Атырау, 22 қараша 13:13
 ашықВ Атырау +4
$ 494.87
€ 520.65
₽ 4.91

«Әскерлер жатақханаға басып кіріп, бәрін қан-жоса қылды»

Сурет Бейнежазба
5 752 просмотра


1986 жылғы Алматыдағы желтоқсан оқиғасы әлі күнге дейін халық есінде. Біз осы қайғылы да тарихи оқиғаға қатысушылардың бірі, Махамбет ауданы Сарайшық ауылының тумасы, сол кездегі ауыл шаруашылығы институтының студенті Орынғали ДҮЙСЕЕВКЕ  естеліктерімен бөлісуді өтіндік.

«ҚАШПАҢДАР, ҚАЗАҚТАР!»

- Біз қазақы ауылда туып-өстік. Ол кезде астанамыз Алматыны көру бір ғанибет еді ғой. Алматы көркімен ұнағанымен, тұрғындарының ұлттық болмысын жоғалтқаны, сол кезде қазақ  мектептері мен балабақшалардың саусақпен санарлық екендігі іштей қынжылтатын. Көңілімізде астана халқының, әсіресе, қаракөз қазағымыздың бірауыз өз тілін білмеуі кәдімгідей ойландыратын. 

Оның үстіне Қазақстан Компартиясының Орталық Комитетінің бірінші хатшылығына бұл елде тұрмаған, қазақ тілін білмейтін Геннадий Колбиннің тағайындалуы отқа май құйғандай болды. Жастардың алаңға шығуына осы жайттардың жиынтығы әсер етті.

- Брежнев, қазіргі Республика алаңына қалай тап болдыңыз?

- Мен №5 жатақханада тұрдым. Ол Брежнев алаңынан 200 метрдей жерде орналасқан. 16 желтоқсанда Орталық комитет пленумы болып, Қонаевтың орнына Колбиннің тағайындалғанын естіп, сол күні кеште алаңға бардық. Алаңда көп адам болды. Бізге оқу орны басшылығы мен комсомол комитеті «алаңға бармаңдар, оқудан шығып, сотталып кетулерің мүмкін»  деп ескерткен болатын. Бірақ ол ескертуге қараған адам болмады. Алаңға барғанымызда толған студенттер мен жұмысшыларды көрдік. Келесі күні, 17 желтоқсанда, ертемен барғанда алаңды милиция қоршап алыпты. Адамдар көп жиналған. Билік біздің тарауымызды талап етті. Бір генерал «бір сағат уақыт берем, болмаса курсанттарды жіберем» деді. Біраздан кейін шынымен шекара және басқа да училищелердің курсанттары пайда болды. Бірақ алаңдағы жастар қаймықпады. Болмағасын су шашатын машиналар әкелді. Салкын судан қаша бастадық. Сол кезде бір қыздар көпшілікке «Қазақтар, қашпаңдар!» деп ұрандатты, бұл бізге рух беріп, алаңға қайтып келдік... Сол күні машиналар өртенді. Бірақ оны жастар өртеген жоқ, ол арандатушылардың ісі еді. 

- Жарақат алғандар көп болды ма?

- 18 желтоқсанда жатақханамыздың алдында әскерлер легі пайда болды. Алайда біз ретін тауып сытылып  шығып, алаңға бардық. Сол жерде БТР-лер тұрды. Білмеймін, біреу әскерге тас па, бірдеңе лақтырды. Содан кейін қырғын басталды. 300-дей адаммен «Океан» дүкенінің алдында қоршауда қалып қойдық. Әскердегілер шерушілерді бір-бірлеп дубинка, арматурамен ұрып құлатып, сүйреп әкетіп жатты. Біз қоршауды бұзып шығуға әрекеттендік. Бір кезде өзіме арматураны сілтеп жатқанын көрдім, одан кейінгісі есімде жоқ. Есімді жисам, басымнан жарақат алған екенмін, қан бетімді жуып кетіпті. Бір қазақ милиция келіп, «Тұр, тұр, өлесің бе?» деп сүйемелдеді. Оның маған жаны ашып, «әскердің шет жағына апарамын, мені итеріп, қашып кет» деді. Мен солай жасап, кейін топқа қайта қосылдым. 



ЖАТАҚХАНАДАҒЫ СОЙҚАН

...Жағдай күрделеніп кетті. Әскерге төтеп бере алмай, жатақханаға қарай ойыстық. Жатақхананың есігіне кептеліп жатырмыз, жалаң қол студенттер не істесін қарулы әскерге. Ақыры әскер жатақханаға басып кіріп, көзіне көрінгенін, ұл-қызға қарамай ұрып-соғып жатты. Қыздардың шашынан сүйреп, азан-қазан шу, бас сауғалаған жастар. Әскерилер барлық қабатқа көтеріліп, есігін кілттеп алған бөлмелерге бұзып кірді. Оншақты жігіт болып бөлменің есігін іштен кілттеп, үстелмен тіреп, өткізбей жатырмыз. Онымыздан түк шықпады. Кейбіреулер терезеден секіріп жатты, олардың сынған жарақаттарына қарамай сабады, көздеріне қан толған әскерлер ешкімді аямайтын қатыгез күйде еді. 

Жазалаушы әскерлер кеткеннен кейін институттың ректоры мен деканы келді. Мен сияқты жарақаттанғандар көп екен. Біз дәрігерлік көмектен бас тарттық. «Сіздер алаңда емес, жатақханадан жарақат алдыңдар. Сондықтан ешкім тие алмайды. Әскердің жатақханаға кіруі заңсыз, сондықтан біз сіздерге көмектесеміз» деді институт басшылары. 

- Бұдан кейін қудалау басталды ма? Оқудан шығарды ма?

- Бәрін тексерді. Мені де шақырды. Мен оқудан шығып кетпес үшін алаңға бармағанымды, жарақатты жатақханадан алғанымды айттым. Оқудан шығармады. Бірақ бір курстас жігіт суретке түсіп қалған екен, оны оқудан шығарды. 

Бүгінде Орынғали Дүйсеев - жеке кәсіпкер. Атырауда тұрады. Бір ұл, бір қызы, немересі бар.    



Әңгімелескен Ләззат ҚАРАЖАНОВА  

Суреттерді түсірген автор

14 желтоқсан 2018, 12:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.