
Үш күдікті де спортшыны өлтіргенін мойындамады. Алматыда қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің өліміне қатысты сот отырысы өтіп жатыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі сот залынан.
Күдіктілер отырысқа кешіктіріліп жеткізілді, сондықтан сот кешірек басталды.
Судья журналистерге залда отыруға рұқсат бермеді. БАҚ өкілдері үшін басқа бөлмеде тікелей трансляция ұйымдастырылды.
Сотталушы Арман Құдайбергенов ұрлық жасағанын мойындады, бірақ ол Денис Тенді өлтіруді жоспарламағанын алға тартты.
"Мен ұрлық жасағанымды мойындаймын. Қарақшылық пен адам өлтіру қылмысын жасау ойымда болған жоқ. Жаңқабаев пен Шəмшиевтің, Теннің айнасын алғанымды мойындаймын",- деді Құдайбергенов.
Қиясов өз қылмысын мойындаған жоқ.
"Мен айыпты мойындамаймын, өлтірген жоқпын, ұрлаған жоқпын", — деді Қиясов.
Ал үшінші күдікті Жанар Толыбаева өзіне айып тағылып отырған баптарды ауыстыруды өтінді. Оның айтуынша, қылмысқа бара жатқанын білмеген.
"434-бапты да мойындамаймын. Себебі, мен пышақ салып жатқанын көрген жоқпын",- деді Толыбаева.
Денис Теннің өліміне қатысты іс бойынша алғашқы сот отырысы 25 желтоқсанда өткен еді. Сот алдына үш адам келді — Нұралы Қиясов, Арман Құдайбергенов және Жанар Толыбаева. Отырыста күдікті әйелдің аяғы ауыр екені белгілі болды.
Биыл шілденің 19-ында тапа-тал түсте Алматының қақ ортасында мәнерлеп сырғанаушы, Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері Денис Тенді көлік ұрылары пышақтап кетті. Мұз айдынын бағындырған 25 жастағы спортшы бір айнаның кесірінен жарқ етті де, жоқ болды.
Денис тұрақта тұрған көлігінің айнасын ұрламақ болған екі қаскөйдің үстінен түседі. Арада жанжал басталып, ұрылардың бірі спортшыны пышақпен жарақаттайды. Үш литр қан жоғалтқан спортшының өміріне дәрігерлер араша түсе алмады. Тен ауруханада кешкі бестер шамасында көз жұмды.
Аталған фактіге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Денис Теннің өліміне қатысы бар деген күдікпен үш азамат ұсталды. Олар Жамбыл облысының тумасы 24 жастағы Нұралы Қиясов, Қызылорда облысының 1994 жылғы тумасы Арман Құдайбергенов және Жанар Толыбаева. Әйел қылмыс жасалғанын хабарламағаны үшін қамауға алынды.
Дереккөз: sputniknews.kz
В Атырау 0