Атырау, 27 желтоқсан 00:53
 бұлттыВ Атырау -3
$ 515.25
€ 535.91
₽ 5.18

Ат тұяғын тай басар табылмай тұр

3 792 просмотра

Жылыой ауданындағы денсаулық сақтау саласында проблемалар шаш етектен. Бәрін ретімен баяндайын.

СӘБИЛЕР ӨЛІМІ ӨСІП ТҰР

Әсіресе, Жылыой ауданындағы сәбилердің өлімі қатты алаңдатып отыр. Өйткені ауданда бір жасқа дейінгі сәбилер өлімі екі есеге жуық өскен. 2011 жылдың алты айында 14 сәби шетінесе, 2012 жылдың алты айында 26 сәби көз жұмған. Медициналық қызметкерлер сәбилер өлімін перинатальды кезеңдегі жеке жағдайлар, мәселен құрсақ ішінде даму және босану кезеңінде кейбір факторлардың кері әсер етуінен деп түсіндіреді. Туа біткен ақаулар, хромосомдық ауытқулардың салдарынан жарық көру мүмкіндігінен айрылған сәбилер де бар. Сондай-ақ, ақ халаттылар босанушы әйелдер арасында қаназдықтың басты орында тұрғанын айтады. Себебі, статистикаға сәйкес, жүкті әйелдердің 80 пайызы анемиямен ауырады.

- Әйелдер жүктіліктің интервалын көп жағдайда сақтай бермейді. Құрсақ ішінде дамымау, болмаса салмағының аз болуынан шетінеп кеткен сәбилер бар. 500 грамм болып туған сәбилер кездесуде,- дейді жылыойлық гинекологтар.

Ал Жылыой аудандық емханасының меңгерушісі Асылхан КУЛЧИКОВА дүниеге келген 500 грамдық сәбилердің өмір сүріп кетуі өз практикасында болмағанын айтады.  

 

КАДР МӘСЕЛЕСІН ШЕШУ КЕРЕК

Жылыой ауданында барлығы 100-ге жуық дәрігер мен 347 мейірбике бар. Соған қарамастан, ауданда кадр жетіспеушілігі басты проблемаға айналған. Дәрігерлердің 30 пайызы зейнетке шығып жұмыс жасап жатқандар.

- Соның өзінде лор, педиатр, гинеколог мамандары, яғни 13 дәрігер жетіспейді. Зейнет жасындағы дәрігерлер жұмысты тастаса, онда ауданда көп қиындық туатыны сөзсіз. Ал жас мамандардың келуі сирек, биыл 7 маман дәрігер келеді деп күтіп отырмыз. Біз медициналық академияларға барып, келісім жасап қайттық. Соңғы кездері бұл оң нәтиже бере бастағанымен тығырықтан толық шығуға мүмкіндік бермеуде,- дейді Жылыой аудандық ауруханасының бас дәрігері Тахуадин ҚЫДЫРБАЕВ (суретте).

Қазір ауданда жас мамандарды баспанамен қамту жайы басты назарда. Бірақ бұрыннан келе жатқан медициналық қызметкерлердің жай-күйі шет қалған. Бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келе жатса да, пәтер жалдап, туыстарының үйінде бас сауғалап жүрген 10-нан астам медицина қызметкерлері бар.

 

ЕМХАНА ҚҰРЫЛЫСЫ СОЗЫЛЫП КЕТПЕСІН

Құлсары қаласында салынып жатқан 250 адамға арналған жаңа емхана ғимараты жоспар бойынша биыл пайдаланылуға беріледі деп күтілуде. Алайда, құрылыстың биыл бітпей қалуы да мүмкін. Себебі, осыған дейін емхана құрылысы бірнеше рет кідіріске ұшыраған. Алғашында жер ауқымын таңдауда қателік орын алған, яғни емхана салынатын жерден ток желісі өтіп жатқан. Бастапқы жоба бойынша 500 адамды қабылдауға арналған емхана салуы керек болатын. Тең жартысының неліктен қысқарғандығы белгісіз.

Ал ескі емханада кабинеттер жетіспейді. Мәселен, кардиолог, невропотолог, массажист басқа ғимаратта отырады. Осылайша әрлі-берлі әуре-сарсаңға түскен халық емхана дәлізінің бойында кезек күтуге мәжбүр (суретте).

- Келушілерді тап-тар кабинетте қабылдаған дәрігерлер де қолайсыз жағдайға қалып жүр. Күн ыстықта өте қиын, демалуға мұрша жоқ. Токтардың әлсіздігінен суытқыштарды қосу мүмкін емес. Бір жағынан 54 мың халқы бар қалаға 250 келушіге арналған жаңа емхананың жетпеуі мүмкін,- дейді емхананың меңгерушісі А. Кулчикова.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суретті түсірген автор

29 тамыз 2012, 17:23

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.