Биыл желтоқсанда Жаңаөзендегі оқиғаларға тура 7 жыл толады. Бұл аза тұту күні қазақстандықтардың жүрегінде мәңгі қалмақ. «AЖ» Қазақстандағы Адам құқықтары жөніндегі бюросы Атырау филиалының директоры, құқық қорғаушы Әсел НҰРҒАЗИЕВАМЕН әңгімелескен еді. Жерлесіміз Жаңаөзен оқиғасына қатысты сот процесстеріне ЕҚЫҰ бақылаушысы ретінде қатысып, кейін зардап шегушілер мен құрбандардың мүдделерін қорғады.
- 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғаларынан кейін мен 72 жараланушы мен қаза болған 16 адамның туыстарының мүддесін қорғадым. Қазіргі уақытта Жаңаөзендегі оқиғаларға тиісті құқықтық баға берілмегендіктен, қаза тапқандар мен жараланғандардың отбасылары көптеген қиындықтарға тап болып отыр. Мен әлі күнге дейін оларға Мемлекет басшысына, облыс әкіміне хаттар, өтініштер дайындауда құқықтық қолдау көрсетіп жүрмін. Жаңаөзенде жұмыс істеген кезімде осы отбасылармен жақсы қарым-қатынаста болдым. Жыл сайын, 16 желтоқсанда сол жерге барып, дұға оқып, көңіл айтуға тырысамын. Бұл басты миссиям болатын.
Мен төрт отбасында болдым. Ереуіл кезінде көпшілігі туыстарын жоғалтқан. Мысалы, Юсуповтар отбасының жалғыз ұлы Радик қаза болған, ол оқиғалардан бір жыл бұрын шаңырақ көтерген екен. Радик қайтыс болғаннан кейін келіндері баласымен кетіп қалған. Жақында оларға барғанда, Радиктің әке-шешесі әлдебір үмітсіз қараңғылық құшағына енгендей көрінді. Өте өкінішті, олар үшін бұл өмірде қызықты ештеңе қалмаған. Қарттардың денсаулығы сыр беріпті. Төрехан аға мен Күләш апаның үйінде де осындай көрініс - олар да ұлсыз, кейін немерелерінсіз қалды.
- Сіз адамдарға ҚР Президентіне хаттар мен өтініштер жіберуге көмектесіп жүрсіз. Ең болмаса бір жауап келді ме?
- Осыдан бір жылдай бұрын Жаңаөзенде қаза болғандардың туыстары ҚР Президентіне түрлі өтініштермен және талаптармен хат жолдады. Бірақ ешқандай жауап келмеді. Енді келеді деп үміттенбейміз де.
- Сіз Атырауда биыл Жаңаөзенде қаза тапқандарды еске алу дастарханы жайылмайды дедіңіз. Бұл туыстарының қалауы ма, әлде оларға билік тыйым салған ба?
- Иә, өкінішке орай, биыл еске алу шаралары болмайды. Бұған дейін үлкен еске алу шаралары, соның ішінде қаланың орталық алаңында өткізілетін, бірақ биыл оларды, неліктен екені белгісіз, тоқтатып тастады. Марқұмдардың ата-аналары мұның себебін дұрыстап анықтай алмады, тіпті, анықтаудан шаршады. Жаңаөзен тұрғындарының айтуынша, билік өкілдері бейресми түрде еске алу шараларын үйде өткізу туралы ауызша нұсқаулар берген екен.
- Бүгінде желтоқсан оқиғасына қатысушылар қалай өмір сүріп жатыр? Сіз олармен кездестіңіз бе? Олардың барлығы түрмеден босатылды ма?
- Іс бойынша барлық сотталғандар: мұнайшылар да, полиция қызметкерлері де босатылды. Түрмелерде ешкім қалмады. Жаңаөзен оқиғалары бойынша сот процесі 4 бөлімге бөлінген: 37 мұнайшыға, 5 полицейге, сондай-ақ, Козлов пен Шетпе ісіне қатысты үлкен сот процесі. Мұның үлкен жұмыс екенін ескеріп, құрбандар мен зардап шеккендердің отбасыларына құқықтық көмек көрсету ретінде өзімнің жұмыс бағытымды анықтадым. Мен оларға моральдық зиянды өндіріп алуға көмектесуге тырыстым.
- Сол оқиғаларға қатысты жаңа фактілер бар ма? Жақында Facebook-та сіз қаза болғандар әлдеқайда көп болуы мүмкін деп жаздыңыз. Сіздің болжамыңызға не себеп болды?
- Мен түрлі адамдармен кездестім. 2011 жылғы 16 желтоқсаннан кейін жараланғандарды қабылдаған Жаңаөзендегі ауруханалардың қызметкерлері қаза болғандардың көп болғанын айтады. Олардың айтуынша, ауруханалардың бірінде үш қабаттың бәрі қанға боялып, медициналық қызметкерлер бір кабинетке мәйіттерді қабат-қабат қалай жинағанын көрген. Олар және біз, құқық қорғаушылар, 16-дан көп адам өлгеніне сенімдіміз. Шындықты білетін адамдардың өміріне әлі де қауіп төніп тұр. Осы оқиғаларға 7 жыл өткеніне қарамастан, болған жағдайға тиісті құқықтық баға әлі берілмеді. Объективті тергеу жүргізілмеді. 16 адам қаза болып, 72 адам жараланғанын және тек бес полиция қызметкерінің сотталғанын қалай түсіндіруге болады? Онда да оларды ең жеңіл 308-баптың 4-тармағы (ауыр зардаптарға әкелген қару-жарақты қолданып, билікті немесе лауазымдық өкілеттікті асыра пайдалану) бойынша жауапкершілікке тартып отыр.
- Оқ жаудырған полиция қызметкерлерінің ісі бойынша сұрақтарыңыз немесе күмәніңіз қалды ма?
- Күмәнім де, сұрақтарым да бар. Сотта басты мәселе қаралмады: Қазақстан азаматтарына оқ атуға бұрық берген кім? Күлкілі ғой, осыншама адам қаза тауып, жарақат алды, бар болғаны тек 5 полицей ғана жазаланып отыр. Қалғандары қайда? Әрине, қаза болғандар мен жараланғандардың отбасы судьялардың үкіміне қанағаттанбайды. Сот мүлкін тәркілеумен бірге құқық қорғау органдарында бес жыл мерзімге лауазымдық қызмет атқару құқығынан айырумен қатар, полиция қызметкері Өтеғалиевті жеті жылға, Бағдабаевты, Бақытқалиұлын, Жолдыбаевты алты жылға, Есбергеновті бес жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. «Қан төгілген жерде сұрау бар» деген жақсы сөз бар. Барлық сұрақтарға соңында жауап берілетініне сенімдімін. Тарих ешкімді кешірмейді.
- Әсел, сіз көптен бері адам құқықтарын қорғау қызметімен айналысып келесіз, 1986 және 2011 жылдардағы оқиғалар арасын сабақтастыра аласыз ба? Олар немен ерекшеленеді және олардың ұқсастығы қандай?
- 1986 жылы да, 2011 жылы да билік азаматтарға оқ атты. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін жаңа билік сарбаздар мен құқық қорғаушылардың өз азаматтарына оқ атып, ұрып-соққанын мойындады, дегенмен, Қайрат Рысқұлбеков және басқа да жігіттер мен қыздарды - желтоқсандықтарды ақтай бастаған кезде, «көлденең» кейіпкерлер пайда болды. Олар жай ғана сол жерде жүрген кездейсоқ адамдар, кенеттен олардан халық батырларын жасай бастады. Жаңаөзен төңірегінде де осындай жағдай болуы мүмкін.
Сондықтан қазір оқиғаның қақ ортасында болған адамдар туралы айту маңызды. Көңілге мұң ұялататыны, Жаңаөзенде құқыққорғаушылар, журналистер өте аз болды, тіпті, олар да өмірден кетіп жатыр. Игорь ЛАРРА (2013 жылдың 29 қыркүйегінде панкреонекроздан), Азамат ҚАЛЫМБЕТОВ (2016 жылы 30 наурызда ұзаққа созылған ауыр науқастан) қайтыс болды. 20 жастағы Александр БОЖЕНКОНЫҢ өлімі Жаңаөзендегі қасірет тарихында қара дақ қалдырды. Ол Жаңаөзендегі жаппай тәртіпсіздіктер туралы іс бойынша негізгі куәгерлердің бірі болды. 37 мұнайшыға қарсы сот процесінде Боженко өзін полиция бөлімшесінде азаптағанын және оған қысыммен куәлік беруге тура келгенін мәлімдеді. Белгісіз адамдар оны өлтіріп кетті, ал полиция оны жай бұзақылықтың құрбаны болды деді. Жаңаөзендегі оқиғаларға объективті баға берілетін күнге дейін куәгерлер ақылға қонбайтын жағдайда өмірден өте беретін болады.
- Сіз биліктің Жаңаөзенде қаза тапқандар мен жараланғандардың отбасыларына өтемақы төлеуіне жұмыстандыңыз. Бұл туралы толығырақ айтып бере аласыз ба?
- Жаңаөзендегі бірқатар белсенділер менің заңды қолдауыммен осы бағытта жұмыс істеуді жалғастыруға тырысуда. Ең алдымен, қаза болғандар мен жараланғандарға қылмыс құрбандары деген ресми құқықтық мәртебе беру керек, бұл мәртебе оларға әлеуметтік, медициналық және психологиялық көмек алуға мүмкіндік береді. Үкіметке осындай нормативтік актіні қабылдауы қажет. Тағы бір ашық мәселе қалды: ол жерде ереуілге шыққан мұнайшылар ғана емес, кездейсоқ өтіп бара жатқан азаматтар да жарақат алды. Оларды жұмысқа орналастыру туралы мәселе тұр, өйткені жарақат алып, жұмыс таба алмай жүрген 10 шақты адам ғана келді.
Билік өз әрекеттеріне жауап беруі тиіс. Кем дегенде материалдық және моральдық зиянды өтеуі тиіс. Біз қаза болған 11 адамның және үш жараланушының атынан сотқа арыздандық. Маңғыстау облысының Ішкі істер департаментіне және Ішкі істер министрлігіне қарсы сотқа талап арыздар бердік. Егер әлдебір ведомоствоның қызметкері қылмыс жасаса, онда бұл ведомоствоның басшылығы, нақты біздің жағдайымызда Ішкі істер министрлігі мен ІІД жауапты болуы тиіс. Олардан қаза болған марқұмдардың отбасыларына 50 миллион теңгеден және жараланушыларға 20 миллион теңгеден моральдық зиянды өтеуді талап еттік.
Маңғыстау облыстық соты біздің талап-арызымызды 4 рет қабылдамады. Осыдан кейін 4 адам менің қорғауымнан бас тартып, басқа заңгерді таңдады. Бұл заңгер мүлдем басқа жолмен жүрді. Ол Ішкі істер департаменті мен Ішкі істер министрлігінен емес, мұнайшыларға оқ атқан полицейлерден келтірілген зиянды өндіруді ұйғарды. Сот Жаңаөзенде оққа ұшқан құрбандарға 500 мың теңге төлеуге қаулы шығарды. Бірақ осы мардымсыз ақшаның өзін де әлі төлеген жоқ.
- Жаңаөзен оқиғаларына халықаралық құқыққорғау ұйымдары қандай баға берді?
- Халықаралық ұйымдар Human rights, Amnesty International, БҰҰ Комитетi Жаңаөзендегі оқ атуды айыптады.
- Жаңаөзендегі желтоқсан оқиғалары туралы бүкіл шындық айтылды ма, қалай ойлайсыз?
- Жоқ, әрине, мен осы туралы айтып отырмын ғой. Билік «Жаңаөзендегі ереуілге шыққан мұнайшыларға оқу атуға кім және неліктен бұйрық берді?» деген негізгі сұраққа жауап бермейінше, біз бүкіл ақиқатты білмейміз. 2011 жылдың 16 желтоқсанынан бір апта бұрын Жаңаөзенге снайперлер тобы неге жіберілді? Бейбіт ереуіл болған жерде арандатуларды кім ұйымдастырды? Ол жерге бөтен адамдар қайдан келген? Неліктен ереуілшілер тынышталғаннан кейін оқ ата бастаған?
Фархат ӘБІЛОВ
Суретті түсірген автор