Атырау, 21 желтоқсан 06:52
 бұлттыВ Атырау -1
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Министр Атырау тұрғынына жауап берді

4 760 просмотра


Атырау тұрғыны Асқар ҚҰСАЙЫНОВ ҚР Энергетика министрі Қанат БОЗЫМБАЕВТЫҢ (суретте) блогына хат жолдаған еді: «Құрметті Қанат Алдабергенұлы! Атырау қаласы мен Батыс Қазақстан облысының жұртшылығы Жайық өзеніндегі балықтардың жаппай қырылып жатқаны жайлы дабыл қағадыӨйткені, Жайық өзені Батыс Қазақстандағы бірден бір тұщы су көзі. Бұрын-соңды болмаған балықтардың жаппай қырылуы табиғи апаттан емес, адам әрекетінен орын алып отыр.  Бұл мұнай мен газ өндіруші компаниялар шоғырланған, сонымен бірге экологиялық зиянды заттар бөлініп жатқан Каспий өңірінде болып жатыр. Тексеру жүргізіп, проблема көзін анықтауды; мұнай өндіруші компанияларға  қоршаған ортаға, әсіресе, су айдындарына зиянды заттар тастауға тыйым салуды; Жайық өзені суының жарамдылығын тексеріп, балық популяциясын қалпына келтіру секілді шаралар алуыңызды өтінемін”.

Министр былай деп жауап берген (жауап 20 желтоқсан деп белгіленген):

- Құрметті Асқар Құсайынов, 2018 жылдың 3 желтоқсанында Атырау облыстық экология департаментінің мамандары облыстық орман және жануарлар дүниесі инспекциясының мамандарымен бірлесіп, балық қырылған жерге барды. Өзен суының сынама үлгілері үш нүктеден, сондай-ақ, “Атырау Су Арнасы” КМК құбырының өзенге құйылатын нүктесінен алынды. Атырау облысы әкімдігінің жетекшілігімен Жайық өзені бассейнін зерттеу үшін мүдделі органдар қамтылған ведомствоаралық комиссия құрылды. Сондай-ақ, 2018 жылдың 4 желтоқсанында ведомствоаралық комиссия мүшелерімен бірге зертханалық зерттеу жүргізу үшін балық қырылған жерлерден қайтадан су сынамалары алынды. Перетаска ауданында «Атырау ЖЭО» АҚ-ның су алу және «Атырау Су Арнасы» КМК-нің су жіберу құрылғыларынан сынамалар алынды.

Ағымдағы жылдың 6 желтоқсанында су сынамалары Зарослый каналынан, каналдың Жайық өзенімен  жалғанған нүктесінен, сондай-ақ, бекіре зауыты жанындағы Жайықтың әр түрлі тереңдігінен алынды. Температура, сутек көрсеткіші, аммоний азоты, анионды беттік белсенді заттар, қалқымалы заттар, жалпы темір, мұнай өнімдері, нитраттар, нитриттер, сульфаттар, құрғақ қалдықтар, хлоридтар, фенолдар бойынша сынамалар анықталды. Хлоридтердің шамадан тыс асқанын қоспағанда, барлық сынамаларда шекті рұқсат етілген концентрациядан асу көрсеткіші байқалмады. Биылғы 13 желтоқсанда Атырау облыстық Экология департаменті «Атырау су арнасы» КМК-не жоспардан тыс тексеруді бастады. Қазір тексеру жұмыстары жалғасуда. Тексеру барысында экологиялық заңнама талаптарының бұзылғаны анықталған жағдайда қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік шаралар алынады.

Сонымен бірге, балықтың қырылу себептерін өлі балықтарға зертханалық тексеру жүргізетін ветеринариялық бақылау саласындағы уәкілетті орган анықтайды.

Дайындаған Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

22 желтоқсан 2018, 00:46

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.