Жайық жағасында орналасқан Махамбет ауданы Сарайшық ауылының басым бөлігі төрт жылдан бері ауыз суға жарымай отыр. Халықты ауыз сумен қамтуға 2012 жылы қолданыстағы су желісін қайта жаңғыртуға 60 млн, 2014 жылы 206 млн теңге қаржы бөлінген, алайда... Құбырлар тартылып, су тазалау қондырғысы (СТҚ) салынғанымен, іске жарамсыз болып шықты.
Бұл ауыл жаңа Сарайшық және ескі Сарайшық болып екіге бөлінеді. Ескі Сарайшық тұрғындары (94 үйде 779 адам тұрады) ауыз сумен толық қамтылған, тәулігіне он сағаттан астам суды тұтынады. Ал жаңа Сарайшықтағы 394 үйдегі 2150 адам ауыз суға жарымай отыр.
- Жер астында үкіметтің екі бағдарламасымен миллиондаған қаржы бөлініп жасалған үш құбыр жатыр. Соңғысы «Ақ бұлақ» бағдарламасы арқылы жүзеге асты. Құбыр тартылғанымен, су жоқ. Су желілері жер астында бостан-босқа шіріп жатыр. Біз мұны жыл сайын айтамыз, бірақ еш нәтиже жоқ, - дейді тұрғындар.
Басты себеп – сапасыз салынған СТҚ. 2014 жылы салынып, бір жыл өтпей қондырғылары - су айдау сорғылары, су тазалау сүзгіштері, коагулянт езетін аппараты бұзылып, жұмысын тоқтатады. Содан бері тұрғындар суды сатып алып ішіп отыр.
- Осы жылдың наурызында аудан әкімінің өкімімен Сарайшық ауылындағы СТҚ мен желілердің жай-күйін анықтау мақсатында жұмыс тобы құрылып, тексеріс жүргізіп, акт жасаған болатын. Нәтижесінде жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін сметалық есептеме әзірленіп, облыстық энергетика және ТКШ басқармасына 2019 жылға 25 млн 263 мың теңгеге бюджеттік өтінім жолданды,-дейді аудандық ТКШ бөлімінің басшысы Айдарбек ЗИНОЛЛАЕВ. - Егер қаржы бөлінсе сорғы, сүзгіштер және СТҚ, қажетті құралдар алынатын болады. Көшеішілік су желілерін тексерістен өткізіп, жөндеу жұмыстарын жүргізу де көзделуде.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суретті түсірген автор