«Жатақханада жатпаған студент емес» деп бекер айтпаған шығар. Студенттік өмірдің қызықты шақтарының бірі жатақханада өтеді десем қателескендік болмас. Жаңа орта, әр түрлі менталитет. Нағыз дос, сырлас бауыр тіпті өмірлік серігіңді сол жерден табуың мүмкін. Жақында жастық шағыма деген сағынышым елітіп, өзімнің төрт жыл жатқан Атырау мемлекеттің университеттінің №2 жатақханасына барып қайттым.
Алдымен рұқсатнамамды алып, коммендантпен әңгімелестім. Айтуынша, жатақхана екі жыл бұрын күрделі жөндеуден өткен. Студенттердің жатын орны, жиһазы, терезелері түгел ауыстырылған. Бес жыл бұрын ағаш терезелерді мақтамен бітеп, бөлмені жылытуға тырысқанымыз есіме түсті.
Бес этажды жатақхананың әр қатарында 4 кереуетті (екі қатарлы екі) 38 бөлме және екі ортақ ас үй бар. Сағат 17.00-ден 23.00-ге дейін кір жуу бөлмесі жұмыс істейді. Әр қабатқа wi-fi орнатылған.
Екінші қабаттағы ас дайындайтын бөлмеге кірдім. Ас үйде бірі бауырсақ, бірі қуырдақ, палау пісіріп жатты. Бұл қатарда Қытайдың Құлжа аймағынан келген 20 қазақ баласы жатады екен. Ұл-қыздар араласып, бір бөлмеде тамақтанады. Елдеріне бармағандарына 2 жылдан асыпты.
- Қытайдағы саяси ахуалға байланысты жазғы демалысымызды осында өткіздік. Арамызда шәкіртақы алатындарымыз бар, қажет кезде бір-бірімізге көмектесіп тұрамыз. Бұйырса, Қазақстан азаматтығын алуға жұмыстанып жатырмыз, осы жақта қалып жұмыс жасағымыз келеді, - дейді 2-курстың студенті Жасар НҰРДАНБЕК.
...Ауқаттанып ішіне ел қонғандар кешкісін улап-шулап дәлізге шыға бастады. Жатақхананың жазылмаған заңдылықтары бар. Көршіңмен тату болсаң ас көп. Дегенмен, кейде 50-60 теңгенің қытай кеспесімен де дос болатын кездер болады дейді олар. Айтпақшы, ет пен сүтті дорбаға салып терезеден шығарып қою әдісі қазір де бар екен. Өйткені ортақ тоңазтқыштан тамағыңды «сұрамай алып кету» жағдайлары болып тұрады екен. Ал бөлмеге жеке тоңазтқыш, теледидар қоюға тыйым салынған. Ортақ теледидар дәлізде тұр.
- Оқуым тегін. Жатақханаға жылына 20 мың теңге төлеймін. Осы бөлмеде Ақтаудың қыздарымен бірге жатамын, олар менің туысымдай болып кетті. Бөлмеге екі аптаға бір рет 1000 теңгеден ақша жинап тамақ аламыз,- дейді Шымкент қаласынан келген бірінші курс студенті Нұрила.
Студенттермен әңгімелесіп жүргенімде сағат 22:30 болды. Сыртқы есік кілттеніп, далаға шығу, кіру тыйылды. Дәліздің жарықтары өшіп, қараңғы бұрыштарда жатақханадағы ғашықтардың ғана қара көлеңкесі тұрды. Ай, жастық шақ...
Мен шығып бара жатып кезекшіге жатақхананың тірлігі күндізгіге қарағанда кеш батқандағысы қызық болғанын айтқанмын. «Сен түнгі бірден кейін келіп көр» деді. Кезекші мені шығармақ болып есік ашқан кезде «апай кешіріңізші, енді кешікпейміз» деп үш қыз қабаттаса кіріп келе жатты. Бұл да жиі айтылатын әңгіме еді-ау...
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Суретті және бейнежазбаны түсірген автор