Атырау облысы Махамбет ауданындағы 2010 жылы, Бергей Рысқалиевтің өңірімізді басқару кезінде, пайдалануға берілген облыстық туберкулезге қарсы аурухана өткен жылдың ақпанында науқастардың аздығына байланысты «тиімсіз» деп табылып, жабылған. Кезінде 1 млрд 146 млн теңгеге салынған ғимарат бүгінде қаңырап бос тұр.
Аурухана аудан орталығы Махамбет ауылынан 5 шақырым жерде орналасқан, қазір ішінде күзетшіден басқа ешкім жоқ.
Бұған орай облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансерінің директоры Қуатжан ТҰРЫСБЕКОВ былайша түсінік берді:
- Бұл аурухана әзірге біздің балансымызда қалып тұр. Аурухананың медициналық құрал-жабдықтары басқа ауруханаларға таратылып берілді. Бұл ғимаратты әрі қарай пайдаланудың түрлі нұсқаларын қарап жатырмыз. Мүмкін мүгедектер үйі, болмаса өкпесі ауыратындарға арналған шипажай саламыз ба, ойластырып жатырмыз.
Махамбет ауданы әкімінің орынбасары Мардан СЕЙІТҚАЛИЕВ:
- Бұл ғимарат аудан орталығынан алыс, сондықтан біз үшін өте қолайсыз. Аурухананы ауданның балансына бергісі келген, бірақ біз бас тарттық.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суреттерді түсірген автор