландыратын құжатпен өтініш жасауы қажет. Салымшыларды сәйкестендіру жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) бойынша жүзеге асырылады, сондықтан «Астана Банкі» АҚ салымшыларының құқықтарын растау үшін банктік салым шарты немесе кіріс касса ордерлері талап етілмейді. «Астана Банкі» АҚ салымшысы өкілінің нотариатта куәландырылған сенімхат бойынша өтініш беруіне және оған өтемақы төлеуге рұқсат етіледі.

Дереккөз: baq.kz

10 қаңтар 2019, 10:42

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.