28 желтоқсанда Атырау облыстық экология департаменті Жайық өзеніндегі балықтың қырылу фактісі бойынша «Атырау су арнасы» КМК-ін тексеру қорытындылары туралы баспасөз хабарламасын таратты. Ал келесі күні брифингте департамент өкілдері хлоридтер бойынша ШРК асқандығы туралы басты цифрларға түзету енгізді.
«Атырау қаласындағы №1 су тазарту құрылғысының (СТҚ) өнеркәсіптік алаңынан Жайыққа құйылатын шартты-таза сулардың сарқындысы тексерілді, - делінген баспасөз хабарламасында. – Тексеру барысында 14 желтоқсанда Департамент (Жайыққа құю нүктесінен) су сынамасын алып, сынама нәтижесі хлоридтер бойынша нормативтен асқандығын анықтады: 505,596 мг/дм3 (шекті-рұқсат етілген төгінді 108 мг/дм3), 396,6 мг/дм3-ге асқан.
Осылайша, «Атырау су арнасы» КМК тарапынан ҚР Экологиялық кодексінің 225-бабы 4-тармағының талаптары бұзылған: табиғат пайдаланушы ластаушы заттардың сарқынды суда белгiленген шоғырлану нормативтерiн асыра немесе сарқынды судың құрамына экологиялық рұқсатта көзделмеген жаңа заттарды қоса алмайды.
Сондай-ақ, мемлекеттік органдар мен ұйымдардың мамандары келесі қорытындыны ұсынды.
Жайық-Каспий бассейндік инспекциясының анықтамасында «Атырау су арнасы» КМК-нің ҚР Су кодексінің 72-бабы 5-тармағының талаптарын және Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 30 наурыздығы № 19/1-274 бұйрығымен бекітілген «Судың бастапқы есебінің қағидаларын» сақтамағандығы көрсетілген.
…6-25 желтоқсан аралығында «Ұлттық сараптама орталығының» Атырау облысы бойынша филиалы 84 сынаманы зерттеді, соның ішінде, Жайық өзенінің суынан 69 сынама, СТҚ сарқынды құдығынан алынған 8 сынама және Атырау қалалық СТҚ су құбырының 7 сынамасы тексерілді. Олардың барлығы бактериологиялық және химиялық көрсеткіштерді зертханалық зерттеулер нәтижелері бойынша СанЕмН талаптарына сәйкес келеді, тұрғындардың денсаулығына қауіп төндірмейді.
Атырау облысының аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының қорытындысына сәйкес, балық қорғау құрылғыларын пайдалану бойынша заң бұзушылықтар анықталмаған.
Экология департаментінің тексеру нәтижелері бойынша ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 328-бабы (Қоршаған ортаға эмиссиялар нормативтерiнiң асып кетуi) бойынша «Атырау су арнасы» КМК-ге қатысты әкімшілік өндіріс қозғалды.
Ал 29 желтоқсанда балықтың қырылуын тергеу жөніндегі ведомостводан тыс комиссия мүшелерінің қатысуымен брифинг өтті. Атап айтқанда, экология департаменті бөлімінің бастығы Эльмира МАДИРОВА былай деді:
- «Атырау су арнасы» Жайықтан су алады, тұндырады, тазартады, зарарсыздандырады. Судың бір бөлігі тұрғындарға жіберіледі, ал тұнбасы реагенттер қосылмастан кері Жайыққа төгіледі. Тексеру барысында төгу нүктесінен су сынамасын алдық. 1 литрге 505 мг хлорид анықталды. Мұнда хлоридтер бойынша ШРК 1 литрге 350 мг құрайды. Барлық суда хлоридтер бар, оларсыз су болмайды. ШРК-ның асуын химиялық тұрғыдан түсіндірейін. Бұл жағдайда ШРК бастапқыда біздің департаменттің анықтамасында көрсетілгендей 4 есеге емес, 1,4 есеге асқан. Кәсіпорынның нормативтік эмиссияларына қатысты шатасу болған. «Атырау су арнасын» кінәлі деп айтуға негіз жоқ.
Облыстық аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясы басшысының орынбасары Арман МОЛДАШЕВ брифингте 28 желтоқсанда ТЖК Батыс өңірлік құтқару жасағының сүңгуірлері ведомоствоаралық комиссия тапсырмасы бойынша Приморский каналы мен Дамбы ауылының маңындағы Жайықтың негізгі арнасына мұз астына екі рет түскен. Өлі балық табылмады.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ