Әлеуметтік желілерде Атырау қаласының әр жерінде Жайықтағы мұз астынан өлі және әлсіз қалқып жүрген балықтар түсірілген бейнежазбалар пайда болуда. Өзен суы уланған ба екен деп тұрғындар алаңдаулы.
Демалыс күндері облыс әкімінің баспасөз қызметі балықтың қырылу себебін тергеу жөнінде орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі департаменті, бассейндік су шаруашылығы инспекциясы және қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің өкілдерінен тұратын ведомоствоаралық комиссия құрылғаны туралы ақпарат таратты. Өлі балықтарды зерттеумен облыстық ветеринарлық зертхана мамандары айналысуда.
Бұдан басқа, Жайықтан бірнеше балық пен су сынамасы алынып, Астанаға Ветеринария бойынша ұлттық референттік орталыққа жолданғаны белгілі болды.
10 желтоқсанда түскі уақыттағы ахуал бойынша, облыстық комиссия қорытындыларды жариялаған жоқ. Біздің Атыраудан сараптама жүргізуге қабілетті мамандар табу әрекетіміз жүзеге аспады, қоғамдық денсаулық сақтау департаменті мен балық шаруашылығы ҒЗИ филиалының басшылары өз зертханаларының токсикалық сынаманы зерттеумен айналыспайтындығын мәлімдеді.
Ал әзірге атыраулықтардың бірі әлеуметтік желілерде алаңдаушылық туғызған бейнежазбаларды тамашаласа, басқалары қала сыртындағы өзен ағысынан жоғары жақта – Махамбет ауданында сазанның, көксерке мен мөңке балықтарының қармақты жақсы қауып жатқанын, бұрын-соңды мұндай болмағанын айтуда. Жігіттер балықты қапшықтап аулап, үйлеріне әкеліп, көршілерімен бөлісіп жатыр екен. Ал қала базарлары балыққа толы. Бір нәрсе дұрыс емес сияқты...
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ