Атырау, 25 қараша 12:20
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Жайықты сақтау үшін Ириклинск су қоймасын алып тастау қажет. Бірақ бұл мүмкін емес

2 967 просмотра


Атырауда ҚР су саясаты бойынша ұлттық диалогы жұмыс тобының отырысы өтті. Оған су шаруашылығы, балық, орман шаруашылығы, табиғат қорғау және кеме қатынасы ведомостваларының өкілдері, сондай-ақ, қоғамдық ұйымдар қатысты. Мәжілісте негізінен Жайық суының тайыздығы туралы тақырып қозғалды.

2013 жылдан бастап Еуропалық Одақ пен БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясының қолдауымен елімізде су саясаты бойынша ұлттық диалог жүргізіліп келеді және ол су ресурстарын ұтымды пайдалану және қорғау бойынша ұсыныстар әзірлеу алаңына айналған.

- Орал-Көшім жүйесі және басқа су қоймалары салынып жатқан кезде, Жайық  ресурстарының сарқылғаны туралы айтылды. Сырдария өзені бойынша да осындай көрініс қалыптасқан, ал қазір шаруашылық мұқтаждықтарына кеңінен пайдалану салдарынан оның сағадағы ағын көлемі 10 еседей азайды. Сондықтан, Сырдарияда, атап айтқанда, оның Арал теңізіне құятын жерінде арнайы жоба әзірленіп, әлемдік қоғамдастық жұмылдырылды. Арал мен Сырдарияны бұрынғы деңгейге дейін қалпына келтіру мүмкін емес екені анық, дегенмен, ең болмағанда, қазіргі күйін сақтап қалу керек. Біз Жайық өзенінде де осындай шаралар алуға тиіспіз, - деді ҚР АШМ Трансшекаралық өзендер департаменті директорының орынбасары Мұхтар ЖӘКЕНОВ. - Жалпы, өзеннің бастапқы көлемін толық қалпына келтіру жолы бар, бірақ бұл үшін Жайық-Көшім жүйесін бұзып, Ириклинск су қоймасын алып тастау қажет. Алайда бүгінде мұның мүмкін еместігін бәрі де түсінеді.

Жәкеновтың айтуынша, 2016 жылы Жайық өзенінің экожүйесін сақтау үшін Қазақстан мен Ресей арасында келісімге қол қойылған. «Жайық-Урал» экологиялық қозғалысы» ҚБ төрағасы Елена ТАРАСЕНКО осы келісімнің орындалу нәтижелерін күтеді:

- Біз 20 жылдан бері жұмыс істеп келе жатырмыз және осы жылдар бойына біз Жайық бассейнінің экожүйесін сақтап қалу үшін қол ұшын беруге тырысып келеміз. Алдымызда өте күрделі, көп қырлы міндеттер тұр, өзен ағып жатқан үш облыстың - Орынбор, Батыс Қазақстан және Атырау тұрғындары осы міндеттердің шешімін күтіп жүр.

Атырау облысы әкімінің орынбасары Әлібек НӘУТИЕВ өңір үшін Жайықтың маңыздылығын атап өтті: өзеннің екі жағында бізде екі аудан мен облыс орталығы, барлығы 30-дай елді мекен орналасқан.

ҚР АШМ Жайық-Каспий су инспекциясының басшысы Ғалидолла ӘЗИДУЛЛИН:

- Көп адам Ресей бізге жеткілікті су бермейді деп ойлайды, бірақ олай емес. Жазғы уақытта 3,2 млрд текше метр көлемдегі Ириклинск су қоймасы бізге көмекке келеді. Биыл су бізде ғана емес, өзеннің жоғарғы жағында да аз болды. Қазақстан мен Ресей арасында 2014 жылы бекітілген хаттама бар, оған сәйкес жыл сайын су көлемі көрсетіледі. Біз оның орындалуына бақылау жасаймыз. Ресей тарапынан хаттаманы бұзу фактілері болған жоқ.

- Махамбет ауданындағы өзенде түзілген аралдарға қатысты не айтасыз?

- Бұл аралдар өзен тайыздығынан пайда болған. Жайықтың орташа көпжылдық көлемі 9,5 млрд текше метр, биыл көктемде тасқын ағыны 30% ғана құрады.

Мәжіліске қатысушылар Жайықтың ластануын азайтып, оның биоәртүрлілігін сақтау туралы бірқатар ұсыныстар әзірледі. Олар ҚР үкіметінің қарауына енгізілетін болады.

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА 

Суретті түсірген Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

4 желтоқсан 2018, 10:59

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.