25 желтоқсанда Атырау облысы әкімдігінде облыс әкімінің орынбасары Әлібек НӘУТИЕВТІҢ жетекшілігімен Жайықтағы балықтың қырылу себептерін тексеру жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысы өтті.
Аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының басшысы Данияр БАЙМАҒАМБЕТОВ:
- Бүгінде «Луговой жылқы зауыты» ЖШС-де жалпы салмағы 3,4 тонна 748 бекіре, Жайық-Атырау бекіре балығы зауытында – 164 бекіре қырылды. Жайық өзенінің арнасында қырылған қара балықтардың жалпы салмағы 4,1 тонна, залал 4,2 млн теңге деп бағаланып отыр. Перетаска өзегіндегі өлі балықтардың салмағы 1,3 тонна, залал -1,2 млн теңге. Теңізде балықтың қырылу фактісі болған жоқ.
Атырау облыстық бас мемлекеттік экологиялық инспектор Қайратқали ХАЙРОЛЛА:
- «Атырау Су Арнасы» ЖШС-ін тексеру 28 желтоқсанда аяқталады, содан кейін «Атырау ЖЭО» АҚ-ын тексеру жұмыстары басталады. Зертханаларда өзен суынан 20 сынама алынып зерттелді. Судың химиялық құрамы 2016 жылдан бері өзгермеген.
Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары Амантай ЖҰМАҒАЛИЕВ:
- Атыраудан бастап Батыс Қазақстанмен шекараға дейін өзен суынан 69 сынама алынды. Тірі балықтардан да сынамалар алынды. Барлық талдау нәтижелері қауіп тудырмайды.
Қатысып отырған журналистер мен жұртшылық өкілдері көп уақыт өтсе де, өзеннің улану себептерінің әлі күнге дейін анықталмағанына алаңдаушылық білдірді.
Ветеринариялық зертхана басшысы Айжан ДӘУЛЕТЬЯРОВА өлі балықты уыттылыққа, пестицидтерге және т.б. қатысты тексеру үшін қолда бар барлық жабдықтардың қолданылғанын айтты. Алғашқы сынамада аммиак анықталған, кейін ол болмаған.
Жайық-Атырау бекіре балығы зауытының директоры Ғилман СӘРСЕМАЛИЕВ өз кәсіпорнындағы бекіре аналықтарының бәрі қырылып қалғанын мәлімдеді. Балық тоғанда өсіріледі, ол жерге Жайықтың суы құйылады. Бекірелер 6 желтоқсаннан бастап қырыла бастаған. Суда хлорид концентрациясының 1,2 ШРК-ге дейін артқаны анықталды. Тірі бекірелерді ішкі бассейнге көшірген, бірақ жансақтау әдісі сәтсіз аяқталған.
«Луговой жылқы зауыты» ЖШС учаскесінің бастығы Аманжан ШАУДАНОВ:
- Жайық өзені арнасының ортасында орналасқан Садок тарамында 5 те 5 метр болатын 176 тор-науада 36 мың бекіре тұқымдас балықтар өсірілді. Оның 6 мыңы келер жылы тауарлық уылдырық беруі тиіс аналықтар. Жеті күн ішінде біз 23 науаны көтеріп, 2200 өлі балық шығардық. Бірақ қазір бүкіл балықтың қырылғаны анықталды. Менде бар болғаны 26 адам жұмыс істейді, күніне 4 науадан көтереміз. Осылайша, маған науаларды көтеру үшін тағы 40 күн керек. Бұл уақыт ішінде балық шіріп кетеді. Біздің кәсіпорын бойынша өлі балықты тоңазытқышқа салып, залалды есептеп үлгеру үшін төтенше жағдай жариялау туралы мәселені қарастыруды сұраймын. 6 желтоқсанда маған қоңырау шалып, балықтың төңкерілген күйі қалқып жүргенін хабарлады. Мен барып, қалқып жүрген 1520 балық таптым. Дереу экология департаменті мен облыстық әкімдікке қоңырау шалдым. Сол күні комиссия келіп, су сынамасын алды. Олар сол кезде Перетаска, Зарослый және Дамбыда жұмыс істеді. Мен акт жасауды сұрадым. Бірақ маған әлі күнге дейін су талдамасының нәтижелерін бермей отыр. Мен өз күшіммен 4 және 5 желтоқсандағы қорытындыны таптым. Ол әлдебір химиялық заттың төгілгенін растап отыр.
Бұл бір мәрте құйылған төгінді болуы мүмкін. Өйткені 6 және 7 желтоқсанда өзен суы таза болған. Менде хлоридтердің 2 ШРК көлемінде және өлшенген заттардың 1000 ШРК көлемінде асып кеткенін көрсететін құжат бар.
«Атырау Су арнасы» КМК су тазарту құрылғысының бас технологы Айгүл АРЫСТАНОВА сөз алды.
- Біз суды тазартып, зарарсыздандырып, тұтынушыға жеткіземіз. Күн сайын талдау жасалады. Хлоридтер бойынша ШРК асқан дейсіз бе? Жерасты суларында бұл тұз міндетті түрде болады. Өзен арнасының сыйымдылығын есептеп көрейік, сонда - өзенді улау үшін оған 12 мың 600 тонна хлорид төгу керек болады. Бірақ бұл мүмкін емес, ақылға сыймайды.
«АЖ» тілшісі мәжілістен соң комиссияның кейбір мүшелерімен сөйлескен еді. Олар енді өзеннің улануына кінәлілерді табу мүмкіндігі азаятындығын жасырмады. Бұрын олар судың ластануына «Атырау Су арнасы» КМК-нің кінәлі екеніне сенімді болатын. Өйткені өлі балықтар су тоғаны мен Дамбы арасынан табылған. Бірақ өткен аптада Геолог ауылының маңынан да балықтың қырылғаны анықталды, ал бұл өзен ағысының бойымен су тазарту құрылымынан жоғары жақта.
Өзенге төгінділер тастайтын 4 кәсіпорыннан кейін Жайық түбімен құбырлары жүргізілген кәсіпорындарды, содан кейін оның жағалауына жақын орналасқан барлық кәсіпорындарды тексеру жоспарланып отыр.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ