Қала тұрғындары қарттар үйінің жанынан өте бергенде ғимарат ауласынан қардан соғылған мүсіндерді көріп, еріксіз баяу аяңдайды. Мүсіндердің арасында жыл символы – ерекше қауырсынды әтеш те бар.
Біз де кәсіби қызығушылық танытып, фототілшімен бірге қарттар үйіне қонаққа бардық. Ауладан бізді ескі танысымыз Мәди ОМАРОВ қарсы алды. 77 жастағы аға өз жасынан әлдеқайда жас көрінеді. Әрі кеткенде 60-тағы адам сияқты. Басына түскен қиын сынақтардан кейін ол өзін қолға алып, ауыр сырқатынан айыққан еді. Әкімдік ауладан спорттық жаттығу құрылғыларын орнатқаннан кейін ол қоғамдық спорт нұсқаушысы болды. Үй тұрғындарына қандай жүктеме таңдау керектігіне көмектесіп, тамақтану бойынша кеңестер береді. Қазір бірнеше жаттығу құрылғыларының бос тұрғаны өкінішті. Олардың қозғалысқа келтіретін серіппелері сынып қалған. Үй басшылығы бұған қатысты ешқайда жүгінбеген, сондықтан олар үшін біз өтініш білдіреміз. Осы үйде тұратындардың атынан ТКШ бөліміне жаттығу құрылғыларын жөндеп берсеңіздер екен деген өтініш айтамыз.
Мәди ағаның өзі 14 жыл бұрын Қариялар үйіне түскен кезде спортпен мықтап айналысқан. Арақ ішпейді, темекі шекпейді. Тек таза тағамдарды тұтынуға тырысады (жаңа заң бойынша осы жердегі адамдардың зейнетақысының 70 пайызын оларды асырап-бағу үшін ала бастаған кезде, дұрыс тамақтану қиындай бастағанын атап өтті).
Мәди аға көзімізше өзінің әдеттегі 40 минуттық дене жаттығуларын жасап, өзінің керемет дене шымырлығын көрсетті. Ақсақал күн суық кезде ғана ішкөйлекпен жаттығады, ал жылы күндері оны кимейді. Оның шиыршық атқан қос білегіне кез келген жас жігіт қызығатындай. Ал қардан жасалған мүсіндер бала-шағаның көз қуанышына айналған. Бұл салауатты өмір салтын ұстанған оның жаңа әуесқойлығы екен.
- Өткен жылы аулада балалар мультиктерінің кейіпкерлерін: Чебурашканы, тасбақа Тортилланы, керікті жасадым. 23 ақпанда генерал Панфиловты фотосурет бойынша жасап шығардым. Осы қыста алғашқы қар жауған кезде, 2016 жылдың символы – маймылды, содан соң оның ізін басатын әтешті жасадым. Бірақ маймыл еріп кетті, оның орнына аққала соқтым. Балаларды қардан жасалған түйеге отырғызамын, олар мәз-майрам болады, - дейді Мәди аға.
Мүсіндер еріп кетпес үшін шуақты күндері оларға жамылғы жауып тастайды. Сосын қайта қалпына келтіреді. Өзіне қажетті тығыз қар іздеп, ауланы кезеді. Қабыршақ қар жарамсыз, Мәди аға оны алып тастап, оның астыңғы қабатын жинап алады.
- Таза ауада қар соғып, жан-тәніммен демаламын, көп қозғаламын, мұның тек пайдасы бар. Ал егер еш ісің жоқ болса, селқостанып, мұң басып, күйзеліске ұшырауың мүмкін, - деп пайымдайды Мәди аға. Дегенмен, оған мұның ауылы алыс екені белгілі.
Бір қынжылатыны, түрлі-түсті мүсіндер жасайтын арнайы бояуы жоқ.
Аққала түрлі-түсті көйлек киіп, әтеш қызық айдарлы болса, ал оның айналасы сары балапандарға толса, қандай әдемі болар еді?
Зульфия ИСКАЛИЕВА