Бүгін, 6 желтоқсанда, таңертең Атырау көшелерін жылтыр мұз басты. Осының салдарынан мұнайлы астанада көлік қозғалысы қиындап кетті. Көктайғаққа байланысты Атырау халықаралық әуежайы уақытша жабылды. ТЖД, сондай-ақ, Астрахан трассасының жабылғанын хабарлады.
«Коммуналдық қызметтердің күшейтілген режимде жұмыс істеп жатқандығына қарамастан, қаланың барлық бөліктерін қамту мүмкін болмай жатыр», - деп хабарлайды Атырау әкімдігінің баспасөз қызметі. – Тайғақпен күресу үшін 200 жол қызметкері, 12 суарып жуу машинасы, 6 трактор-щетка, 2 құм шашыратқыш жұмылдырылды. Жолдар мен жаяужолдарға мол етіп құм, орталық көшелерге тұз ерітінділері төгілуде».
Таңертеңнен бері тайғақ салдарынан бірнеше жол-көлік апаты орын алды.
Бауыржан СӘРСЕКЕНОВ, Полиция департаментінің ЖПҚБ аға инспекторы:
- Қазіргі апаттардың негізгі себебі – жүргізушілердің бәрі бірдей қысқы дөңгелектерін ауыстырмаған. Қыс мезгілінде бұл үшін 9 910 теңге мөлшерінде айыппұл қарастырылады.
Фархат ӘБІЛОВ