Өзен жағалауының қала тұрғындарының сүйікті орны екеніне сенімдімін. Біріншіден, күннің ерекше көрініспен әдемі батқанын тамашалауға болады. Екіншіден, жылы мезгілде өзеннің шуылдаған толқындарын тыңдап, қыста – өзенді құрсаған шыныдай мөлдір мұзды тамашалаймыз. Үшіншіден, өзіңізді орнитологтай сезініп, су айдынынан таңғы, түскі немесе кешкі асын торуылдаған ақ шағалаларды бақылауға да болады.
Ал біздің жағалауымыздың күйіне назар аударар болсақ, осынау керемет әсерлердің бәрін жуып-шайып кетеді.
Алысқа барудың қажеті жоқ, кемшіліктер орталық көпір жанындағы жақын пирстен-ақ мен мұндалап тұр. Мысалы, алынып қалған темір қоршаудың орнына тақтайша сыммен бекітілген. Ал пирске апаратын баспалдақтар әлдеқашан бұзылып, тозығы жеткен. Пирсті тіреп тұрған кейбір бетон тіреуіштер құлап қалған. Пирс қаншалықты орнықты екен, оны басу қауіпті емес пе екен?
Екінші пирске айтар назымыз жоқ – қоршау бүтін, көтерілетін баспалдақтар да кейбір жерлері болмаса, жарамды күйде. Бір кемшілігі – балық өнімдерін сататын дүкенше орнатылған жер төсемі жырым-жырым: дүкен иелері оны неге жинап кетпеген?
Содан кейін жағалауда судан шошайып шығып тұрған бетон діңгектерге көзім түсті. Ұмытпасам, бұл жерде бір кездері пирс болып, оны кейін алып тастаған. Бірақ қадалары қалып қойыпты. Баспалдақ та түсініксіз, оны үстіне бетон құйғысы келгенге ұқсайды, шамасы, ешкім басып түспесін дегені шығар.
Жағалаудың басқа жерлерінен тұрбалар, үлкен бетон тақталар, тіпті, дөңгелектің тыстары кездесті. Мәселен, «Шағала» қонақ үйінің қасынан.
Ал мынау Авангард ықшамауданы жақтағы жағалау: бұл жерде қисық, құлап жатқан бағаналардың үстінен салынған бетон жолдар ұзын жолақ болып созылып жатыр.
Жағалауды қалпына келтіру жергілікті биліктің таяудағы жоспарында жоқ екенін айта кету керек. Менің бір кеңесім – серуендеген кезде аспан көгіне қарап, күн шапағын тамашалаңыз, олар сөзсіз керемет.
Анастасия АЛЮШИНА
Суреттерді түсірген автор