Каспийді өнеркәсіптік игеру жұмыстары әлі алда. Ал ғалымдар болса, теңіз суынан металдың кейбір түрлері бойынша концентраттардың рұқсат етілген шекті мөлшерінің асып кеткендігін тіркеп отыр.
Бірнеше жыл қатарынан «Қазэкожоба» ЖШС облыстық табиғат ресурстары және табиғат пайдалану басқармасының тапсырысы бойынша Каспий теңізі мен оның жануарлар дүниесінің қазіргі күйіне зерттеу жүргізіп келеді. Ғалымдар бекіре тұқымдастар мен итбалықтарды, шабақтарды, сондай-ақ теңіз суының құрамына зерттеу жүргізді.
«Қазэкожоба» ЖШС өкілі, ихтиолог Асқар КАМЕЛОВТЫҢ айтуынша, зерттеу жұмысы Каспий суының орташа ластанғанын көрсеткен:
- Суда мұнай өнімдері мен металдар құрамының: мыстың, қорғасынның, никельдің және мырыштың болуына зерттеу жүргізілді. Судан мұнай өнімдері табылған жоқ. Металдардан тек мыстың ғана нормадан асқандығы анықталды. Каспийдің Солтүстік-Шығыс бөлігі бойынша жаппай емес, теңбілденіп ластанғаны байқалды. Біз қазір жағдайды бейнелейтін карта жасап жатырмыз. Негізінен ластану аймақтары Каспийге құйылатын Жайық пен Волга маңдарында анықталды.
Анағұрлым ластану су түбіндегі шөгінділерден байқалады. Тереңдеген сайын ластанады. Беткі жағында бәрі ағын сумен шайылып кетеді.
Қашаған, Ақтоты және Қайран кеніштерінің маңындағы теңіздің ластану деңгейі туралы сұраққа ихтиолог осы зерттеулердің нәтижелері мен ескі мұнай ұңғыларын су басқан аудандарда жүргізілген зерттеу материалдарының бүгінде жасақталып жатқанын айтты.
Камелов мұнай компаниялары мен мемлекеттік органдарда жұмыс жасау – қарама-қарсы жағдай деп мойындады. Мұнайшылар көп төлегенімен, зерттеу нәтижелері бірден жабық материал болып қалады. Ал бюджеттік ақшаға жұмыс істеген кезде әрбір тиын үшін есеп беруге және жұртшылықты жұмыстың қорытындысымен барынша хабардар етуге тура келеді. Айтпақшы, айта кетейін, өткен жылы Қазэкожобаның алғашқы зерттеулерінің қорытындысы бойынша жұртшылық тыңдауы болған кезде экологтар тарапынан зертеу жұмыстарының шала жасалғандығы сынға алынды. Камеловтің айтуынша, бұл тыңдаулар олар үшін үлкен сабақ болған.
Бір қызығы, Аджип ККО облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдаланушылар басқармасының өтінішімен ғалымдарға өздерінің теңіздегі автоматикалық стансалары туралы мәліметтерді еш түсіндірмесіз ұсынған. Сол себепті бұл материалдармен жұмыс істеу үшін ғалымдар тобын бөлуге тура келген.
Мұнай компаниясында нені басшылыққа алғандығы қызықты. Бәлкім, олар ғалымдар қиын да кірпияз жұмысқа кірісе қоймас деп үміт артқан ба? Әлде жәй ғана жергілікті тұрғындарды мазақ еткісі келді ме?
Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА