31 желтоқсанда, Қабан жылы қарсаңында, үш айлық қабан аулау маусымы аяқталады. Айта кету керек, Атырауда аң аулаудың бұл түрі кең тараған, жолы болғыш мерген керемет сезімге бөленіп, дәмді олжаға кенеледі. Жергілікті аңшылар бір өзі торуылдап жүріп, аң аулағанды жөн көреді. Қаумалап ұстау және мұнарадан ату әдістері қолданылмайды. Соңғы жылдары тазымен аң аулау жиі қолданылатын болған.
Қабандарды өте мешкей, лас мақұлық деп жиі суреттейді. Бұл үйде өсірілетін шошқаның сипаттамасына келеді, бірақ жабайы доңыздың емес. Өткен жазда Еркінқала маңындағы теңіз қамыстарының үстімен ұшқан едік. Әуежай сыртындағы теңізде жабайы шошқаның торайларын ертіп, тайыз суларға шомылып, серуендеп жүргенін өз көзіммен көрдім. Қабандар өсімдік тамырымен, қоңыздармен, жәндіктердің дернәсілдерімен, өлі балықтармен және құстармен қоректенеді, сондай-ақ, бау-бақшаларды да жиі отап кетеді. Атырауда шет елден келген қандастар бау-бақша еккен Кеңөзек ауылдық округінен қабандарға қатысты көп шағым түседі. Олардан құтылу үшін диқаншылар аңшылар жалдайды екен. Бірақ олар да үнемі олжамен орала бермейді.
Қабандар ебедейсіз, икемсіз болып көрінгенмен, қауіпті сезінген бойда, дереу жалт етіп, асқан жылдамдықпен зымырап қашады. Оларда иіс сезу мен есту сезімі жақсы дамыған. Рас, көру қабілеті әлсіз, бірақ суда жақсы жүзеді. Бұл қасиеттер оған аңшыдан құтылуға, кейде қарсы шабуылдауға көмектеседі.
Табиғи ортада қабандардың негізгі жаулары – торайлардың жартысынан көбін құртып жіберетін қасқырлар. Біздің өңірімізде жыл сайын қамыс өртінен көп қабан өледі.
Атырау облысында 2010-11 жылдары африкалық шошқа індеті доңыздардың көп қырылуына себеп болды. Соңғы жылдары зоологтар зерттеу үшін «Ақжайық» мемлекеттік резерватындағы жабайы қабандардан қан сынамасын алуды жолға қойған, әзірге ауру табылған жоқ.
Атырау облыстық аңшылар мен балық аулаушылар қоғамының тіркелген аңшылық алқаптарында қабандардың саны қазіргі уақытта 500, Новинск мемлекеттік қорығы мен «Ақжайық» резерватының аумағында - 180, резервтік аңшылық қорының аумағында - шамамен 600 қабан бар. Осылайша, облыс бойынша қабандар саны 1200-1400 басты құрайды.
Әуесқойлық мақсатта қабандарды аулауға жыл сайын квоталар бөлінеді. 2018 жылғы маусымда Атырау облысында квота - 100 бас болды. Іс жүзінде қанша ауланғаны - келесі жылдың қаңтарында аңшылар лицензияларды тапсырғаннан кейін белгілі болады.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ