Атырау, 26 қараша 09:02
 ашықВ Атырау +4
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Бұл үйде де жаңа жыл тойланады

Сурет
4 417 просмотра


Жаңа жыл – отбасылық мереке. Әр түрлі тағдырмен бір шаңырақ астына жиналған қарттар үйінің тұрғындары бұл мерекені қалай қарсы алады? «АЖ» тілшісі мереке қарсаңында ресми түрде Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы деп аталатын осы мекемеде болып, қариялардың жаңа жыл алдындағы жоспарларымен танысып қайтты.   

Мекеме басшысы Қилымқас КҮЗЕМБАЕВАНЫҢ айтуынша, қазір мұнда 104 адам тұрып жатыр, тұрғындардың ең кәрісі - 102 жаста.

...Есіктен енгеннен тұрғындардың жанарынан мерекелік көңіл күйдің нышаны сезілді. Бірқатары залға жиналып жаңа жыл шыршасын безендіруге атсалысып жатыр.   


Баяз ҚАРШЫҒАЕВ:

- Жыл сайын жаңа жылды осы шаңырақта туған күніммен қоса атап өту дәстүріме айналған. 2019 жылдың 1 қаңтары 91 жасқа шығамын. Бұл - менің қарттар үйіндегі он бесінші жаңа жылым.

Баяз Құрманғазы ауданы, қазіргі Ақкөл ауылында дүниеге келген. Жолдасы мен жалғыз қызы қайтқан ол ешкімге салмақ салмайын деп қарттар үйіне өзі келген.  


Мұндағы 4 жұп өздерінің сыңарын қарттар үйіне келіп тапқанын айтады. Солардың бірі - Сергей СЕРДЮЧЕНКО мен Наталья РОДИНА жаңа жылды алғаш рет ерлі-зайыптылар болып қарсы алмақ.

Сергей СЕРДЮЧЕНКО мен Наталья РОДИНА


- Мен бұрын үйленбегенмін, соңғы кезде тұрақты тұрағым да болмады. Бұған дейін достарымның таныстарымның үйлерін паналадым. Жасым үлкейген соң күзде қарттар үйіне барайын деп шештім,- дейді Сергей Николаевич. - Мұнда  Натальядай сұлуға жолықтым, ол да кет әрі болмады, алғаш отбасылық өмірді кешіп жатырмын. Бұйырса 65-ші жаңа жылымды жұбайыммен бірге қарсы аламын.

Ал Людмила ХУДИНА жаңа жыл мерекесін жылда қыздарымен бірге ресторанда өткізуді әдетке айналдырған. 


Қызымның бірі Германияда, бірі Ресейде тұрмыста. Мереке күндері Атырауға келіп менімен бірге болады. Өткен жылдың жазында 3 ай Германияда болып келдім. Бірақ маған ол жақтан гөрі осы жер ұнайды дейді, - дейді Людмила Васильевна.

Естеріңізде болса, бұнда жаңа жыл қарсаңында мұздан мүсіндер жасайтын Мәди ОМАРОВ деген ақсақалдың тұратынын жазған едік. Мәди былтыр өзінің туған жері Алматы қаласындағы қарттар үйіне ауысып кеткен.

Атыраудағы таныстарын сағынатын көрінеді, келгісі келеді. Атырауға ауысу туралы өтінішіне келісім бердім. Ақпан айының ішінде қайта оралатын шығар, - деді Қилымқас Күзембаева. 

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ 

Суретті түсірген автор

25 желтоқсан 2018, 12:17

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.