Лондон Олимпиадасында Қазақстан ауыр атлеттері алтын медальдардың саны жағынан Қытайдан кейін екінші орынға шықты. Күншығыс елі жалпы бес алтынға ие болса, біздің спортшылар 4 медальды қанжығасына байлады. Бұл – үлкен жетістік әрі отандық ауыр атлетиканың даму дәрежесін айқындап отырған жеңісті меже. Қазірдің өзінде шетелдіктер қазақстандық зілтеміршілердің дайындығына үлкен қызығушылық танытып отыр. Себебі алда Рио-де-Жанейро Олимпиадасы күтіп тұр. Осы дүбірлі жарыста да біздің ауыр атлеттер алтынсыз қалмайды. Себебі бізде резерв бар. Ол туралы бізге ауыр атлетика бойынша Қазақстанның ұлттық құрамасының бас бапкері Алексей Ни айтып берді.
– Қазіргі кезде Лондонда қол жеткізген жетістіктен төмен түспей, алған межені ұстап қалу қажеттігі туралы айтып жатырмыз. Әрине, осы кезде, ең алдымен, ауыр атлеттерімізге сенім артып, «олардың жеңісті жолы жалғаса ма» деген сауал туындайды. XXX Олимпиада ойындарының жетістігін Рио-де-Жанейрода қайталай аламыз ба?
– Қазір бізде ауыр атлеттердің жас резерві бар. Олар республиканың түкпір-түкпірінен келіп жатыр. Өзіңіз көрдіңіз ғой, Лондон Олимпиадасында Алмас Өтешев, Анна Нұрмұхамбетова сынды спортшылар үздік ондыққа еніп, 5-7-інші нәтижелерді көрсетті. Міне, осындай жас спортшылар бір жылдан кейін Әлем чемпионатында жүлделі орындар үшін таласа алады. Сондай-ақ бізде Жазира Жаппарқұл және Ибрагим Берсанов бар. Олар жастар арасындағы соңғы Әлем чемпионатында алтынмен апталған болатын. Осындай зілтемірші қыз-жігіттер көп. Лондоннан кейін олардың бәрі Әлем чемпионатында, тіпті Олимпиадада да жеңіске жетуге болатындығын әбден түсінді. Осы рухты біз барлық спортшыларға жеткізуді көздейміз. Шыны керек, бізге осындай жолды бастайтын спортшылар қажет болды. Міне, Лондон Олимпиадасында төрт атлетіміз топ жарып, кейінгі спортшыларға үлгі бола білді. Олар қытайлықтарды да, орыстарды да жеңуге болатындығын дәлелдеді. Айтпады демеңіз, алдағы Азия және Әлем чемпионаттарында біз Қазақстаннан шыққан жаңа жеңімпаздарды көретін боламыз. Меніңше, бұл кезеңдерде Олимпиада чемпиондары тынығуы тиіс. Сондықтан біз жастарға жол береміз. Риоға жақындаған кезде жолдама үшін таласып, лицензиялардың басым бөлігін ұтып алуды көздейміз. Он жолдама алуымыз қажет. Содан келесі Олимпиадаға баратын спортшылардың құрамы жасақталады. Құраманың ішінде бәсеке болуы қажет. Қазірдің өзінде жас спортшылар Олимпиада чемпиондарының өкшесін басып келеді. Олар қазіргі Олимпиада чемпиондарын марапаттауды көріп, соған қатты қызығып, осындайға жетсем екен деп тілейді. Солай болғаны дұрыс та. Чемпиондар босаңсып кетпейді. Жаңа жылдан бастап біз Рио-де-Жанейроға дайындала бастаймыз. Ал дәл қазір нақты ештеңе айтпай-ақ қояйын.
– Өзіңізде Лондонда төрт бірдей алтын медаль аламыз деген ой болды ма?
– Шынымды айтсам, Лондон Олимпиадасындағы жетістігіміз менің қол жеткізбес арманым еді. Бейжіңнен кейін бізде Илья Ильин алған бір-ақ медаль болды. Бұл – Тәуелсіз Қазақстанның ауыр атлетикасы тарихындағы алғашқы алтын медаль. Енді одан төмен түсуге болмайды ғой. Сондықтан Лондонда кем дегенде, екі медаль алу керек деген мақсат қойдым. Үш медаль, бұл – жоспардың максимумы деп ойлап жүргенмін. Ал біздің зілтеміршілер жоспарымызды асыра орындап, арманымызды іске асырды.
– Ауыр атлет қыздармен жұмыс істеу қиын ба?
– (күлді) Иә, бас бапкер болып тағайындалған алғашқы кездері құрамамызда тек ерлер ғана еді. Сондықтан болар тым қатқыл болдым. Ал қыздардың келуімен менің психологиям өзгерді. Олармен жұмыс істеген кезде көп сөйлеп, эмоцияны барынша білдіру қажет. Мін тағып, кінәлауға болмайды. Мен оның бәрін түсіндім және ауыр атлет қыздарымыздың барлығымен тіл табыса аламын.
– Көрші Ресей мен Қытайдың өз спортшыларын қайтарып алу ниеттеріне қалай қарайсыз?
– Онысын далбаса деп ойлаймын. Ресей Светлана Подобедованы кезінде өзі тастап кеткен жоқ па? Ал Чиншанло мен Манезаның әңгімесі тіпті бөлек. Подобедова белгілі спортшылардың қатарында болса, Қытай Зүлфия мен Майяға мүлдем қараған да жоқ қой. Маған Қытайдың журналистері, тіпті CNN де хабарласқан. Оларды біз жалға бере алмаймыз. Зүлфия мен Майя – Қазақстанның азаматтары, сондықтан тек Қазақстанның намысын ғана қорғайды.
– Шыны керек, Лондон Олимпиадасы алдында ауыр атлеттеріміздің дайындығы жоғары болғаны қатты көрінді...
– Иә, менің қыздарым бәрін таза орындап шықты. Біз бұл Олимпиадаға қатты дайындалдық. Қарсыластардың дайындығын да байқаумен болдық. Бірақ көтеретін салмақты барынша арттырып, асыра орындауға тырыстық. Біздің спортшылар өз қарсыластарын шаң қаптырып кететіндей деңгейде болуы тиіс деп білдік. Бір өкініштісі, Анна Нұрмұхамбетованың көтерген салмағын үш төрешінің барлығы есептесе де, қазылар алқасы оны санамай қойды. Осы салада 30 жыл жүріп, мұндайды көрген емеспін. Аня, кем дегенде, күміс үшін таласатын еді. Бізде қазір қарсылық беру деген жоқ. Ауыр атлетикада оны мүлдем алып тастады. Ештеңе етпес, 19 жастағы Аня әлі өзін көрсетеді.
– Спортшылардың жеке мінездеріне тоқталсаңыз?
– Енді Светлананың мінезі ауыр (күлді). Ол ренжіп, бөлмеден шықпай қоюы мүмкін. Илья болса, бір жерде отырмайды. Оны керісінше, бір бөлмеге қамап тастау қажет. Майя мақтауды жақсы көреді. Өзі үнемі күле береді де: «Қойыңызшы, мен бәрібір бір келіге артық көтеремін», – деп қоя салады. Зүлфия болса, штангамен өмір сүреді. Онымен біз келістік. Ол Рио-де-Жанейрода өтетін Олимпиадада жеңуі тиіс. Содан кейін ғана тұрмысқа шыға алады. Негізі, кез келген спортшы, ең бірінші, адам ғой. Оның да мінезі бар. Бұрынғы заман қалды. Ол кездің спортшылары бәрін тек кесте бойынша орындаса, қазіргі жастар бәрін бірден игеріп алуға тырысады. Себебі интернет, ақпараттың мол ағыны бүгінгі ұрпақты мүлдем басқа арнада тәрбиелеп жатыр. Соны түсіне білу керек. Ел намысы таразы басына түскеннен кейін бәріне шыдау керек.
Автор: Арман АСҚАР, Астана